Бала асырап алғысы келетін азаматтарға қойылатын талаптар қатаңдатылатын болды, деп хабарлайды Orda.kz.
Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі мәлімдеме жасады. Елде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуде ерлі-зайыптыларға басымдық беретін бірнеше заңнамалық норма әзірленді. Вице-министр Еділ Оспанның сөзінше, оларға артылатын міндеттер қатаңдатылмақ.
Мысалы бала асырап алушы мен асырап алған бала арасында жас айырмашылығы белгіленеді. Сонымен қатар үміткер соттылыққа қатысты мәліметті жыл сайын жаңартып отыруы керек. Бала асырап алушылардың міндетті психологиялық тексеруден өтуі және аккредиттелген ұйымдар арқылы оқытылуы міндеттелді.
Қазір түзетулер мемлекеттік органдардың қарауынан өтіп жатыр. Кейін бұл нормалар парламентке ұсынылады.