Қонаев және Жетісу гарнизондарына жұмыс сапары барысында қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов оқу полигондарының инфрақұрылымын, ғимараттар құрылысы мен оларды жөндеу сапасын тексерді, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Қонаев гарнизонындағы "Шошқалы" оқу полигонында Десанттық-шабуылдау әскерлері әскери қызметшілерінің оқу және бақылау атыстары жаттығуларын орындауды ұйымдастыру барысымен танысты. Қорғаныс министрі блиндаж бен дрон трассасын тексерді. Онда әскери қызметшілер дрондарды анықтау және жою әдістерін қолданады.
Қорғаныс ведомствосының басшысы Арнайы операциялар күштерін даярлау орталығының, РХБҚ базасының, десанттық-шабуылдау бригадасының және басқа да әскери бөлімдердің инфрақұрылым объектілерінің жай-күйін зерделеді.
Медициналық рота ғимаратының құрылысы мен модульдік конструкцияларды қолдананып салынған казарманың құрылысын тексергеннен кейін ол жұмыстың сапасы мен мерзіміне назар аударды.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов сонымен қатар парашютпен секіруге арналған әуе-десанттық кешені бар оқу полигонын қарап, казармалардың жағдайымен танысты. Еліміздің әртүрлі аймақтарынан шақырылған сарбаздармен әңгімелесті. Тігін және аспаптар шеберханасында болып, әуе-десанттық техниканы өндіру мен күтіп-ұстау бөлшектерін нақтылады.
Әскери бөлімдер қолбасшылығының алдында қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов жеке құрамның жауынгерлік даярлығының сапасын қамтамасыз етуге, әскери инфрақұрылымды жетілдіруге және мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға бағытталған бірқатар міндеттер қойды.