Алматыда тай боксынан әлем чемпионы, 20 жастағы Серік Әлиді өлтіріп кетті. Алматы қалалық полиция департаменті ақпаратты растады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Желі қолданушылары Наурызбай ауданындағы Алатау даңғылының бойында полиция көліктерінің жиналып, кептеліс пайда болғанын жазған. Ал 2GIS картасындағы пікірлерде жол бойында әлдекімдердің жас жігітті пышақтап, өлтіріп кеткені жазылған.
"Наурызбай аудандық полиция басқармасы 20 жастағы жігітті өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, таныстар арасында жанжал туындап, нәтижесінде олардың бірі пышақ қолданған. Қылмыстық қару тәркіленді", – делінген Алматы қалалық полиция департаментінің хабарламасында.