Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС "Жезқазғантүстімет" өндірістік бірлестігінің ереуілге шыққан жұмыскерлерінің еңбек заңнамасының нормаларын бұзғанын мәлімдеді. Компания жұмысшыларды жұмысқа қайта кірісуге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Осы жылдың 17-18 желтоқсанында "Жезқазғантүстімет" ӨБ бірнеше шахтасының жұмыскерлері жалақыны көтеруді талап етіп, жұмысты тоқтатқан еді. Бастапқыда кеншілер жалақыны 30%-ға көтеруді талап етсе, кейін 100%-ға көтерсін деп талап қойды. Олар айлықтарын көтермесе, жұмыс істеуден бас тартты.
Жұмысшылардың бұл әрекеті еңбек заңнамасында көзделген талаптарды ұсыну тәртібін және оларды жұмыс берушінің қарау ретін бұзды.
“Жалақыға келер болсақ, жұмыс беруші 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап көтерудің екі нұсқасын ұсынды. Біріншісі, 8,5%-ға индекстеу және өндірістік жоспарды орындағаны үшін 50 АЕК мөлшерінде қосымша төрт тоқсандық сыйлықақы (2025 жылы – тоқсан сайын 196 мың теңге) беріледі. Екіншісі, жалақыны 15,6%-ға индекстеу”, – деп мәлімдеді “Қазақмыс”.
Еңбек кодексіне сәйкес қолданыстағы тәртіп ойынша жұмысшылар өз талаптарын жұмыс берушіге ресми жолдап, оларды жұмыс берушімен қарайды. Ал шешілмеген жағдайда мәселе татуластыру комиссиясында қаралады.
Жұмысшылардың талаптарын қарау кезінде өндірістік процесті тоқтатамайды. Компания заңнамада белгіленген тәртіпті сақтамау тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертті.
Қалыптасқан жағдайды реттеу үшін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тараптарды татуластыру комиссиясы шеңберінде және тек құқық аясында татуластыру рәсімдерін жүргізуге және жұмысқа қайта кірісуге шақырды.
Министрлік жұмысшыларға жұмыс берушіге қойылатын талаптарын белгіленген тәртіппен талқылауды ұсынады.
Еске салайық, бұған дейін "Қазақмыс" корпорациясының Сәтбаевтағы кенішінің жұмысшылары талаптары орындалмайынша наразылықтарын жалғастыратындарын айтты. 17 желтоқсанда қызметкерлер жалақыны екі есеге арттыруды талап етіп, наразылыққа шыққан. Компания жалақыны 8,5%-ға индекстеуге уәде берсе де, жұмысшылар риза емес. 18 желтоқсанда компания басшылығы мен кәсіподақ өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Олар жалақыны арттыру аймақтағы және салалық айырмашылықты ұлғайтуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар 2025 жылдан бастап жаңа ұжымдық шарт бойынша қаржылық көмек пен өтемақы көлемі арттырылатыны хабарлаған еді.