Бұл оқиғаның сюжеттік құрылымы бәрі үшін бақытты аяқталды: күнәсіз сәби ажалдан арашаланды, «біліксіз» құтқарушылар өз құжаттарына ие болды, ал жауапты тұлғалар жауапкершіліктен құтылып кетті...
БАСЫНДА БӘРІ КЕРЕМЕТ ЕДІ
Құдайға шүкір, бәрі де артта. Алайда көңілде кірбің қалды, өйткені сәттілік болмағанда, бұл оқиғаның соңы осылай жақсы аяқталмас еді. Алайда бұл тұжырымға қарсы уәж айтатындар да бар. «Су спорты түрлері бойынша облыстық команда» КМҚК директорының орынбасары, қарапайым тілмен айтсақ, «Мұнайшы» ДСК-дегі бассейн директорының орынбасары Бауыржан АҚЫНБЕК осы мәселе бойынша ең алғаш әңгімелескен адамым болды. Менің анықтайын деп келген ісім, газет өлшемдерімен қарағанда, ертеректе болған оқиға еді, мен мұны жазамын деп те жоспарлаған жоқ едім. Сондықтан да мен Ақынбекке жай ғана кәсіби қызығушылықтан кірген едім: оқиға рас па, немен аяқталды?... Басшы болған жағдайды баяндап берді:
- 6 шілдеде дұрыс жүзе алмайтын 10-11 жасар қыз, ата-анасының қарауынсыз (оны алып келген апай кішкентай балалармен шағын бассейнде суға түсіп жатқан) үлкен бассейнде суға түсіп жүреді. Қалай болғаны белгісіз, ол суға батып кетіп, 30 секундтай су астында жатады, абырой болғанда, оны біздің нұсқаушылар байқап қалады. Сол жолақта жүзіп жүрген ер адам қызды алып шықты. Біздің құтқарушылар алғашқы медициналық көмек көрсетті.
- Неге дұрыс жүзе алмайтын баланы тереңдігі 5,5 метрге дейін жететін бассейнге жіберген?
- Біз 16-ға толмаған балаларды ересектердің қарауынсыз суға жібермейміз, қыздың қасында әпкесі болды. Сонымен қатар, бұл қыз бізде 3 айдан бері шұғылданады, жүзуді де бізден үйренген (18 сағаттық жаттықтырушы өткізетін оқу курсы), курсты аяқтап, емтихан тапсырды деген сәйкесінше сертификаты бар.
- Қызды сіздің қызметкерлеріңіз құтқарды ма?
- Иә, олардың да сәйкесінше сертификаттары бар.
-Алайда мен оларды сол күні жұмыстан шығарып жіберді деп естіп едім...
- Ешкім жұмыстан шығарылған жоқ, бәрі жұмыс жасап жатыр. Ештеңе болған жоқ, қыз аман, бассейнге әлі келіп жүр, тіпті, оқиғадан кейінгі келесі күні қайтып келген...
Бассейн өкілінің ойдан шығарғандай қылып айтқан нұсқасы мені қанағаттандырмады: менің оқиғаны көзімен көрген бір танысым мүлдем басқаша айтып еді. Басшы сөзіндегі келіспейтін уәждер де сценарийді бұзып тұр: дұрыс жүзе алмайтын оқушыға сертификатты қалай береді?
АЖАЛДАН АРАШАЛАҒАН ЖАН
Мен «суға кеткен» қызбен таныстым, одан сәл бұрынырақ оның шын құтқарушысымен, нақтылап айтқанда, «EnermechLimited» компаниясы әкімшісінің көмекшісі Әсел ЗҮЛПІБЕКОВАМЕН танысқан едім. Ол алғашқы медициналық көмек көрсету курстарынан өтпеген, Түркістан қаласындағы №15 мектептен алған дағдысын еш жерде бұрын қолданбаған:
- Фархат Низамұлы Халиловқа көп рахмет! – дейді үлгілі оқушы АӘД бойынша мұғалімін еске алып.
...Ал мен АӘД сабақтарында тек жылдамдыққа автомат шашуды ғана үйреніппін. Адамға толы бассейннің ішінде Әселден басқа демсіз жатқан қызға көмек беруге ешкім бел бумағанына қарағанда, атыраулық мұғалімдерге түркістандық әріптестерінен тәжірибе алуға бару керек шығар. Міне, сол ұстаздарының арқасында Әселді Айда ХАМЗИНАНЫҢ екінші анасы деп атауға болады: ол 6 шілдеде оған екінші рет өмір сыйлады.
- Біз, ағам балаларымен, мен қызыммен, сол күні Жайыққа суға түсуге шықтық, - дейді Әсел. – «Мұнайшының» қасына келгенде, ағам кіріп шығуды ұсынды. Ауыстыратын аяқ киіміміз жоқ болғандықтан, күзетші бізді жібермеді. Алайда оның тілін тауып, жалаң аяқ ішке кірдік. Халық өте көп екен. Мен бассейнге ең терең жағынан келіп, баспамен түсіп келе жатыр едім, су түбінде аяқ-қолын созып, етпетінен жатқан қыз көзіме түсті. Мен жақын жерде жүзіп жүрген ер адамға қолыммен су түбіндегі қызды көрсеттім. Өкінішке орай, аты-жөнін білмеймін, алайда ТШО-да жасайтыны есімде қалыпты. Ол сүңгіп барып, қызды су астынан алып шықты. Сол кезде жағдайдың нашар екенін білдім – оны бассейн ернеуіне қойғанда, басын қатты соғып алды, бірақ ауырсынбады.
Оның айтуынша, қызды судан көріп, жерге шығарғанша 3-4 минут уақыт кеткен, ал су астында қанша жатқаны беймәлім. Әселді баланың қарашығы қозғалмай, бақырайып қалған көздері шошындырған. Клиникалық өлімнің белгілері анық байқалып тұр: тыныс алмады, тамыры соқпады, беті мен денесі көгеріп бара жатты, аузынан ақ көбік шыға бастады...
- Қарбалас басталды, адамдар, бассейн қызметкерлері жиналып қалды. Құтқарушылар денесін арқасынан алып, ішке қарай қыса бастады, ол екі бүктеліп, басы жерге тиді. АӘД сабақтары есіме түсіп, «арқасымен жатқызыңдар!» деп айқай салдым. Ағамның оларға «неге жасанды дем салмайсыңдар?!» деп айғайлағаны есімде. Жас жігіттер алғашында «бәрібір кеш» деп сылтауратқанмен, артынан «жасай алмаймыз» деп мойындады. Өзімізге жасауға тура келді. Кеудесінен бастым, көкірегі суға толып тұрғаны қолға білініп тұр, ішкі органдарын бүлдіріп алмайын деп те қорқып тұрмын. Жүрегіне массаж – дем салу, кері массаж – кері дем салу... Есімде, егер өліп қалса, менен көреді ғой деп те ойлап қоям... Әлі тіршілік белгісі жоқ, аузына ауа үрлеймін, кетпейді, тек үшінші рет жасағанда ғана тамағынан ауа өткізе алдым, әлсіз дыбыс шығып, аздап су ақты, содан кейін ол түшкіріп, тыныс алды, тамыры қайта соқты, қыз оянып, жылап қоя берді... Осы уақытта дәрігерлер де келіп үлгерді, Аида есін жиып, денесі қалыпты түске оралды. Дәрігерлер қызда клиникалық өлімнің белгілері болған деп айтты.
Әселдің ағасы құтқарушылардың әрекетсіздігіне ашуланып, суда құтқару қызметіне шағымданды, бірнеше рет бассейн әкімшілігіне өзі барып, оларды жұмыстан шығаруды талап етті. Ақыр соңында оған олар жұмыстан шығарылды деген хабар берді. Ал Әселдің үйіне қолдарына гүл шоғын, ынталандыру абонементін және адам өмірін құтқаруда көрсеткен ерлігі үшін деген грамотасын ұстап бассейн өкілдері келді. Сыйлықтарды, Әселдің айтуынша, осы Бауыржан Ақынбек табыс еткен.
АИДАНЫҢ МҮШЕЛ ЖАСЫ
2 тамызда, біз кездескен күні, екі рет дүниеге келген Аида 13 жасын атап өтіп жатты. Қазақтың жыл санауында бұл мүшел жас – қауіпті жас. Аида өмірінің бірінші табалдырығын сәтті аттады. Су түбіне қалай кеткенін өзі білмейді екен. Оның айтуынша, ол мүлдем жүзе алмайды екен. Сол күні ол жүзіп үйрену сабағына келген, курстың екінші аптасы жүріп жатқан. Алайда сабақ болмай қалды. Жаттықтырушысы Астана күніне арналған шараға қатысып жатыр екен, оны бассейнге келгеннен кейін білді.
- Неге сіздерге алдын ала хабарламаған?
- Әпкем де сұраған, бірақ олар өздері де білмегендіктерін айтты,- дейді талдырмаш денелі Аида. – Мен баспадан ұстап тұрып, суға түскім келді, көзімді ашсам, ауруханада жатырмын...
- Сен бұдан кейін де бассейнге бардың ғой?
- Жоқ, айта көрмеңіз, - деді ол онсыз да үлкен көздерін бақырайтып. - Мен бірнеше күн ауырдым, ұйықтай алмадым. Бірде сіңлімді алып бардым, алайда суға түсе алмаймын, әкем тыйым салды. Бізге бір аға телефон шалып, болашақта басқа да балалар зардап шекпеу үшін шағым жазуымызды сұрады. Алайда анам ешкімге қояр талап-тілегіміз жоқ деп жауап берді. Бассейннен де адамдар қандай көмек керек деп келген, алайда ата-анам: бізге еш нәрсе керек емес, ең бастысы балам аман деп жауап берді.
СЕРТИФИКАТТАРЫН СҰРАҢЫЗДАР
- Мен бұл оқиға туралы хабардармын, тіпті, істі прокуратураға дейін жеткізгім келген! – дейді ТЖД су-құтқару қызметі басшысының орынбасары Самат ҚҰМАШЕВ. Хамзиндерге телефон соққан адам осы кісі екенін бірден білдім.
Ол бассейнде болған оқиғаны көзбен көрген адамдардан естіген. Зардап шеккендердің мекенжайын да тауып алған, алайда отбасы шағым жазудан бас тартыпты. Ол болған оқиғаны заңды құбылыс деп санайды:
- Оқиға болған сәтте «Мұнайшы» бассейнінің алты штаттық құтқарушылардың бесеуінде құтқарушы сертификаттары болмаған, бірақ түйіндеме бойынша жұмысқа алынған. Олар спортшылар, бірақ дәрігерден бұрын медициналық көмек көрсету дағдылары жоқ. Мен бұл туралы бассейн басшылығына бірнеше рет ескерткенмін, алайда еш нәтиже жоқ.
«Атырау» ДСК әкімшілігі тарапынан да еш шаралар атқарылған жоқ. Егер жеке меншік бассейндерде нұсқаушылардың дәріс беруі ақылы болса, бұл екі КМҚК-да («Мұнайшы» мен «Атырау») дәрістер тегін. Алайда осы мемлекет балансындағы екі кәсіпорын, жеке меншіктерге қарағанда, судан құтқару талаптарын орындамай, өз құтқарушыларына зардап шеккендерге көмек көрсету тәсілдерін үйретпейді.
- Егер сіздерге осындай фактілер белгілі болса, ескертуден іске неге көшпейсіздер?
- Бізде ұсыныс беруден басқа еш құзыреттілік жоқ! – дейді Құмашев шарасыздан қолын жайып. – Құтқарушылар штатын қабылдайтын комиссия құрамына мені қосуды талай рет сұрағанмын, өйткені бір нәрсе болатын болса, жауап беретін біздер ғой. Бірақ еш нәтиже жоқ. Біз Аиданы құтқарған қызды да марапаттай алмаймыз – бассейн жағдайында қауіпсіздік үшін құтқарушылар жауап беру керек.
Сол күні көмек көрсете алмаған үш жігіт бассейнде әлі жұмыс жасап жатыр, алайда қазір олар жасанды дем салуды үйреніп алған болуы керек, - дейді Құмашев сенімділікпен. 17 шілдеде барлығы сертификат алды. Сол іс болып па: егер Ресейде құтқару тәсілдерін 10 күн үйрететін болса, бізде ТЖ министрлігі бекіткен бағдарлама 2 күнге белгіленген.
...Сөзімді түйіндей келе, балаларыңызды біреуге сеніп тапсырғанда, олардан, біздің жағдайымызда, суда құтқарушылардан сертификаттарын сұрау керек – аз да болса көңілге медет қой. Сонымен қатар, мейірімді періште келіп қақсын деп құдайға құлшылық етіп қойғанымыз да дұрыс шығар.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА