Атырау, 26 қараша 03:28
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Әуреге салған әлеуметшілер

2 615 просмотра

Жұма күні, 26 шілдеде, көру қабілеті бойынша мүгедектер қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиеваны қабылдау бөлмесінде күні бойы күтіп, келмеген соң, тікелей қаржы полициясына барды.

Мүгедектердің жиналуына Нұрлы Хабиеваның шақыртуы себеп болған еді, алайда кездесуге өзі келмей қалды. Мүгедектер оны сағат 9.30-дан 16.00-ге дейін сарылып күтті.

- Шілденің аяғы болды, ал біздің көмекшілеріміз маусым айының жалақысын әлі алған жоқ. Жеке көмекшінің арнайы әлеуметтік көмегін сатып алу тендерін ұтып алған «Шуақ» Атырау мүгедектер қоғамы» ҚБ-нің жетекшісі Яда ҚАБАҚАНОВА табельдерді әлеуметтік бағдар-ламалар бөліміне баяғыда тапсырғанын айтады, ал әлеуметшілер мұны тек күні кеше ғана алғанын айтып, кешігу себептерін де осымен байланыстырады, - дейді І топ мүгедегі Марат ҮМБЕТӘЛИЕВ. – Осыған байланысты мен Нұрлы Хабиеваға телефон шалдым. Ал ол хатшысы арқылы сұрақтарыңыз жиналып қалса, жұма күні таңертең әлеуметтік бағдарламалар бөліміне келуімізді сұрады.

Белгіленген уақытта басшы орнында болмай, хатшы ол қалалық әкімдікте деді. Мүгедектер мен олардың көмекшілерін орынбасары Мереке ЖАҢБЫРБАЕВ қабылдады.

Кеңінен отырып әңгімелесудің реті болмады, барлық сауалдар-ға орынбасар қаржылық мәселелер-мен айналыспайтынын, сондықтан да мүгедектер сұрақтарына тек басшы ғана жауап бере алатындығын алға тартты. Ал сұрақтар біраз жинақталып қалған еді.

2013 жылғы 1 сәуірде «Шуақ АМҚБ» мен жеке көмекшілер арасында жасалған шартқа сәйкес, жеке көмекшілер қызметін төлеу 36 456 теңгені құрайды, алайда олар сәуір, мамыр айларында қолдарына бұдан аз ақша алған.

- Үнемі қайдағы бір өзгертулер, қосымшалар енгізіліп жатады, бәрінің мақсаты - көмекшілеріміздің ақшасын қию. Қалалық әлеуметтік бағдарламалар басшысымен сәуірде болған кездесуімізде көмекшілерге мүгедектерді алып барған барлық ұйымдардың мөрлерін табельге бастыруға міндеттемеу жөнінде келісімге келгенбіз. Алайда бұл талаптар қайтадан енгізілді. Содан кейін жеке көмекші басқа еш жерде жұмыс жасамауы керек деген талап шықты. Біз келістік, бәрібір көмекшілеріміз қасымызда болады, оларсыз біз еш қозғала алмаймыз. Соңғы уақытта әлеуметшілер тағы бір идея ойлап тапты: бізге жақын адамдарымыздың күтім жасауы дұрыс емес, бұл жұмыстармен сырттан жалдамалы жұмыскерлер айналысуы керек. Алайда үйіңізге бөтен адамды кіргізіп, өз қауіпсіздігіңізді сеніп тапсыра аласыз ба? – деп кейістігін білдірді І топ мүгедегі Жөкен ҒҰМАРОВ.

Неге олар өз қалауларымен көмекшілердің ақшасын қияды? Мәселен, тіс протезін дайындау үшін мен бір ай ішінде стоматологқа бірнеше рет бардым, бұрын жасатқан адамдар болса, мұны қалай ұзақ жасайтынын білетін шығар. Алайда әлеуметшілер дәрігерге неге көп барасыз деп наразылық білдіреді, - дейді Марат Үмбетәлиев.

- Серуендеу, баспасөзбен танысу сағаттарын қиды. Таза ауа жұтуға құқығымыздың болмағаны ма?! – деп басқалары да оны қолдай кетті.

«Мүгедек әлемі» ҮЕҰ-ның басшысы Күлбаршын НҰРЖІГІТОВА кейіннен, телефонмен сөйлескен кезімізде көмекшілердің еңбек төлеміне бірінші тоқсанда осындай қысқартулар неге жасалғаны жөнінде әңгімелеп берді:

- Жыл басынан бері біз қосымша келісім бойынша жұмыс жасадық. Әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бөлінген ақшалар бойынша нақты есеп беруіміз үшін жұмыстың әр фактісін құжатпен растауымызды талап етті. Яғни, дүкенге, емханаға, мемлекеттік органға барғанымызды табельге мөр соғу арқылы растауымыз керек. Сондықтан да біз сәйкесінше мекеменің мөрімен расталған сағаттарды ғана санауға мәжбүр болдық, әр сағат – 216 теңге. Өткен жылы жеңілдеу болған, біз мәслихат бекіткен 30 миллионды тізімде көрсетілген мүгедектер санына бөлдік, сонда ай сайын әрқайсысына 25 250 теңгеден келген еді.

Яда Қабақанова да телефон арқылы оқиғаға түсінік берді:

- Біз жеке көмекшілердің жұмыс сағаттарын серуендеу мен баспасөзді оқудан ғана қиып отырмыз. Жеке көмекшілердің еңбегін төлеу үшін 9 айға 24 млн 450 мың теңге бөлінді, қазіргі уақытта Атырауда 146 көмекші жалақы алады. Табельдерге мөр басу талаптарын қайтадан енгізу турасында қарапайым түсініспеушіліктер орын алған. Әңгіме ресми және мемлекеттік мекемелер: емханалар, әкімдіктер, түрлі департаменттер мен нотариустарға бару кезінде белгі соқтыру туралы болатын. Мөр соқтырудың да қажеті жоқ, қол қойдырса болды.

Мүгедектердің басқа сауалдарына тек Нұрлы Хабиева ғана жауап бере алады. Мереке Жаңбырбаев мүгедектерге басшы қазір келеді, сәл күте тұрыңыздар деп басу айтты. «Сәл» уақыт көптеген сағаттарға созылып, бос отырыс болды. Осы уақыт бойы негізгі ауруларымен бірге басқа да қан қысымы, демікпе, асқазан сияқты проблемалары бар адамдар әлеуметтік бағдарламалар дәлізінде кешке дейін тұрды. Нұрлы Хабиева ақыры келмеді. Әрине, оның әр күні минуттарға бөлініп, жиналыстан жиналысқа қатысып жүрген шығар, алайда ол түскі үзіліс кезінде келіп, жолығып кетуіне болатын еді ғой. Күтіп отырғандар да түскі астарын ішпей, тосып отырды ғой.

Өздеріне көмектесу үшін құрылған мекемемен тиянақты сөйлесудің сәті түспегендіктен, мүгедектер өз уақыттары мен денсаулықтарын босқа кетірмей, қаржы полициясына шағымдануды жөн көрді.

Осы мәселеге түсінік алу үшін біз үш күн бойы Н. Хабиеваны іздедік. Алайда осы уақыт ішінде, хатшысының айтуынша, бастығы не жұмыс орнында жоқ, не жиналыс өткізіп жүр. Хатшыға қалдырып кеткен редакцияның телефон нөміріне шенеунік ақыры қоңырау шалмады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор 

1 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.