Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуіне ауысқаннан кейін Астана Ресейден электр энергиясын көп сатып алмады, елде жаңа қуат көздері қосылғаны Ресейден сатып алатын энергия көлемінің азаюына әсер етеді. Бұл туралы 24 желтоқсанда Алматы тұрғындарымен кездесуде энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп жазды Азаттық радиосы "Власть" басылымына сілтеме жасап.
"[Уақыт ауысқаны мен үлкен көлемде электр энергиясын сатып алу арасында] байланыс көріп тұрған жоқпыз. Тұтыну көлемі тек энергия нысандарын жөндеуге байланысты өсті. Қазір Ресейден электр энергиясын сатып алу жаңа қуаттар қосылған соң азайғанын байқап отырмыз", – деді Сәтқалиев.
"Власть" ақпаратынша, энергетика министрлігінің басшысы Алматыда электр қуаты тапшы екенін мойындаған, оның қазіргі қуаты – шамамен 2 гигаватт. Сөзінше, тұтынушылар мұны сезбейді, өйткені кейінгі уақытта 770 мегаватт электр энергиясын өндіретін жаңа қуат импортталып, енгізілген.
Сәтқалиев Алматыдағы электр желілері ескіргендіктенң электр энергиясын беру кезінде ақаулар болады, шамамен 90 пайызы тозған деп түсіндірді.
"Апаттарға қосымша салмақ түсуі түрткі болуы мүмкін. [Мәселелерді шешуге] жоспар бар, кабельдер ауысып, қосалқы станциялар орнатылады. Биыл 200 шақырымға созылған электр желілері жаңартылды, 2025 жылы тағы 230 шақырым электр желілерін жаңарту жоспарланып жатыр", – деді министр.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 23 желтоқсанда энергетика министрі Сәтқалиевті қабылдап, елдегі атом электр станциясының құрылысын тездетудің маңызын айтқан. Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда биыл 6 қазанда өткен референдумда дауыс бергендердің 71 пайызы елде АЭС салуды қолдаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС-ті халықаралық консорциум салуы керек деп мәлімдеген.
Елде АЭС бойынша халық пікірі әртүрлі. АЭС салуды жақтаушылар негізінен энергия тапшылығын алға тартса, АЭС-ке қарсылар атом станциясының қоршаған ортаға әсері мен өзге елдің технологиясына тәуелділік артуы мүмкін дейді.