Сенат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" туралы заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Заңның мақсаты – Қазақстанның білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамасын жетілдіру. Құжатпен бірқатар заңдарға өзгерістер енгізіледі.
"Заңмен "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне баланы қабылдайтын кәсіби отбасы түріндегі отбасылық орналастырудың жаңа нысаны енгізіледі, баланы қабылдайтын кәсіби отбасы қызметінің құқықтық негізі, осы саладағы құқықтық қатынастар субъектілерінің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ баланы қабылдайтын кәсіби отбасының қорғаншылық немесе қамқоршылық саласындағы уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл жасау тетіктері айқындалады. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган мамандарының штат санының нормативі аудандағы, облыстық маңызы бар қаладағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы балалар саны негізге алына отырып, 5000 балаға кемінде бір маман арақатынасында айқындалатын норма енгізіледі", - делінген қорытынды құжатта.
Азаматтық процестік кодекске өтініш берушінің жұбайы әке болуды анықтаған баланы асырап алу кезінде асырап алынатын балаға қатысты әке болуды растайтын молекулалық-генетикалық сараптама қорытындысы қоса берілуі тиіс норма енгізіледі.
Заң қабылданған кезде білім беру процесінің сапасын арттыру және балалардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейту күтіледі.
Заң шеңберінде мемлекеттік наградалар жүйесіне көлік, құрылыс, геологиялық-барлау, металлургия, тау-кен өндіру, аграрлық, су және экономиканың өзге де салаларының мамандары, сондай-ақ ғалымдар мен өнертапқыштар үшін құрметті атақтарды енгізуге бағытталған бірқатар түзетулер көзделген. Бұдан басқа құжатпен 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту саласында қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау тәртібі енгізіледі.