Атырау, 26 қараша 03:00
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Жаңа бағдарлама жарылқайды

3 116 просмотра

Үстіміздегі жылдың шілдесінде Қазақстанда жаңа бағдарлама – Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020 өз жұмысын бастады. Бұл - 2009 бен 2010 жылдардың жол картасы және Жұмыспен қамту-2020 бағдарламаларының заңды жалғасы.

АУЫЛДЫ КӨРКЕЙТЕМІЗ

- Өткен бағдарламалардың нәтижелеріне талдау жасалды, -дейді Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары Гүлмира ШӘКІРОВА. Сондықтан да өзіне өте тиімді механизмдер мен құралдарды қоса алған жаңа бағдарлама ыңғайлы болады деп сеніммен айта аламыз. Енді ауылда жұмыс орындарын ашуға көп көңіл бөлінеді, өйткені мұнда жұмыссыздар мен тиімсіз іспен шұғылданатындар саны қаладағыдан артық.

Жол картасының үш бағыты бар. Біріншісі – инфрақұрылым мен ТКШ-ні дамыту есебінен жұмыспен қамту. Әрине, бұл бағыт тек қалада және жоғары, орта әлеуметтік экономикалық даму әлеуеті бар ауылдарда ғана тиімді жұмыс жасай алады. Республикалық бюджеттен білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт нысандарын салуға, қайта жарақтауға, ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізуге, қалалық, кенттік және ауылдық көлік жолдарын, су құбыры, кәріздік желі, газ, жылу және электрмен қамту сияқты нысандарын салуға, қайта жарақтауға және жөндеуге, сондай-ақ, көшелерге жарық беру мен көгалдандыруға, иесі жоқ нысандарды бұзуға, балалардың ойын алаңқайларын салуға ақша бөлінеді.

Шынында да, жақсы идея. Егер бюджет ақшасы жетсе, шалғай елді мекендерді қалыпқа келтіріп, бір жағынан адамдарға жұмыс тауып беруге болады.

 

ИДЕЯМЕН САҒЫЗҒА

Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020 бағдарламасының екінші бағыты – ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыспен қамту. Бұл бағыт екі тармақтан тұрады. Бірінші – ауылдағы бизнесті 3 млн теңгеге дейін шағын несиелеу (жоғарғы пайыздық мөлшерлеме – 7%). Сондай-ақ, инженерлік коммуникацияның жетіспейтін нысандарын салуға, технологиялық жабдықтарды алуға да 3 млн теңгеге дейін қаражат бөлінеді. Кәсіпкерлер, сол сияқты, қажетті жабдықтарын лизингке ала алады және екінші деңгейлі банктер ұсынған несиелер мен лизингтік шарттар бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидияландыру қызметтерін пайдалана алады. Екінші тармақ ауыл кәсіпкерлігін өрлету және тірек ауылдарды кешенді дамыту арқылы жұмыспен қамтуға бағытталған.

Біздің облыста 11 тірек ауылдық елді мекен белгіленді. Биыл пилоттық режімде жұмыстар Қызылқоға ауданының Сағыз селосында басталады. Сағыз селосы үшін Жол картасында қарастырылған барлық құралдар шектеусіз қолданылатын болады.

Сағыз үшін ауылды кешенді дамытудың шеберлік жоспары әзірленді. Бұл бизнестің ең тиімді бағыттары, қажетті инфрақұрылым, кадрлар қажеттілігі және тағы басқа. Сағыздан өз кәсіпкерліктерін ашқысы келгендерге шағын несиелеу аясында 5 миллион теңгеге дейін несие алуға болады. Мұнда бағдарлама қатысушыларын таңдауда басымдық нақты ойластырылған идеяларға беріледі.

 

ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН ЖАТАҚХАНА

Жаңа жол картасының үшінші бағыты – оқыту мен көшіру арқылы жұмыспен қамту.

Үшінші бағыт шеңберінде жұмыссыздарды жұмыспен қамту орталықтары арқылы тікелей жұмысқа орналастыру, даярлау, қайта даярлау, кадрлардың біліктілігін арттыру, даму әлеуеті төмен елді мекендерден азаматтарды көшіру, жастар практикасы және әлеуметтік жұмыс орындары сияқты шаралар жалғасын табады.

- Енгізілген жаңалықтар туралы айтсақ, енді жұмыссыздарды оқытуға немесе кері оқытуға тек жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша жіберетін боламыз. Жұмыс беруші жұмыспен қамту орталығынан немесе жеке агенттіктен бағдарлама қатысушысы мен оқу орнын өзі таңдай алады (ҚР аумағында). Бағдарлама қатысушыларына оқу кезінде бұрынғыдай оқу орнына дейін келу жолақысы мен тұрғын жері (басқа қалалар мен ауыл тұрғындарына) шығындары өтелетін болады. Оқу орнын таңдауда басымдық оқу үдерісінің көп бөлігі тәжірибеге бөлінетін дуальды оқу орындарына беріледі,- деп түсіндірді Г. Шәкірова. - Әлсіз экономикалық әлеуеті бар елді мекендерден көшуге келетін болсақ, азаматтар бұл мүмкіндікті егер оларда тұрақты жұмыс орындары бар болып немесе нақты инвестициялық жобаларға қатысқан жағдайда ғана пайдалана алады. Сондай-ақ, жұмысшы жастар үшін жатақхана салу идеясы да бар. Осындай жатақханадан бөлме алғысы келген жас адам міндетті түрде жұмыс жасайтын болуы және «Қолжетімді баспана» бағдарламасының қатысушысы болуы керек. Өте жақсы идея, өйткені баспанаға қолы жеткен жастарда өз үйлеріне ақша жинау мүмкіндіктері пайда болады.

Бағдарламаның барлық бағыттары бойынша негізгі күш кәсіпкерлік қызметті дамытуға салынатын болады. Бұл жерде атыраулықтардың шағын несиелерге деген сұранысының жыл сайын артып келе жатқанын да айтып өткен жөн. Егер 2011 жылы 200 адам 200 млн теңге көлемінде жеңілдіктері бар қарыз алса, 2012 жылы 1000 адам 2 млрд теңге несие алған. Келесі жылы біз 3 млрд теңге шағын несие беруді жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар, әрине, жұмыссыздарды тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша да белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Айтпақшы, жұмыс ісздеп жүрген адамдарға дәстүрлі жәрмеңкелерді күтудің қажеті жоқ.. Үнемі жаңаланып отыратын барлық ваканцияларды www.atyrau.gov.kz cайтынан қарауға болады.

Тамара СУХОМЛИНОВА

8 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.