Азаматтар осы арқылы келесі жылы тіптен құнсыздануы мүмкін қаражатын құтқаруға ниетті, деп хабарлады inbusiness.kz.
Бұған қоса, девальвация соңынан елде баспана бағасы да жаппай қымбаттайды деп күтілуде.
Республикада ұлттық валютаның құнсыздануы 2024 жылғы қарашада басталған болатын. Қазан айы бойы орта есеппен "487 теңге" межесінде тұрған АҚШ доллары келесі айдың жетісінде тосыннан "492 теңге" белесін бағындырды. Әрі қарай доллар құны 28 қарашада 499,51 теңгеге, ал, 29 қарашада 513 теңгеге жетті.
3 желтоқсанда Ұлттық банктің ресми бағамы "524,58 теңге" шамасын тіркеді, алайда айырбастау бекеттері Американың валютасы үшін 537 теңгеге дейін сұрады. Демек, баспана нарығындағы нағыз қымбатшылық та желтоқсан айынан басталса керек.
Дегенмен, Ұлттық статистика бюросы баға көтерілуіне қараша айында-ақ серпін берілгенін жариялады. Ведомствоның мәліметінше, 2023 жылғы қарашамен салыстырғанда, 2024 жылғы қарашада жаңа тұрғын үйлердің, қолданыстағы пәтерлердің бағасы кем дегенде 3,4%-дан өсті.
Баспананың басқа сегменттерінде де баға дүрк көтерілді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы ұқсас аймен салыстырғанда 2024 жылғы қарашада бірден 7%-ға қымбаттап шыға келген. Статорган өткен айдың өзінде бағалардың жоғарылауы біраз өңірде рекорд орнатқанын қаперге салды.
"Өңірлер бөлінісінде жаңа салынған үйлер нарығында былтырғы қарашамен салыстырғанда биылғы қарашадағы баға Ақтөбе қаласында – 11%-ға, Көкшетау қаласында – 10,1%-ға, Тараз қаласында 10%-ға салмақты қымбаттады. Қолданыстағы үйлер нарығында баға өсімінің лидері – Атырау (16,7%). Астана, Көкшетау қалаларының әрқайсысында – 9,8%-ға артты. Тұрғын үйді жалға беру нарығында Орал қаласында аренда құны 24,2%-ға, Шымкентте – 24,1%-ға, Талдықорғанда – 20,8%-ға және Петропавл қаласында – 20,5%-ға өсті", – деп хабарлады Ұлттық статбюро.
Яғни, егер жыл бойы Үкімет инфляцияны құрықтауға күш салса, мол ресурстарды шығындаса, бір ғана тұрғын үй нарығындағы қымбатшылық оның бәрін заяға кетіргендей.
Ресми статистика бойынша жаңа тұрғын үйлердің бағасы әр шаршы метрі үшін 499 247 теңгеге жетті. Қайталама сату нарығындағы өсім одан да зор. Әр шаршы метр құны орта есеппен 511 717 теңгеден асты. Абаттандырылған пәтерлерді жалға беру ақысы әр шаршы метрі үшін 7 пайызға артып, 4 516 теңгені құрады.
Сондықтан баға ұшына бастағанда, мүлдем қолжетімсіз болып қалмай тұрғанда тезірек баспана сатып алуға асыққан қазақстандықтардың іс-әрекеті негізсіз болмаса керек. Оның үстіне жаңа Салық кодексінде Үкімет құрылыс компанияларын қосылған құн салығын төлеуге қатысты жеңілдіктен айыруды жоспарлап отыр. Тұрғын үй салушылар ол шығынын енді шаршы метрлердің құрамына қосса, баспана одан сайын қымбаттайды.
"31 арна" да доллар бағамының аспандауы жылжымайтын мүлік нарығында дүрбелең туғызғанына назар аудартты. Жылжымайтын мүлік жөніндегі эксперттер ұлттық валютаның девальвациясы ұйқыға кеткен нарыққа жан бітіргенін айтады. Мысалы, шымкенттіктер арасында қала орталығына мейлінше жақын аудандарда орналасқан бастапқы баспана трендте. Шымқалалықтардың көбі тұрғын үйлерді ипотекаға алып жатыр. Риелторлар қолма-қол ақшаға алушылардың сирек екенін жеткізді.
"Доллар өсе бастағаны сол екен, тұрғындар пәтер сатып алуға ұмтылды. Негізінен, өздері тұру үшін емес, артынша жалға беру немесе кейіннен жоғарылаған бағаға сатып жіберу үшін алады. Өйткені келесі жылы бағалар қатты көтеріледі деп күтіп отырмыз. Қазіргі баға енді болмайды", – деді жылжымайтын мүлік агенттігінің басшысы Назерке Әбуталипова.
Жылжымайтын мүлік сарапшысы Лев Тетиннің мәліметінше, соңғы апталарда бірқатар құрылыс компаниялары жылжымайтын мүлік бағасын қайта қарап, оны 5-10%-ға өсіріп үлгерді.
Бірақ бұл тек бастамасы сияқты. Қазіргі кезде Мәжіліс жаңа Салық кодексінің жобасын қарап жатыр, оны Парламенттің келесі жылы қабылдауы жоспарланған. Кезінде халықты баспанамен барынша жедел қамту үшін Үкімет тұрғын үй салатын құрылыс компанияларын ҚҚС төлеуден босатқан еді.
Енді сарапшылардың айтуынша, рекордтық тапшылық туындаған бюджетті толтырудың жолын іздеген билік ол жеңілдікті алып тастауды қарастыруда. Мұндай жағдайда баспана бағасы тағы күрт әрі салмақты көтеріледі. Сатып алушылар соған дейін үлгеріп қалуға іңкәрланды.
"Егер ҚҚС қосылса, бұл кем дегенде – 12%. Бұл жағдай да ақпараттық себеп туғызды, тұтынушылар соған үн қатып отыр. Тіпті әзілге бергісіз әңгіме бар, бір құрылыс компаниясының есігінің алдында клиенттер таңғы 6-дан бастап кезекке тұрған көрінеді. Кейбір сату бөлімдерінде сатып алушылар менеджерден кеңес алу үшін екі сағаттап күтіп отыратын болды. Елестете аласыз ба, өзінің ондаған миллион теңгесін тапсыру үшін енді еш шамданбай сонша күтуге бар. Тек пәтер қалса болғаны. Мұндай ажиотажды біз бұрыннан бері байқамаған едік", – деді Лев Тетин.
Бірақ сарапшының пікірінше, ҚҚС-ті енгізусіз-ақ, 2025 жылы жылжымайтын мүлік құны онсыз да өседі.
"Жаңа салынатын тұрғын үйлердегі пәтерлер бұдан былай арзандай алмайды. Олар тек қымбаттайды. Өйткені Қазақстан құрылыс материалдарымен өзін толық қамтамасыз ете алмайды және оның 70%-ға дейінгісін шетелден тасиды. Оның бәрін компаниялар шетелде теңгеге емес, долларға сатып алады. Бастапқы нарықтың ізімен қайталама нарық та бағасын көтереді. Тәжірибеме сүйенсек, бағаны әлі екі-үш айдай ұстап тұруы мүмкін. Содан кейін қоя береді", – деген пікір білдірді жылжымайтын мүлік жөніндегі эксперт Александр Пак.
Алайда қымбатшылық пен инфляцияны барынша азайтып көрсетуімен аты шыққан Ұлттық статистика бюросының мәліметі желтоқсан түгіл, қараша айында қымбатшылық "жарылысы" басталғанын паш етеді.
Оның хабарлауынша, 2024 жылғы қараша айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 39 421 мәміле тіркелген, оның ішінде 8 165 жеке үй ғана сатылған. Ал, негізгі өсім көппәтерлі үйлерде, ондағы пәтерлер бойынша 31 256 мәміле жасалды.
Мәмілелер саны Алматы қаласында бірден 19,1%-ға (7 533 мәміле), Астанада 17,7%-ға (6 968) күрт артты. Өзгелер де қалысар емес, мысалы, Қарағанды облысында сатылған баспана саны 7,6% (2 995 мәліме) ұлғайды. Тіпті көш соңындағы аутсайдер Ұлытау облысында 1,2% өсім тіркелді.
2024 жылдың қазанымен салыстырғанда қарашада ең көп өсім сондай-ақ Павлодар (+18,5%), Түркістан (+15,9%) және Алматы (+15,2%) облыстарында байқалған. 18–19 пайыз көрсеткіші нарықта шынымен дүмпу-ажиотаж басталғанын растаса керек.
Осының алдында шетелдік валюта бағамының өсуі баспананы қолжетімсіз етіп жіберуі мүмкін екенін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев да жоққа шығармады. Ол мемлекеттің тек әлеуметтік баспана секторын бақылаумен шектелетінін айтты.
Министрдің пікірінше, мемлекет бірінші кезекте "Наурыз", "Отау" сияқты әлеуметтік баспана бағдарламаларына арналған тұрғын үй бағасының және арендалық баспана құнының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдайды.
"Бұларда мемлекет бағалардың жоғарғы шегін бақылауда ұстайды. Сондықтан оларда өткен жылмен салыстырғанда көп өзгеріс күтілмейді. Оған іргелі себеп ықпал етеді: оларда пайдаланылатын құрылыс материалдарының шамамен 70%-ы – жергілікті өндіріс тауарлары. Яғни, цементі, бетоны, арматурасы – қазақстандық. Мемлекет әлеуметтік бағдарламалар бойынша бағалардың жоғарғы межесін шектеу жұмысын жүргізеді", – деді Шарлапаев.
Министрдің айтуынша, премиум-класс, эконом-класс және басқа да анағұрлым қымбат пәтерлердің бағасын мемлекет шектемейді, оны нарық реттейді. Оларда шетелден көп тасылатын импорттық материалдар есебінен баға өсуі мүмкін.
Айта кету керек, желтоқсан айының басында Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сулейменов девальвация кесірінен жинақ құнсызданбауы үшін оны не депозитте ұстауға, немесе баспана сатып алуға кеңес берген еді. Елдің бас банкирінің кеңесін халық құп алды.
Риелторлар нарықта дүрбелең басталғанын дәлелдейтін тағы бір мысал келтірді. "Крышада" бір жыл бойы сатылмай, қаңтарылып тұрған пәтердің өзі тез арада өтіп кеткен. Оның иесі Ильяның айтуынша, Алматының ескі орталығындағы ескі 4 бөлмелі пәтерді бір отбасы қолма-қол ақшаға алыпты: 41,5 миллион теңгені санап берген.
Kursiv.media да "қазақстандықтар жыл соңында ақшасы жеткен кез келген пәтерді сатып алуға дайын" екенін жазды.
"Доллар бағамының секірісі ірі құрылыс компанияларының сату кеңселерін адамға лық толтырды. Адамдар жылжымайтын мүлікке ақша салып үлгеру үшін өз кезегінің жетуін күтіп, сағаттап тұруға бар. Кейбірі не қалса, соны алып жатыр. Тек бюджетке сыйса болғаны. Баспананың бағасы үшін оның локациясы бойынша да, инфрақұрылымы бойынша да төл талаптарын құрбан қылғандар жетерлік", – деп хабарлады басылым.
Тәуелсіз риелтор Арман Әбденовтың айтуынша, құрылыс компаниялары пәтерлерді "жарық жылдамдығымен" сатып жіберіп жатыр. Құнсызданған теңгесін пәтерге айналдырып қалуға жанталасқан жұрт ештеңеге қарар емес, ойланбастан, сұрақ қоймастан алып жатқан көрінеді.
Ол Астанада баспанаға деген сұраныс доллар бағамы 500 теңгеге жақындай бастағанда, яғни, қараша айынан күрт артқанын айтты. Валюта 500 межесінен асқан соң, "сұраныс сауда көрігі қызған базардағыдай қызды".
"Бір немесе екі бөлмелі пәтерді ата-аналар қалада оқитын студент балалары үшін алады. Сондай-ақ сатып алушылар қатарын ауыл шаруашылығымен айналысатын бизнесмендер мен фермерлер толықтырды. Күзгі жиын-терім аяқталды, астық үшін алған қаражаттарын олар Астана мен Алматыда, ірі қалаларда жылжымайтын мүлік алуға салып жатыр", – деді Әбденов.
Ендеше күрт артқан сұраныс әзір азаймайтын сияқты.