Осыдан жеті жыл бұрын бұл алма бағы 6 гектар жерді алып жатқан болатын. Ал қазір бақтың көлемі 150 гектарға дейін жеткен. Қызара піскен алмалар да көздің жауын алып тұр.
- Бір кезде бұл жерде жабайы өсімдіктер қаулап тұрған еді,-дейді «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығының басшысы Владимир РОЗМЕТОВ (суретте).- Осындай елсіз, иен далада жеміс ағашы өседі дегенге ешкім сенгісі келген жоқ. Тіпті бұдан бірер жыл бұрын осы өңірдің топырағын зерттеген голландық мамандар алма ағашының бүр жарып тұрғанына таңданыс білдірген. Ал мен бақтың жайқалып шыға келетініне әрдайым да сенген едім.
Бүгінде Розметовтың бағында алманың 32 түрі өсіп тұр. Тамшылатып суару әдісін қолданатындықтан арам шөпті көрмейсің. Былтыр мұнда 400 тонна алма жиналды. Биыл одан да көбірек жиналады деп үміттенеді.
- Мен бірнеше сортты алма ағашын отырғыздым. Қайсысы жерсініп, мол өнім алынатынын көру үшін тәжірибе ретінде еккенмін. Ал олардың бәрі бірдей өсіп жатыр. Бірақ, шегіртке көп. Биыл қарбызды түк қалдырмастан жеп кетті. Енді қалған егінді аман сақтап қалуым керек, -дейді Розметов.
Сатып алушылар да өздерін көп күттірмейді. Көбіне өздері тікелей алма бағымен таныс шаруашылыққа келеді.
- Бұл базар бәсінен төмен және дәріленбеген таза алмалар. Түрлі тыңайтқыштарды қолдана беруге де болмайды. Сиырдың көңін жылдар бойы көміп тастап, кейін тыңайтқыш ретінде бақшаға пайдалануға болады. Бұл арзан әрі ешқайда барудың қажеті жоқ.
Сарайшық селосының жұмыссыз тұрғындары бұл шаруа қожалығында өз нәпақаларын тауып жүр. Олар күніне 2 000 теңге табыс табады. Және арзан бағамен жеміс-жидек пен көкөніске қол жеткізе алады.
- Бұл науқандық жұмысқа тұрақты жұмысы барлар да келеді. Өйткені мұнда қолма-қол ақшаны сол бойда төлейді. Сондықтан бұл ауыл тұрғындары үшін табыс табатын жақсы мүмкіндік, - дейді Сарайшық селосы округінің әкімі Алмажай МАСТЕКОВА.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА