Атырау, 26 қараша 02:23
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Тұздыкөл туристік Меккеге айнала ма?

10 454 просмотра

Индер ауданындағы Тұздыкөл көлі ежелден емдік қасиетімен танымал, мұны дәрігерлер мен геологтар растайды. Мұнда жанына жалау, дертіне дауа іздеп келгендер саны жылдан-жылға артуда. Алайда, Тұздыкөлді дамыту үшін инвестиция тарту және оны туристер ағылатын орынға айналдыру мүмкін болмай отыр.

 

ТҰЗДЫКӨЛДІҢ КЕРЕМЕТІ

Жыл сайын тұзға түсуді дәстүрге айналдырған Индер ауданының тумасы, №7 Атырау қалалық емханасының бас дәрігері Ғазиз ЕСҚАЛИ Тұздыкөлдің емдік қасиеті туралыбылай деп әңгімеледі:

- Адам ағзасы тері арқылы өзінде жетпей тұрған микроэлементтер мен иондар, минералдарды қажетінше сіңіре алады. Тұздыкөлдің жағалауындағы қара балшық өте ерте заманда құрылған. 1938 жылы жазылған П. М. Татаринованың «Индер бораты» деген кітабында оны Юра, Бор дәуіріне апарады. Қара балшық минералдармен қатар гумус, ферменттерге өте бай. Олар адам денсаулығына өте пайдалы. Оның құрамы өсімдіктермен қатар жәндіктер, тіпті құстардың қалдықтарынан түзілген, құрамында гормондық заттар да бар (биологиялық белсенді гумус). Көлге түскен, я қонған жәндіктер кейін ұша алмай тұздалып, ешбір шімірікпестен ыдырайды және жел мен көлдің жағасында балшыққа айналады. Осыған қоса мұнда кездесетін неше түрлі минералдар, оның ішінде индерит, сатимуллит деген минералдар түзіледі. Олар дүние жүзі бойынша басқа жерде кездеспейді. Үстіртте, тау етегінде жусанның 110 түрі өседі екен. Ол бұлақ арқылы жуылып, көлге құяды.

 

ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

Көлдіңені- 12 км. Көлдің айналасында көптеген бұлақтар жатыр. Бұлақтар бастауын жыл бойына қар жататын үңгірлерден алады. Олардың ішінде атыаңызға толы «Қыз әулие» бұлағы ерекше саналады. Мұнда көбіне бала көтере алмай жүрген әйелдер түнеуге келеді.

Тұзды көлге шомылып, қара балшыққа түсу үшін адамдар мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен басқа, алыс шетелден де келеді. Алайда тұзды көлдің суы қандай ауруға ем болатынын, қандай жағдайда тыйым салынғанын көп адамдар біле бермейді. Біз бұл туралы дәрігер маманнан сұрап білдік:

- Тұзға түсуге ревматизм, остеохондроз, полиатрит, тері аурулары, әйелдердің жыныс мүшелерінің созылмалы қабыну ауруы, невроз ауруы, бедеулік, ұйқы безінің ауруы мазалайтын адамдарға (ұйқы безінің қызметі бұзылуы кезінде) т. б. рұқсат етіледі. Ал қан қысымы 200-ден асатын, инсульт, инфаркт алғандар, бүйрек, бауыр сырқаты барларға тұзға түсу өте қауіпті. Негізі тұзға бармастан бұрын әр адам өз денсаулығын тексертіп алғаны жөн. Және дәрігерлерден кеңес алса құба-құп, - дейді Ғ.Есқали.- Бүгінде ешкімге керексіз болып қалған тұз шахтасы туралы да айтқым келеді. 300 метр тереңдікте тұз қабатында орналасқан шахта өкпесі ауыратын және бронхиалды астмасы бар адамдарға бірталай ем ретінде көмек болар еді. Шахтада бірде-бір ауру туғызатын микроб өмір сүре алмайды. Біздер онда бактериологиялық зерттеу жүргізгенде, оның ауасының тазалығы біздің операция блогындағы ауадан таза болып шықты.

Ал байырғы геолог, академик Хасан ҚАМАШЕВ кезінде көлге түсетін уақыттың кестесін жасаған. Оның айтуынша, көлге кез келген уақытта баруға болмайды.

- Негізі ми қайнатар шілденің ыстығы ең қолайлы кезең болып саналады. Тамыздың бастапқы күндерін де пайдалануға болады. Қалай еткенде балшықтың қызған шағы - түске дейінгі сағат 11-ге дейін және түстен кейінгі сағат 5-тің шамасында барған жақсы, - деп кеңес береді академик.- Балшыққа көп жатуға болмайды, әрі кетсе, 15-20 минуттан кейін көл айдынына түсіп, күркіреуікке шомылады. Келушілер қалың киімін, қалпағын, көзілдірігін бірге ала келуі керек. Жел тигізбеген дұрыс және өте сақ болған жөн.

 

Индерит (ағылш. Inderite) Mg[B3O3(OH)5]•5H2O – бораттарға жататын минерал. Индердегі борат кен орнынан табылғандықтан осылай аталған. Алғаш рет ашқан – А.М.Болдырева. Түссіз кристалдар, үлкен тұтас бөліктері ақшыл, алқызыл болып келеді. Диапирді тұз күмбездерінде ертеден жинақталған тұздарды сілтісіздендіру кезінде пайда болады.

СЕРВИСТІК ҚЫЗМЕТ БОЛСА...

Бірнеше шақырым жерден ат арытып келгендер төсек көрпесін, тамағын, сусынын бірге арқалайды.

- Өзі сырқат адамдарға өрден төмен түсіп, қайта көтерілу оңай емес. Амал жоқ, шыдайсың, дегенмен қарттарға қиын, -дейді туристер.

Жеке кәсіпкер Дулат АЛПАМЫСОВ Тұздыкөл маңынан 2008 жылы 1 гектар жер алған. Қазір ол келген қонақтарға көл жағасында тігілген күркелерге тоқтауды ұсынады және болашақта басқа да сервистік қызмет түрлерін көрсетуді қолға алмақ.

- Біз мұнда шілденің басында келіп, жерін тегістеп, күркелерімізді жасақтадық. Мұнда ауыз су түгілі жуынуға арналған техникалық суды табудың өзі қиын. Сондықтан суды автоцистерналармен жеткіземіз, ал жарықты генератордың көмегімен жағамыз. Айдалада жатқаннан гөрі бізде жағдай бар: душ жұмыс істеп тұр, тамақ пісіретін қазан, самаурын отынымен дайын тұр, -дейді Д. Алпамысов.

Төрт кісілік күркеде 24 сағат болу - 8 мың теңге, ал 2 кісілік күркеде болу - 4 мың теңгеге шығады. Отын жағып, су ысытып беруді де кәсіпкер өз мойнына алған.

Тұздыкөлдің басында ауа-райы құбылмалы. Үнемі жел тұрып, топырақ борайды. Мұндай иен далада бұдан артық сервиске үміт арту қиын. Демек, бұл бағытта әлі көп жұмыстар жасалуы қажет.

АЖ АНЫҚТАМАСЫ                                                                Тұздыкөлдің жағасында ағып жатқан минералды бұлақтардың емдік қасиеті көне заманнан белгілі болған. Индердің тұзын зерттеу жұмыстары Ресей империясынан басталған, мұнда 1778 жылы академик ПАЛЛАС, 1804 жылы майор СОЗИ, 1927 жылы ВОЛКОВ басқарған экспедициялар, сәл кейінірек Ленинград қаласының Бүкілодақтық ғылыми зерттеу орталығы, Мәскеудің тау-кен институты және т. б. болып кеткен. 1938 жылы «Большая Эмба» деген кітапта ғалымдардың зерттеулері жарияланғанымен, басылым дұрыс насихатталмады, мамандардың арасында жабық күйінде таратылды.

- Индер ауданына әкім болып келгеннен кейін Тұздыкөл мен тұз шахтасын барып көрдім, - дейді Индер ауданы әкімі Серік АРЫСТАН. - Бұл мені қатты ойландырды. Тығырықтан шығар жол – қуатты инвестор табу. Жуырда Сенат депутаты Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ келгенде, осы жайтты айттым. Ол көмектеспек ниетте.Қаншама жерден жеке кәсіпкер жұмыс жасағысы келсе де, сервистік көмекті толық көрсете алмайды, себебі онда газ, электр желісі, су жоқ. Бұл инфрақұрылымдарды жасау арқылы медициналық тұрғыда қорғалған пансионат ашуға болар ма еді болашақта?...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

8 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.