Атырау, 2 сәуір 08:06
 ашықВ Атырау +20
$ 503.15
€ 543.30
₽ 5.93

Тақтатас мұнайы: жаңа өндірістің келешегі бар ма?

1 061 просмотра
freepik.com

Бұған дейін Қазақстан Үкіметі биылдан бастап елімізде тақтатас мұнайы өндіріле бастайтынын хабарлады. Кероген мұнайы атауымен танымал бұл «қара алтын» түрі бізде алғаш рет бұрғыланғалы отыр. Оның көпшілік білетін қарапайым мұнайдан айырмашылығы бар ма, өндіріс шығыны қанша, экологияға зардабы тимей ме? Kazinform тілшісі осы сауалдарды негізге ала отырып, талдау жасап көрді.

«Қара алтын революциясы»
Ең алдымен, оқырмандарымызға түсінікті болу үшін «Тақтатас мұнайы деген не?» сауалға жауап іздейік. 2009 жылы Буэнос-Айрес қаласында өткен халықаралық газ конференциясында ВР корпорациясының басшысы Тони Хейворд тақтатас газын өндіруде бетбұрыс басталғанын, озық технология ашқан АҚШ «тақтатас революциясын» жасайтынын жария етті. Американың бірқатар белді компаниялары мұнай және газ өндіру саласындағы жаңа бағытқа белсене кірісті.

Тақтатас мұнайы көбіне жер қыртыстарында жатады. Оны өндіру технологиясы бойынша, жер қойнауының белгілі бір тереңдігіне жеткеннен кейін, көлденең бұрғылау басталады. Бұрғылау тереңдегі жер қыртысын қопара айыру керек, бұл тұста қабатты гидравликалық жарылыстар да жасалады. Ал тақтатас мұнайы жиналған жер қыртысын үгіту үшін орасан көп мөлшерде әртүрлі химикаттар қосылған су айдалады.

– Жалпы, мұнайдың өзі дәстүрлі және дәстүрлі емес болып екі түрге бөлінеді. Дәстүрлі емес санатқа осы тақтатас мұнайын жатқызамыз. Қазір әлем елдері тақтатас мұнайына көбірек көңіл бөлуде. Себебі дүниежүзінде дәстүрлі мұнай сарқылып жатыр. Бұның анық мысалын АҚШ-тан көрсек болады. Қазір Американың мұнай өндірісі бойынша Сауд Арабиясы мен Ресейді басып озып кетуінде тақтатас мұнайының үлесі орасан. 2000-жылдардың басында оларда дәстүрлі мұнай қоры күрт азайды. 2007-2008 жылдары олар жаңа технологияны қолданып, өндірісті қайта арттыра алды, – деп түсіндірді мұнай және газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов.

Оның айтуынша, қазір АҚШ-қа тиесілі мұнай өндірісінде тақтатас мұнайының үлесі - 70 пайыз. Қалған 30 пайызы – дәстүрлі мұнай. 2000 жылдардың басында дәстүрлі мұнайдың үлесі 90 пайыз болған еді. Демек, сол кезден бері тақтатас мұнайының өндірісі бұл елде 7 есе артқан.

Негізі әлемде тақтатас мұнайының қоры бойынша бірінші орында АҚШ емес, Ресей тұр, ал тақтатас газы бойынша Қытай алда. Бұл АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасының дерегі.

Енді «Қазақстанда тақтатас мұнайының қанша қоры бар?» деген сауалға келейік. Энергетика министрлігінің бізге берген жауабында алдағы уақытта дәстүрлі емес мұнай түрі Қарағансай кенішінен өндірілетіні жазылған. Бұл лицензияланған аумақ Ұлытау мен Қызылорда облысына тиесілі. Игеру жұмыстары «САУТС-ОЙЛ» ЖШС-ның меншігінде. Ведомство мәліметінше, Қарағансай аумағындағы тақтатас мұнайының қоры - 56,4 млн тонна.

Абзал Нарымбетовтің ойынша, тақтатас мұнайының ерекшелігі – мұнай дәуірін ұзартуында. Орта есеппен АҚШ күніне 13 млн баррель мұнай өндіреді, егер тақтатас мұнайы болмағанда, дәстүрлі мұнай өндірісінің межесі 4 млн баррель ғана болар еді. Қалған көлемді сырттан импорттап, Америка әлемде мұнай өндіру бойынша бірінші болмайтын. Сондықтан тақтатас мұнайының келешектегі маңызы ерекше.

Өндіріс шығыны қанша болмақ?
Негізі жалпы мұнай мен тақтатас мұнайы – барлығы бірдей «қара алтын». Ерекшелігі тек өндіру тәсілінде ғана. Кәдімгі мұнай жер астындағы үлкен «қоймаларда» жатады деп суреттейік, тік ұңғымамен шығара береді. Ал тақтатас мұнайы тығыз тау жыныстарында сақталады. Оны тігінен емес, көлденең бұрғылайды, гидравликалық жарылыстар арқылы «сығып» алады. Мұнай және газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов болса, «бұл процесс қымбатырақ және күрделі» екенін, бірақ «технологиялардың дамуы арқасында АҚШ мұнай өндіру көлемін айтарлықтай арттырғанын» жеткізді.

– Тақтатас мұнайының өзіндік құны бірнеше маңызды фактордан тұрады. Өндіріске кіріспес бұрын компаниялар геологиялық барлау мен лицензия алуға қаражат жұмсайды. Бұл тек алғашқы инвестициялар, онсыз жер қойнауында мұнай қоры бар-жоғын, оны өндірудің қаншалық тиімді екенін анықтау мүмкін емес.

Негізгі шығындарға ұңғыма бұрғылау және гидравликалық жару (фрекинг) технологиясы жатады. Тығыз жыныстардан алу үшін көлденең ұңғымалар бұрғыланып, оған жоғары қысыммен химикаттар араласқан су айдалады. Бұл қымбат процесс – бір ұңғыманы бұрғылау бірнеше млн долларға түсуі мүмкін, – дейді маман.

Сарапшы өндіру басталғаннан кейін де компаниялар тұрақты шығындарға тап болатынын айтады. Ұңғымаларды күтіп ұстау, қызметкерлердің жалақысын төлеу, химикаттар мен электр энергиясын сатып алу қажет. Тасымалдау мәселесі және бар. Көптеген тақтатас кен орындары ірі мұнай құбырларынан алыс орналасқан, сондықтан мұнайды автоцистерналармен немесе теміржол арқылы тасымалдайды. Яғни, шығындар артады.

– Тағы бір маңызды мәселе – тақтатас ұңғымалары тез таусылады. Бар-жоғы бірнеше жылдың ішінде олардың өнімділігі 70-90 пайызға төмендейді. Сондықтан өндіруді тұрақты деңгейде ұстау үшін компаниялар үнемі жаңа ұңғымалар бұрғылауы керек. Ол үшін тұрақты инвестициялар қажет. Тақтатас мұнайының өзіндік құны дәстүрлі мұнайға қарағанда әдетте жоғары болады, – дейді Асқар Исмаилов.

Маманның сөзімен келісуге болады, мәселен, біз жоғарыда елімізде тақтатас мұнайы табылған Қарағансай кенішінің қоры 56,4 млн тонна екенін айттық. Ал Қазақстанның жылдық мұнай өндірісі орта есеппен 90 млн тонна шамасында. Сонда Қарағансайдағы қор еліміздің жылдық мұнай өндірісінің 60 пайыз мөлшеріне ғана тең.

Дегенмен мұнай және газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов қазір тақтатас мұнайын өндіру шығындары азайып келе жатқанын сөз етті.

– Тақтатас мұнайының өзіндік өндіру бағасы бар. 2010 жылы барреліне 80 доллар болса, 2023 жылы бағасы 40-50 долларға төмендеді. Яғни, тақтатас мұнайын өндіру арзандады. Әрине, жаңа кен орындарында шығын көрсеткіші 60 долларға жетуі мүмкін. Бұл тұста ескерер дүние, мұнай бағасы барреліне 60 доллардан кем түсуі – бәрінен бұрын АҚШ-тың өзіне тиімсіз. Өйткені 70 пайыздан астам мұнайы тақтатасқа тиесілі, – деді ол.

Тақтатас мұнайын игеруге Қазақстанның тәжірибесі жете ме?
Жалпы, еліміз отандық мердігерлер арқылы бұл істі қолға ала алатыны анық. Дегенмен сарапшылар өндіріске шетелдік әріптестердің араласқанын құп көреді.

– Қазақстан 2010 жылдан бастап горизонтальдық ұңғыма қазу секілді технологияларды қолданып келеді. Тақтатас мұнайын өндіре алатын қазақстандық мердігерлер бар. Сондықтан отандық мамандардың тәжірибесі жеткілікті деп ойлаймын. Бірақ шетелдік мердігерлердің де келгені жөн. Олардың жаңа технологияларынан қалыс қалмағанымыз дұрыс. Бұл – бәсекелестіктің артуына себеп болады, – дейді Абзал Нарымбетов.

Алайда Асқар Исмаилов тақтатас мұнайын өз бетімізше өндіру қиындықтарға тап қылатынын болжайды. Дәстүрлі мұнай өндіруде тәжірибеміз мол болғанымен, тақтатас «қара алтынын» өндіруде мүлде басқа технология, арнаулы білім, жабдықтар мен өзгеше тәсілдер керек.

– Ең басты қиындық – гидравликалық жару әдісін меңгеру, онсыз тығыз жыныстардан мұнай өндіру мүмкін емес. Кәдімгі ұңғымалардан айырмашылығы, оларды үнемі бұрғылап отыру қажет. Бұл жұмыс қарқынының жоғары болуын және тиімді логистиканы талап етеді. Мысалы, АҚШ-та бұл процесс барынша автоматтандырылған, ал Қазақстанда мұндай жүйе әлі жолға қойылмаған, – дейді мұнай және газ саласының сарапшысы.

Тағы бір мәселе – инфрақұрылымның жеткіліксіздігі. Тақтатас мұнайын тиімді өндіру үшін кең жол желісі, мұнай құбырлары және пайдаланылған суды залалсыздандыруға арналған қуатты инфрақұрылым қажет. Қазір елде бұл инфрақұрылым толық қалыптаспаған. Егер оны дамытуға инвестиция салынбаса, өндіріс шығындары тым жоғары болып, жоба тиімсіз аяқталуы мүмкін. Сондықтан алғашқы кезеңде шетелдік әріптестерді тарту тиімдірек болатыны байқалады.

Климатқа, су ресурстарына, дүмпулерге әсері бар

Бір қызығы, қос сарапшы тақтатас мұнайын өндірудің экологиялық қауіптермен байланысы барын сөз етті. Ең басты мәселе – орасан көлемдегі су мен оған химикаттардың қосылуы.

– Тығыз жыныстардан мұнай алу үшін ұңғымаларға миллиондаған литр су, құм және арнайы қоспалар айдалады. Бұл тау жыныстарының арасын ашуға көмектеседі, бірақ жерасты су көздерінің ластану қаупін тудырады. Теориялық тұрғыдан алғанда, ұңғымалардағы қорғаныш қабаттары химикаттардың жер асты суларына өтуіне жол бермеуі керек, алайда тәжірибе көрсеткендей, жайсыз жағдайлар болған, – дейді Асқар Исмаилов.

Байқауымызша, жер астына айдалған суды кәдеге жарату да қиын. Өйткені жарылыстан кейін жер бетіне мұнаймен қоса, ауыр металдар, тіпті, радиоактивті элементтер араласқан сұйықтық шығады. Оны толық тазарту үлкен шығындарға соқтырады, сондықтан көбінесе бұл суды қайтадан жердің терең қабаттарына айдай салады. Алайда мұндай әдіс жер сілкіністерін тудыруы мүмкін. АҚШ-та тақтатас мұнайын қарқынды өндіретін аймақтарда сейсмикалық белсенділіктің артқаны байқалған. Әріптесінің сөзін Абзал Нарымбетов те құптайды.

– Америкада тақтатас мұнайын өндіру үшін су әзірлейтін арнаулы орталықтар бар. Ал су тапшы жерде оны шығару қиын. Бұл жерде бірақ біз тұтынатын күнделікті су емес, жер асты суларын пайдаланатынын ескерген жөн. Тапшылық болмайтындай жолдарын табуға болады, АҚШ осылай жүзеге асыруда.

Міне, осыдан экология тақырыбы шығады. Америкалық ғалымдардың нақты ғылыми дәлелі болмаса да, «тақтатас мұнайы өндірілген аймақтарда келешекте жер сілкінісі болуы мүмкін» деген болжамдары бар. Себебі өндіріс кезінде жер қойнауын жарғанда үлкен жарықшақтар қалады, – деп түйіндеді сарапшы.

Асқар Исмаилов өндірістің зардабы мұнымен бітпейтінін жеткізді. Тақтатас мұнайын өндіру кезінде метан газы бөлінеді. Бұл – көмірқышқыл газына қарағанда жаһандық климаттың өзгеруіне әлдеқайда күшті әсер ететін парниктік газ. Бақылау қатаң жүргізілгеннің өзінде, газдың белгілі бір бөлігі атмосфераға таралып, ғаламдық жылыну үдерісін күшейтеді.

Жалпы алғанда, тақтатас мұнайын өндіру экологиялық тұрғыдан ең қауіпсіз әдіс саналмайды. Жаңа технологиялар бұл қауіптерді барынша азайтуға бағытталуда, бірақ табиғатқа теріс әсерін толықтай жою мүмкін емес. Сондықтан өндіріс кезінде билік мердігерлерге қатаң талаптар қойып, компаниялар міндетін жауапкершілікпен атқарғаны дұрыс.

13 ақпан, 13:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.


16