Ресей президенті Владимир Путин Ақтау маңында ұшақ апатынан қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтты. Ол Ресейдің ТЖМ ұшағы Қазақстанға ұшып бара жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәскеуде ТМД елдерінің басшыларымен кездесуде Владимир Путин бүгін, 25 желтоқсанда Ақтау түбінде болған ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
Ол қайғылы оқиға болған жерге Ресей тарапынан жіберіліп жатқан көмек туралы айтты.
«Бүгін Ақтауда болған қайғылы оқиға туралы бірер сөз айтуым керек. Қаза болғандар мен жараланғандар көп. Қаза болғандардың туыстары мен зардап шеккендердің барлығына көңіл айтамын. Олардың сауығып кетуін тілейік. Қазақстан президентінің келісімі бойынша Ресей ТЖМ ұшағы медициналық персоналмен және бортында қажетті қосымша жабдықтарымен Ақтауға ұшады», - деді РФ президенті.