«Тасқын» деректі фильмі - Ринат Балғабаевтың кезекті туындысы. Бұл жолғы деректі фильмді автор көктемде Құлсарыға келген қызылсу апатына арнапты.
Биылғы көктемде еліміздің бірнеше өңірін топан су басып, қаншама адам үй-мүлкінен айырылғаны есімізде, соның ішінде Құлсары тұрғындары да табиғи апаттың салдарын тартты. «Тасқын» деректі фильмінің кейіпкерлері, тасқын су кезіндегі үрей мен қорқыныш, қиындыққа түскен сәттерін, жергілікті халыққа көрсетілген қолдау жайлы баяндайды. Кейіпкерлер мұндай апаттың салдары тек жан-жақты қолдаудың нәтижесінде еңсерілгенін еске алады.
СУ КЕЛЕДІ ДЕП ОЙЛАМАДЫҚ
Жылыой халқы, жергілікті билік Құлсарыны су басып қалмауы үшін барын салғанымен, өзендер арнасынан асып, мыңдаған үй мен ғимарат су астында қалып, халық жаппай қауіпсіз аймаққа көшірілгені баршаға мәлім.
«Су түнгі 4-те келді, су кірді үйге... Заттың барлығын тастап, өзіңнің басыңның амандығын ойлап қашып шығу, үйсіз далада қалу, алдыңда не күтіп тұр, не істеймін дегенді ойлайсың» деп табиғи апаттың алғашқы сәттерін еске алды кейіпкер.
Қызылсу айналып өтер деген үмітпен соңғы сәтке дейін үйінде болғанын айтқан енді бір кейіпкер: «Ол кезді еске алсам жылағым келеді. Қызым келіп, мама болды, үйді су шайып кетті деді», - деп еске алады.
Құлсарыда кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер сол сәттегі уайымын сөзбен жеткізудің өзі қиын екенін айтады.
«Үйім суға кеткенде жыладым. Енді не істейміз? Жұрттың бір үйі кетіп, жерге құлап талып жатқанда... Бүкіл отбасымның, бала-шағамның үйлері, нан жеп отырған жерім, жұмыс жасап отырған жерім барлығы су астына кетті. Кейін су кеткен соң келсек, ескі үйім құлап қалған, пайдаға аспады», - дейді құлсарылық кәсіпкер.
ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ
Кейіпкерлер қызылсудың қарқыны қатты болғанын, кей жерде екпінмен келген су белден асса, кей жерде екі метр биіктікке дейін көтерілгенін айтады. Апат дүрбелеңге салғанда артық зат алуға көптің жағдайы болмағанын, бар болғаны қолға ілінген бір-екі киім мен құжаттарды алуға шама келгенін еске алады.
Эвакуацияланған халықтың бірі Маңғыстаудағы Бейнеу, Опорныға қарай беттесе, енді бірі Атыраудағы «Теңізшевройлдың» мекемелеріне қоныстанып, кейбірінің бала-шағамен Ақтау, Алматы, Астанаға уақытша көшуіне тура келген. Кейіпкерлер сол кезде жан-жақтан келген жанашырлар жұртты тегін тасымалдап, қолдан келгенше қолдау жасағанын еске алыпты.
Үйі мен дүние-мүлкі су астында қалған халықта уайым мен ертеңге деген сенімсіздік болғанын да кейіпкерлер жасырмады. Тіпті, Құлсары халқы әкімдік алдына жиналып, талап-арызын, шағымын білдірген. Айта кетейік, су басқан өңірлерде апаттың салдарын еңсеруге барынша қолдау көрсету үшін ірі бизнестің көмегі өңір-өңірге бөлінген болатын.
Атыраудағы апаттың салдарын жоюға Тимур Құлыбаевқа қарасты компаниялар мен қайырымдылық қор атсалысқан. Деректі фильмдегі сюжетте «Тимур Құлыбаев бастаған «Халық» қайырымдылық қоры құлсарылықтарға қаржылай көмек көрсетуде. Қор Құлсары халқына қолдау білдіру үшін 31 миллиард қаражат бөлген. Бүгінде 100-ден аса тұрғынға қаржы берілді. Сонымен қатар, «Халық» қайырымдылық қоры су тасқынынан қатты зардап шеккен 4 аймаққа көмек білдірген», - деген ақпарат келтірілген.
Кейіпкерлер бөлінген қаражаттың көлемі жайлы, сараптама жасалып, жарамсыз үй-мүліктің құны бағаланып, есеп-қисабы шығарылғанын айтады.
«Үкімет жақсылап ақшамызды қайырды бір үйге жететін қылып. Дүкендердегі кеткен тамақтардың да, ішінде бұзылған заттың да бәрінің ақшасын берді, артығымен қайырды, ризамын...», - дейді құлсарылық кәсіпкер.
Ал енді бір кейіпкер үй-мүлікпен қоса кәсіпкерлікке алған тауары жарамсыз болып қалғанын, кейін ол заттардың да өтемақысы берілгенін айтады.
Кәсіпкерлікпен айналысамын. Кәсіптік бір вагон затым сарайда тұрған, сол кетті. Бірақ, рахмет, оны да өз орнына қойып берді. Мен соның алдында қабылдағанмын ол тауарды... Үн, макорон, бірнеше миллионның заттары кетіп қалды. Оның барлығын орнына қойып берді», - дейді Құлсары кәсіпкері.
АПАТТАН ТҮЙГЕН САБАҚ
«Құрсай өзенін кеңейту, тереңдету бағыттарында жұмыстар жүріп жатыр... Оның сыртында, қаланың сыртындағы Құлсарыға дейінгі өзектерді кеңейту, тағы да бөгеттерді биіктету, альтернативті каналдар қазып жатыр дегенді айтады, басқа бағыттарға бұруға мүмкіндік беретін, биылғыдай қатты су келіп қалған жағдайда», - дейді Құлсары тұрғыны.
Деректі фильмнің кейіпкерлерінің бірі бұл апат баршаға сабақ болды дегенді айтса, келесі кейіпкер «кез келген апатты түсіне біліп, қауіпке әрқайсымыз дайын болуымыз керек» деген пікірімен бөлісті. Кейіпкерлер қызылсу қайта келсе, үкімет, жергілікті билік, жауапты қызметтегі атқамінерлер апаттың алдын алып, қауіпсіздікті күшейтіп, мұндай жағдайдың қайталануына жол бермес деген тілектерін жеткізді.
«Тасқын» деректі фильмінің толық нұсқасын келесі сілтеме арқылы өтіп көруге болады
https://www.youtube.com/watch?v=Ednzlf_f2RE&t=65s