Ажырасу ерлі-зайыптылар үшін өте ауыр процесс, әсіресе егер жұптың балалары бар болса. Сондықтан адамдардың процедураны дұрыс ресімдеп, тез өткізгісі келетіндігі таң қаларлық іс емес. Бірақ заңды білімі жоқ адамдарға тіпті ажырасуға арыз жазудың өзі де қиын. Ренішті ерлі-зайыптылар арызда өкпе-наздарын үйіп-төгіп, міндетті түрде көрсетілуі қажет ақпаратты назардан тыс қалдырады. Алимент алуға арызды қалай ресімдеу керек, мүлікті қалай дұрыс бөлу қажет және егер жұптардың ажырасқанын қаламайтын туыстары процесстің бастамашыларынан сотқа шақыртуды жасырса,не істеу керек? Осы сұрақтарға адвокат Гүлсім САБЫРОВА жауап берді.
– Ресми түрде некеде бармын, бірақ іс жүзінде балам дүниеге келгеннен кейін ауылда ата-анаммен бірге тұрамын. Ажырасуға арыз бергім келген, процесс тезірек өтсе екен деймін. Алиментке арыз жазғым келмейді. Егер мен қазір ауылда болсам, ал күйеуім қалада тұрса, арызды қайда берген жөн? Қазір ажырасу процесі қанша уақытқа созылады? Қандай жағдайда татуласу үшін көп мерзім береді?
– Кейбіреулер ажырасу процедурасынан тез өтіп, дос боп қалады. Бірақ көбінесе ажырасу екі жақ үшін де ауыр болады. Некені бұзу «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексімен (әрі қарай – Кодекс) реттеледі. Ерлі-зайыптылардың анасымен бірге тұратын кәмелетке толмаған ортақ балалары бар болғандықтан, некені бұзу туралы талап арызды ол өзінің мекен-жайы бойынша аудандық сотқа бере алады.
ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің (АІК) 32-бабының 7-тармағына сәйкес, некенi бұзу туралы талаптар талап қоюшының кәмелетке толмаған балалары тұратын немесе денсаулық жағдайы бойынша талап қоюшының жауапкер тұратын жерге баруы ол үшiн қиындық келтiретiн жағдайларда да оның тұрғылықты жерi бойынша қойылуы мүмкiн. Некені бұзу туралы азаматтық істер жалпы санаттағы істерге жатады. ҚР АІК-нің 174-бабының 1-тармағына сәйкес, мұндай азаматтық iстер iстi сот талқылауына әзiрлеу аяқталған сәттен бастап екi айға дейiнгi мерзiмде қаралып, шешiледi. Бірақ егер жұбайы бұзуға келісім бермесе, іс жарты жылға дейінгі мерзімге созылуы мүмкін (Кодекстің 20-бабы). ҚР Жоғарғы сотының «Соттардың некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы iстердi қараған кезде заңды қолдануы туралы» нормативтік қаулысының (әрі қарай - Қаулы) 10-тармағында бұл туралы толық жазылған: Соттар Кодекске сәйкес, егер некенi бұзуға ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң келiсiмi болмаған жағдайда ғана, ерлi-зайыптыларды татуластыру шараларын қолданады. Сот бұл мақсатта iстi шешудi кейiнге қалдырады және оларға татуласуы үшiн заңда белгiленген алты ай мерзiмдi тағайындайды. Iстi қарауды кейiнге қалдыру бiрнеше рет қайталануы мүмкiн, бiрақ ерлi-зайыптылардың татуласуы үшiн берiлген жалпы мерзiм алты айдан аспауы тиiс. Сот нақты мән-жайларды және орынды себептердi ескере отырып, ерлi-зайыптылардың немесе олардың бiрiнiң арызы бойынша татуласуға берген мерзiмiн өзгертуге және iстi сол мерзiм өткенге дейiн қарауға құқылы.
Сонымен бiрге, аталған жағдайларда ерлi-зайыптылардың алауыздықтары ұзаққа бармай және араларындағы кездейсоқ себептермен туындаған жанжалдары, сондай-ақ салмақты дәлелдермен расталмаған олардың бiреуiнiң немесе екеуiнiң де некенi жалғастыруға ниеттерiнiң болмауы некенi бұзуға жеткiлiктi негiз болып саналмайды. Сот тек қана ерлi-зайыптылардың бұдан әрi бiрге өмiр сүрiп, отбасын сақтау мүмкiн болмаған жағдайда ғана, некенi бұзу жөнiндегi талапты қанағаттандыруға құқылы.
– Ажырасуға арызды қалай ресімдейді: ажырасуға және алиментке арызды бірден жазу керек пе, әлде бұл екеуі екі түрлі арыз ба?
– Некені бұзу туралы талап арыз АІК-нің 150-бабының талаптарына сай келуі тиіс. Соған сәйкес, талап арыз сотқа жазбаша нысанда немесе электронды түрде (талап арыз берушінің сандық қолтаңбасы қойылады) берiледi.
Талап арызда арыз берiлетiн соттың атауы, талап қоюшы туралы мәліметтер (туған күні, оның тұрғылықты жерi, тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенi туралы мәлiметтер, ұялы телефон нөмірі мен электронды мекен-жайы), сондай-ақ, егер арызды оның өкiлi берсе, өкiлдiң бүкіл мәліметтері, жауапкердiң бүкіл мәліметтері, талап қоюшының құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерiн және оның талап қою талаптарын бұзудың немесе бұзу қаупiнiң мәнi; талап қоюшы өзiнiң талаптарын негiздейтiн мән-жайлар және бұл мән-жайларды растайын дәлелдемелер; арызға қоса тiркелетiн құжаттардың тiзбесi көрсетiлуге тиiс. Арызда дауды шешу үшiн маңызы бар өзге де мәлiметтер көрсетiлуi, сондай-ақ талапкердiң өтiнiшi баяндалуы мүмкiн. Сонымен қатар, екеуінiң (ерлі-зайыптылықтың) қашан, қайда тiркелгенi, ортақ балалары бар ма, олардың жасы, ерлi-зайыптылар кәмелетке толмаған балаларының қайсысы кiммен бiрге тұратыны туралы келiсiмге келдi ме, балаларды және (немесе) еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайын асырауға арналған қаржыны төлеу тәртiбi туралы, оған жұмсалатын қаражат мөлшерi туралы немесе ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы, некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу кезiнде оны бұзуға өзара келiсiм болмаған жағдайда оны бұзудың себептерi, некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы талаппен бiрге басқа да талаптардың қойылған-қойылмағаны көрсетiледi.
Некені бұзу туралы және алиментті өндіру туралы талаптар талап арызда бір уақытта және бөлек қойылуы мүмкін. Ажырасу туралы талап арыз екі тараптың қатысуымен сот отырысының барысында қаралатын болады, алиментті өндіру туралы арыз тараптардың шақыртылуынсыз (яғни, істі сот отырысында қарамай), үш күн ішінде сот бұйрығы шығарылып, оның көшірмелері тараптарға жіберіледі. Егер сот бұйрығының көшірмесін алған күннен бастап 10 күн ішінде борышкер сотқа жазбаша қарсылығын жазбаса, құжат заңды күшіне еніп, сот орындаушының орындауына жіберіледі. Әдетте сот бұйрығының түпнұсқасы өндірушінің қолына сот орындаушысына өзі беруі үшін берілетін. Бірақ егер соттың өзі сот бұйрығын орындауға жібергенін қаласаңыз, мұны өз арызыңызда қосымша көрсетуіңіз керек. Сот бұйрығына жазбаша қарсылық түскен жағдайда, ол сот ұйғарымымен күшін жойып, оның көшірмелері екі тарапқа жіберіледі. Бұл жағдайда әйелінің бала кәмелетке толғанша кез келген уақытта талап арыз беруге толық мүмкіндігі болады. Мәселен, сот отырысының барысында некені бұзу туралы талап арызға қосымша бере алады.
Әдетте сотта осы екі талапты жеке ұсынады. Бірақ егер сіз өз құқығыңыз туралы білмесеңіз немесе алиментке беру керек пе деп ойлансаңыз, сот заң талаптарына сәйкес сот отырысында бәрібір осы мәселені анықтайтын болады. Бұл мүлікті бөлісу мәселесіне де қатысты. Қаулының 5-тармағына сәйкес, некенi сот тәртiбiмен бұзған кезде ерлi-зайыптылардың бiр-бiрiне қоятын жеке мүлiктiк талаптары бар екені және еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайын күтуге арналған төлемдер туралы қарастырылады.
Талап арызда некені бұзу туралы, алимент өндіру және мүлік бөлісі туралы талаптардан басқа, өзге де талаптар көрсете аласыз: мәселен, балалардың қайда тұратыны, олардың бөлек тұратын ата-анасымен байланысу тәртібі, екінші жұбайынан ақша қаражатын алуға құқығы және т.б. Егер ерлі-зайыптылар келісімге келе алмаған жағдайда, сондай-ақ, осы келісім балалардың немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің мүдделерін бұзатындығы анықталған жағдайда, сот неке бұзылғаннан кейін кәмелетке толмаған балалар ата-аналарының қайсысымен тұратындығын, ата-аналардың қайсысы және қандай мөлшерде балаларды күтіп-бағуға алименттер төлейтінін айқындауға міндетті.
– Некені бұзу туралы талап арызға қандай құжаттар тіркеу керек?
– АІК-нің 151-бабына сәйкес, талап арызға: 1) жауапкерлер мен үшінші тұлғалардың санына қарай талап арыздың көшірмесі; 2) мемлекеттік баж төлеуді растайын құжат (некені бұзу туралы талап арыздан АЕК-тің 30 пайызы мөлшерінде мемлекеттік баж салығы алынады, қазіргі кезде 520 теңге); 3) өкілдің өкілеттігін куәландыратын сенімхат немесе өзге де құжат; 4) талапкер өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар, егер көшірмелер оларда болмаса, жауапкерлер мен үшінші тұлғалар үшін бұл құжаттардың көшірмелері; 5) талапкердің мерзімді кейінге қалдыру, ұзарту, сот шығындарын төлеуден босату немесе олардың мөлшерін азайту туралы, талап қоюды қамтамасыз ету, дәлелдемелерді талап ету туралы өтініші және, егер олар талап арызда жазылмаған болса, басқалар да қоса тіркеледі. Электрондық құжат нысанында берілетін талап арызға осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттардың электрондық нысандағы көшірмелері қоса беріледі. Неке бұзу туралы талап арызға неке туралы куәліктің түпнұсқасы, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері, ерлі-зайыптылардың табысы мен басқа табыс көздері туралы құжаттар, өзге де қажетті құжаттар тіркеледі.
– Бірге тұрған, яғни некеде болған кезде алынған пәтер қалай бөлінеді? Егер қазір мен ауылда болсам, ал біздің пәтеріміз қалада болса, мүлікті бөлу туралы арызды қалай және қашан беру керек?
- Өкінішке орай, ең қиын шешілетін нәрсе – ерлі-зайыптылардың мүлігін бөлу туралы даулар. Жоғарыда айтылып кеткендей, пәтерді бөлу туралы талапты талап арыз беруші неке бұзылғаннан кейін кез келген уақытта некені бұзу туралы талап арызбен бірге немесе бөлек бере алады. Сіз пәтер бөлу туралы талап арызды некені бұзу туралы талап арызбен бірге өзіңіздің мекен-жайыңыз бойынша аудандық сотқа бере аласыз. Бірақ, егер пәтер қалада болса, сот екінші талап арызды жеке өндіріске, яғни, жеке азаматтық іске бөлуге және оны қалалық сот қарауына жіберуге құқылы. Өйткені АІК-нің 32-бабына сәйкес, жылжымайтын мүлікке құқықтар туралы талап арыздар ерекше соттылыққа жататын талап арыздарға жатады және осы жылжымайтын мүлік орналасқан жер бойынша қаралуы тиіс.
Кодекстің 33-бабында ерлi-зайыптылар некеде тұрған кезінде жинаған мүлiк, егер Кодекстің 39-бабында басқа режим – неке шарты жасалмаған болса, оның кімнің атына тіркелгендігіне немесе ерлі-зайыптылардың қайсысы ақша салғанына қарамастан, олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады делінген. Кодекстің 37-бабына сәйкес, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу ерлi-зайыптылардың кез келгенiнiң талап етуі бойынша некеде тұрған кезеңiнде де, ол бұзылғаннан кейiн де жүргiзiлуi мүмкiн. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi олардың келiсiмi бойынша ерлi-зайыптылар арасында бөлiнуi мүмкiн. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлiктi бөлу туралы келiсiмi нотариатта куәландырылуға тиіс. Дау туған жағдайда ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу, сондай-ақ ерлi-зайыптылардың осы мүлiктегi үлестерiн айқындау сот тәртiбiмен жүргiзiледi. Талап арыз беру мерзімі бұл жағдайда үш жылды құрайды. Бірақ Қаулының 20-тармағына сәйкес, некесi бұзылған ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгiн бөлу туралы талап қоюдың үш жылдық өту мерзiмiн неке тоқтатылған шешiм заңды күшiне енген күннен немесе неке тіркеуші органдарда бұзылған кезде - азаматтық хал-актiлерiн тiркеу кiтабында тiркелген күннен бастап емес, жұбайлар өз құқығының бұзылғандығы туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап есептелетіндігін есте ұстаған жөн.
Талап арызда бөлуге тиесілі бүкіл мүлікті көрсету керек. Талап арызға мүлікке құқығын анықтайтын және куәландыратын құжаттар (сату-сатып алу, айырбастау, жекешелендіру және т.б. келісімшарттары, пәтердің техникалық төлқұжаты, жерге мемлекеттік акт, көлік құралын тіркеу туралы куәлік және т.б.) тіркеледі. Осы құжаттар талап арыз берушіде жоқ болған жағдайда, талап арызда осы құжаттарды жауапкерден талап ету туралы қосымша өтініш жазу керек. Сотқа дейін тиісті бағалаушы компанияларға мүлікті бағалатуға, ал талап арызда осы мүліктің шамамен құнын көрсетуге болады. Мүліктің өзіндік құнынан өз үлесінің 1 пайызы мөлшерінде мүлік құнын төлеу қажет. Яғни, егер сіз мүлікті тең бөлісуді сұрасаңыз, онда мүлік құнының жартысынан 1 пайыз төлейсіз. Егер жауапкер сіз бағалатқан мүлік құнының бағасымен келіспейтін болса, сот тиісті сараптама тағайындай алады. Бөлуге тиесілі мүлік құрамына оларда іс қаралған кездегі немесе үшінші тұлғадағы ерлі-зайыптылардың ортақ мүлігі кіреді. Егер сот ерлі-зайыптылардың бірі ортақ мүлікті басқа зайыбының еркінен тыс және отбасының мүддесінен тыс меншіктен шығарғанын немесе өз қалауынша жұмсағанын немесе мүлікті жасырғанын анықтаса, мүлікті бөлу кезінде осы мүлік немесе оның құны ескеріледі. Сонымен қатар, ерлі-зайыптылардың ортақ қарыздары (Кодекстің 38-бабының 3-тармағы) да ескеріледі. Кодекстің 35-бабына сәйкес некеге отыруға дейiн ерлi-зайыптылардың әрқайсысына тиесiлi болған мүлiк; ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезеңiнде мұрагерлiк тәртiбiмен немесе өзге де өтеусіз мәмiлелер бойынша сыйға алған мүлкi; некеде тұрған кезеңінде ерлi-зайыптылардың ортақ қаражаты есебiнен сатып алынса да, қымбат заттар мен басқа да сән-салтанат заттарын қоспағанда, жеке пайдаланатын заттары (киiм-кешек, аяқкиiм және басқалар) ерлi-зайыптылардың әрқайсысының меншiгi болып табылады. Егер ерлi-зайыптылардың бiреуiне құны оған тиесiлi үлестен асатын мүлiк берiлсе, екінші жұбайға тиісті ақшалай немесе өзге өтемақы берiледі.
Тек қана кәмелетке толмаған балалардың қажеттерiн қанағаттандыру үшiн сатып алынған заттар (киiм-кешек, аяқкиiм, мектеп және спорт керек-жарағы, музыкалық аспаптар, балалар кiтапханасы және басқалары) бөлуге жатпайды және балалары өзімен бiрге тұратын жұбайға өтемақысыз берiледi.
Ерлi-зайыптылар өздерiнiң кәмелетке толмаған ортақ балаларының атына ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi есебiнен салған салымдары сол балаларға тиесiлi болып есептеледi және ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлген кезде есепке алынбайды.
Егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу және осы мүлiктегi үлестерiн айқындау кезiнде ерлi- зайыптылардың әрқайсысының үлесi тең деп танылады. Егер жұбайлардың бiреуi дәлелсiз себептермен табыс таппаса немесе ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн екінші жұбайдың келісімінсіз отбасының мүдделерiне нұқсан келтiрiп жұмсаса, сот кәмелетке толмаған балалардың мүдделерiн және (немесе) ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мүдделерiн негiзге ала отырып, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi олардың үлестерiнiң теңдiгi негiзiн ескермеуге құқылы.
– Менің құрбым ажырасқан кезде күйеуімен екеуі бір пәтерде балаларымен және енесімен бірге тұрды. Ажырасуға әйелі арыз берді. Сотқа алғашқы шақыруды әйелі жоқта әкеліп, енесіне табыстаған. Енесі ол шақыруды келініне бермеген. Әйелі бір ай, екі ай күтеді, ал соттан еш хабар болмайды. Сотқа өзі барса, ондағылар әйел отырысқа келмегендіктен істі қараудан бас тартқандығын айтқан. Шақыру қағазы қалай табысталуы тиіс, жеке өз қолына ма әлде үйдегілердің біріне бере ме?
– Бұл жағдайда талап арыз берушінің сотқа қайта келмеуіне байланысты сот істі қараудан «бас тартқан» емес, талап арызды «қараусыз қалдырған» шығар (АІК 249-бабының 7-тармағы). Мұнда талап арызды қалдырудың жалпы тәртіппен қайтадан сотқа жүгінуге кедергі болмайтындығын білген жөн.
Сот хабарлаулары мен шақыруларын жеткізу мен табыстау тәртібі АІК-нің 11-тарауымен реттеледі: сотқа қатысушы адамдар, олардың өкiлдерi, сондай-ақ куәлар, сарапшылар, мамандар және аудармашылар сот отырысының немесе жекелеген iс жүргiзу әрекеттерiн жасаудың уақыты мен орны туралы хабарландырылады және соттың шақыру қағаздарымен сотқа шақырылады. Қажет болған жағдайда, олар хабарландырылуы немесе тапсырылғаны туралы хабарлай отырып, тапсырыстық хат, телефонаграмма немесе жеделхат арқылы, сондай-ақ қысқа мәтіндегі хабарламамен ұялы байланыстың абоненттік нөміріне немесе электронды мекен-жай бойынша хабарландырылуы немесе шақырылуы мүмкiн. Хабарлаулар мен шақырулар хабарландырылған немесе шақырылған адамның сотқа уақтылы келуi және iске даярлануы үшiн жеткiлiктi мерзiмi болуы есептеле отырып жолдануға тиiс. Егер сотқа хабарланған мекен-жайда азамат iс жүзiнде тұрмайтын болса, хабарлау немесе шақыру оның жұмыс орнына жолдануы мүмкiн. Шақыру қағазын адресатқа тапсыру уақыты шақыру қағазының сотқа қайтарылуға тиiстi түбiршегiнде белгiленедi. Сот iске қатысушы адамның келiсiмiмен оның қолына хабарланатын немесе iс бойынша шақырылатын адамға тапсыру үшiн шақыру қағазын беруi мүмкiн. Шақыру қағазы жiберiлген азаматқа табыс етiлiп, сотқа қайтарылуға тиiстi түбiршегiне оның өз қолы қойылады. Бұл жағдайда талап арыз беруші белгілі бір себептер бойынша шақыру алмаған. Соған байланысты белгіленген сот отырысын жіберіп алғандығы – соттың қандай да болмасын оның құқығына нұқсан келтіргендігін білдірмейді.
Сотқа талап арыз берген кез келген талап арыз берушінің өзі бастама білдіруі, яғни, өз талап арызының не боп жатқанын біліп, өзі қоңырау шалып немесе сотқа шақыру қағазына келуі тиіс.
АІК-нің 132-ші және 133-бабы бойынша, егер шақыру қағазын жеткiзушi адам iс бойынша хабарланатын немесе шақырылатын азаматты тұрғылықты жерiнен немесе жұмысынан таба алмаса, онда шақыру қағазы олардың келiсiмiмен - онымен бiрге тұратын отбасының ересек мүшелерiнiң бiрiне тапсырылады. Іске қатысатын адамдар мен олардың өкiлдерi iс бойынша iс жүргiзген уақытта сотқа өз мекен-жайының, абоненттік ұялы байланыс нөмірінің, электронды мекен-жайдың ауысқаны туралы хабарлауға мiндеттi. Мұндай хабарлау болмаған жағдайда шақыру қағазы немесе өзге де хабарлау, шақыру сотқа белгiлi соңғы мекен-жай, абоненттік ұялы байланыс нөмірі, электронды мекен-жай бойынша жiберiледi және адресат бұл мекен-жай бойынша ендiгi жерде тұрмаса да немесе болмаса да, абоненттік ұялы байланыс нөмірін немесе электронды мекен-жай пайдаланбаса да жеткiзiлдi деп есептеледi.
Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА