
«Ақ Жайық» редакциясы Атырау облысында «Сергектер», «Кибершерифтер» және басқа да заманауи бейнебақылау жүйелерінің болуы ереже бұзушылар санының азаюына әсер ете ме, жоқ па, анықтаған еді.
Бірақ алдымен сандарға көщ салайық. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2024 жылы Атырау облысында жол саласында жалпы сомасы 5 млрд 441 млн 317 мың 885 теңгеге 435 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелген.
Салыстыру үшін айтар болсақ, 2023 жылы айыппұл сомасы 3 миллиард 229 миллион 579 мың теңге болса, 2022 жылы 1 миллиард 92 миллион 430 мың теңгені құраған. Осылайша, екі жыл ішінде сома шамамен 36%-ға өскен.
Айыппұл төлеушілерге келетін болсақ, өсім де байқалады: 2022 жылмен салыстырғанда айыппұл төлеушілер саны шамамен 51,9%-ға өскен.
Дегенмен, бұл миллиард теңгелік айыппұлдар Атырау жолдарындағы тәртіпті жақсартуға көмектесті ме?
2024 жылы жол-көлік оқиғасы салдарынан 96, 2023 жылы - 94, 2022 жылы - 97 адам көз жұмды. Яғни, бірде-бір заманауи бейнебақылау жүйесі ереже бұзушыларды ақылға салмады, жалпы, Атырау облысының қайғылы көрсеткіштерін азайта алмады. Ал өндірілген айыппұлдар саны жергілікті бюджетті айтарлықтай толықтырды.
Бізді таң қалдырған тағы бір көрсеткіш тек 2025 жылдың қаңтарында өндірілген сома болды. 1 қаңтар мен 26 қаңтар аралығында облыста 21 мыңға жуық жол жүру ережесін бұзушы тіркелді. Олар мемлекетке 270 миллион 948 мың теңге төлеуі тиіс. 2025 жылдың бір айындағы жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандардың саны да таң қалдырады. Бес адам қаза тапқан.
Жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды: жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін салынатын айыппұлдар санының айтарлықтай көбеюі жолдардағы ереже бұзушылар санын азайтпады. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтардың саны өсуде, ал жол-көлік оқиғалары мен құрбандар саны өткен жылдар деңгейінде қалып отыр. Бәлкім бұл мәселе үшін басқа тәсіл қажет шығар? Тек жүргізушілерге ғана емес, жол инфрақұрылымына да назар аудару керек болар.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА