Қызыл ала қандалалар қаланың әр ауданындағы үйлер мен пәтерлерді шабуылдауда. Тұрғын жайларын қандала қаптаған атыраулықтар қатты абыржулы. Біріншіден, олардың осыншама қаптап кетуінің себебі белгісіз. Екіншіден, осындай шектен шыққан басқыншылармен күрестің қалай жүргізілетіндігі түсініксіз. Сонымен қатар мұндай жағымсыз көршілестік неге әкеліп соғады?
Былтыр жазда халық арасында «солдатик» атанып кеткен осы жәндіктердің көбейгені байқалғанымен, адамдардың кейбірі ғана мазасызданған болатын. Шынымен, бір қарағанда зияны жоқ жәндік сияқты, тіпті кішкентай балалар да онымен қызыл қоңызбен ойнағандай болады. Бұл жағдай сол кезде «солдатиктер» өте көп қаптап кеткен үй иелеріне ғана ұнамады. Бірақ өткен жылғы өте көп деп қауіптенгендері биылғы көрсеткіштердің шаңын қауып қалды.
3 ықшам аудандағы №15 үй тұрғыны Мәрия НҰРМҰХАНОВАкүн сайын таңертең күрек толы жәндіктерді жинап алады.
- Мен 3 қабатта тұрамын, бірақ мыналар осыншама биікке де жетіп алады, - деп түсінбейді үй иесі. – Оздері кішкентай әрі қысылмайды, түріне қарасаң, жай қимылдайтын сияқты. Осы жерде бірнеше жылдан бері тұрғанмен, мұндай көп мөлшердегі жәндіктермен ешқашан кездесіп көрмеппін. Көршілерімнің де жағдайы осы. Бұл, әрине, үлкен апат емес, дегенмен түні бойы жыбырлап ұйқы бермейтін жәндіктермен бірге тұру мүмкін емес.
Бәрін білгіш google парақтарындағы мәлімет бойынша, «солдатиктер» қызыл қандалалар тұқымдасына жатады екен. Оларды «солдатик» қандалалар немесе қанатсыз қызыл қандалалар деп атайды. Олар ерте көктемде пайда болады, тұтасып өмір сүреді, өсімдіктер шырынымен, дәндерімен, уақ жәндіктермен, тіпті кейде өз бауырластарымен қоректенеді. «Солдатик» қандалалар зиянды жәндіктерге жатпайды, сондықтан мамандар оларға көп мән бере бермейді.
Дегенмен, біз кеңес алу үшін Атырау обаға қарсы станциясы аса қауіпті инфекциялардың алдын алу және эпизоотология лабораториясының меңгерушісі Федор САРАЕВҚА жолыққан болатынбыз:
- Олардың осыншама көбейіп кетуіне қолайлы ауа райы себеп болып отыр. Келесі жылы олардың саны қалыпқа келеді деп ойлаймын. Табиғатта мұндай құбылыстар орын алып тұрады. Олардан қандай қауіп бар дейсің? Үстел үстімен жүгіріп өтер, қолыңа қонар – қағып жіберсең болды емес пе? Әрине, өзіндік иісі қалар. Дегенмен үйлерін жәндік қаптап кеткен тұрғындарды түсінуге болады. Бұл – жағымсыз әсер. Қалай күресу керек? Айналадағы ағаштар мен бұталарды жәндіктерге қарсы арнайы химикаттармен бүркіп отыру керек.
АнастасияПАСТУХОВА