Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы 2024 жылғы 26 желтоқсанда Ақтау маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты.
Жалпы, Маңғыстау облыстық ауруханасына 27 зардап шегуші жеткізілді. Олардың 11-і реанимацияда, 13-і травматология, 2 адам — нейрохирургия және біреуі — хирургия бөлімінде.
"Науқастар әртүрлі жарақаттармен түсті, негізінен оларға жабық бас миының жарақаты, мидың шайқалуы, жабық кеуде жарақаттары, 1-2 дәрежелі травматикалық шок диагноздары қойылды. Реанимация бөлімшесіндегі 11 пациенттің үшеуі тұрақты ауыр жағдайда, жетеуі ауыр жағдайда және бір пациент өте ауыр, тұрақсыз жағдайда. Қабылдау кезінде зардап шеккендерге барлық қажетті тексеру түрлері жүргізілді, жағдайы тұрақтанғаннан кейін бейіні бойынша ауруханаға жатқызылды", – деп хабарлады ведомствода.
Барлық науқастар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің диагностика және емдеу хаттамасына сәйкес толық көлемде ем алады.
Тергеу органдары екі пациенттің жеке басын анықтау бойынша жұмыс жүргізді. Олардың бірінің Әзірбайжан азаматы екені анықталды.
Сондай-ақ, санитарлық авиация желісі бойынша Астана қаласынан Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының және жетекші республикалық орталықтардың жоғары білікті мамандары келді.
"Жоғарыда аталған мамандардан басқа, Әзірбайжан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен ТЖМ арнайы кеңесі, санавиация бригадасы келді. Барлық зардап шеккендерді қарап шықты, жұмыс тактикасы келісілді. Сондай-ақ науқастармен және туыстарымен психологтар тобы жұмыс істейді", — делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.