Атырау, 11 желтоқсан 12:09
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Шекара сулары шектеле бере ме?

3 275 просмотра

Облыстық әкімдікте трансшекаралық өзендерді пайдалану мен қорғау бойынша Қазақстан-Ресей біріккен комиссиясының 21-отырысы өтті.

 

ӨЗЕНДЕР КЕУІП ЖАТЫР

Жайық-Каспий бассейні су шаруашылығы инспекциясының басшысы Бисен ҚУАНОВ өз сөзінде сезімін де жасыра алмады: өңір сулары кеуіп жатыр. Оның айтуынша, 2012 жылы Жайық өзеніне көктемгі өр суы 10 сәуірден 31 мамыр аралығында келді. Келген өр суының көлемі 2,82 текше шақырымды құрады, ал бұл нормадан 2 еседен аса төмен (норма – 5,91 текше шақырым). Жайықтың сағасы – Елекке келген өр суы көп жылдар бойғы норманың 40%-ын құрады. Ал Деркүл мен Шаған өзендерінде 90%-ды құрады.

2008 жылдан бері Жайықтың қазақстандық бөлігінде судың аздығы байқалып отыр. Бұл су шаруашылығы мен экологиялық ахуалға көп зиянын тигізуде. Соңғы бес жылда өзен суы жайылмалар мен суармалы ормандарға шыққан жоқ, сондықтан да орман көлемдері қысқарып жатыр.

1990 жылдары өзеннен су тарту шамамен 2 текше шақырымды құраса, бүгінде 720 млн текше метрді құрап отыр. Өзен суы өнеркәсіптік, ауылшаруашылық және коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерді өтеуге жеткілікті, алайда экологияны сақтау мен балық шаруашылығын дамытуға мүлдем жетпейді.

Балық шаруашылығы институты мамандарының есептеуінше, балық қалыпты уылдырық шашу үшін сәуір-мамырда су ағыны айына кемінде 1,9 текше шақырымды құрауы керек. Ал қазір көктем айларында небары 1-1,2 текше шақырым су ағады.

-Өкінішке орай, трансшекаралық өзендерді пайдалану мен қорғау бойынша біріккен комиссиясыныңотырыстарында бұл мәселелерді шешу мүмкін болмай отыр, алайда Ресей жағы, соның ішінде Орынбор су шаруашылығы басқармасы өзеннің қазақстандық бөлігі кеуіп жатқанын біледі, - дейді Б. Қуанов. – Орынбор суды жіберуді еш көбейте алмаймыз деп отыр. Көктемде судың бір бөлігін өздеріне қажетті көлемде су қоймаларына жіберетіндіктерін алға тартады.

Б. Қуановтың айтуынша, Жайықтың негізгі арнасын Ириклин су қоймасы реттейді. Осы «ыдыстан» 2012 жылы су секундына 15 текше метр жылдамдықпен лақтырылған. Қазақстандық жақтың су жіберуді арттыру туралы өтініштеріне Орынбор жағы үнемі бас тарта жауап беріп отырғандықтан, су көп жіберілуі үшін бүгінде тоғанды қолдану режимін кері қарау туралы мәселе қойылып отыр.

- Біз мұндай ұсынысты соңғы 4-5 жылда Жайық суының деңгейі жазғы уақыттарда апатты жағдайдай күрт төмендеп кеткендіктен қойып отырмыз. Бұл проблема   жыл сайын шілде, тамыз, қыркүйек айларында анық байқалады. Су деңгейінің азаюымен оның сапасы да төмендейді. Облысымыздың кейбір елді мекендерінде өзен суы тазаланбай ауыз суға пайдаланылады, ал бұл жағдай жұқпалы аурулардың туындауына себепші болады, - деп атап өтті Б. Қуанов. – Жайық арнасына құйылатын судың 49%Сақмар сағасы арқылы келеді. Оның бойына Башқұртстан Республикасы 219 млн текше метр суды реттейтін бірнеше ұсақ су қоймаларын салған. Жайықты суға толтыру мәселесіне халқымыз, депутаттар және жергілікті атқарушы органдар алаңдаушылықпен қарап отыр. Олар бізді осы комиссия отырыстарында ресейлік тарап алдына нақты мәселелерді неге қоймайсыңдар деп жазғырады.

 

ЕДІЛ КӨМЕКТЕСЕ МЕ?

Күткеніміздей, Орынбор облыстық су ресурстары басқармасы бастығының орынбасары Сергей ЮЗЕПЧУК ресейлік тарап өзенге жеткілікті мөлшерде су жіберіп отыр деп, қойылып отырған талаптарды мойындамады.

- 2012 жылы жаз бойы Ириклин су қоймасынан өзенге секундына 30 текше метр жылдамдықпен су лақтырылды (яғни, Б. Қуанов атаған сандардан екі есе артық – М.С.). Осы уақытта су қоймасына құйылған су секундына 8 текше метрді құрады, яғни, «ыдысқа» келген судан 4 есе артық су ағызылды.

С. Юзепчуктың айтуынша, су қоймасынан қалыпты режимде секундына 15 текше метр су «тамшылайды». 19 шілдеден бастап бұл лақтыру 30 текшеге дейін жеткізілді. 2013 жылы су қоймасындағы су деңгейі нормадан 2,5 метр төмен болды, ал еркін сыйымдылық 617 млн текше метрді құрады. Су қоймасына құйылып жатқан су бүгінде секундына 12 текшені құрайды және күн сайын осы алпауыт су қоймасының су деңгейі бір сантиметрге төмендейді. Осылайша, ресейлік сушылар келесі өр суына дейін «ыдысты» 1,2 текше шақырымға азайтып, жаңа ағынды сулармен толтыруды жоспарлап отыр.

2012 жылғы өр суы бойынша С. Юзепчук су қоймасына болжалған 1,2 млрд текше судың орнына 1 млрд 467 млн текше су келгенін хабарлады. Бұл өткен жылдың жазғы және қысқы мерзімдерінде арнаға 30 текшемен су лақтыруға мүмкіндік берді.

Үстіміздегі жылдың өр суы күткеннен аз болды. 1,1 млрд текше су болжанып еді, алайда тек 800 млн-ға жуық су келді. Нәтижесінде су қоймасының ыдысы толмай қалды.

С. Юзепчук өзен суының химиялық құрамы туралы анықтама алып келіпті. Ол Елек өзенінің үштен екісі Қазақстанда қалыптасатынын да атап өтті. Жүргізілген мониторинг өзен суында мыстың шектік-рұқсат етілген шоғырлану 6 есеге, азот нитраты 9,5 есе, хлоридтер 1,5 есе артқанын көрсетті.

Жиналыс аяқталған соң біз Ресей су ресурстары бойынша федералды агенттігі басшысының орынбасары Игорь НИКИТИНМЕН әңгімелестік.

- Ел президенттері В. Путин мен Н. Назарбаев кездесуінің нәтижелері бойынша РФ СІМ Жайық өзенін қорғау және тиімді пайдалану туралы үкіметаралық келісімнің жобасын әзірледі. Бұл жобаға қазірдің өзіндеРесей су ресурстары бойынша федералды агенттігі келісімін берді.

Біздің агенттік желісі бойынша 3 үлкен ғылыми жұмысқа тапсырыс берілді, осы жұмыстардан кейін Жайық өзенінің экологиялық жүйесін сақтау және қалпына келтіру бойынша ғылыми негіздеме мен іс-шаралар жоспары жасалатын болады. Бұл жұмыстарды 2016 жылы аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Экологиялық жүйе - өте нәзік тақырып. Ең бастысы, бүлдіріп алмауымыз керек. Сондықтан да біз бұл жағдайды жіті зерделейтін боламыз.

- Жайықты Еділ суымен толтыру идеясына не айтасыз?

- Мұндай жоба бар. Оны Кеңес дәуірінде әзірлеген, қазір ұмытылып қалды. Өзендерді бір-біріне құю мәселесі көтерілгенде экологияға зардап келеді деген наразылықтар туындайды. Алайда, бұл мәселе өз кезінде өте жақсы және жан-жақты пысықталған еді.

Кезінде Жайықты Еділден, Обьтан және Сібір өзендерінен толтырудың бірнеше жобалары қарастырылды. Осы жобаларды талқылау, сонымен қатар жүзеге асыру үшін саяси шешім қажет.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

26 шілде 2013, 15:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.