Құрамында қазақстандық Елена Рыбакина өнер көрсеткен "Сұңқарлар" (Falcons) командасы Дубайда (БАӘ) World Tennis League-2024 көрме турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әлемдік теннис лигасында "Сұңқарлар" намысын Е.Рыбакинадан басқа ресейлік Андрей Рублев, канадалық Денис Шаповалов және франциялық Каролин Гарсия қорғады.
"Сұңқарлар" финалда "Хоукс" (Джордан Томпсон, Арина Соболенко, Сумит Нагал және Мирра Андреева) командасын жеңді.
Осы додада Е.Рыбакина төрт жекелей кездесу өткізіп, соның біреуінде румыниялық Симона Халепті (6:4) ұтты. Қалған үшеуінде әлемнің 1-ракеткасы, беларусьтік Арина Соболенкодан (6:7), Польша өкілі Ига Швентектен (3:6) және ресейлік Мирра Андреевадан (2:6) жеңіліс тапты.
Енді Елена Рыбакина Қазақстан құрамасы сапында 27 желтоқсан — 5 қаңтар аралығында Аустралияның Сидней және Перт қалаларында өтетін United Cup турнирінде ойнайды