Атырау, 18 желтоқсан 17:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

“ҚазАвтоЖолдың” бұрынғы басшысы сотталды

75 просмотра

“ҚазАвтоЖолдың” бұрынғы басшысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ресми деректерге сүйенсек, іс бойынша екі адам айыпталған, олардың бірі – «ҚазАвтоЖол» басқармасының бұрынғы төрағасы.

«Қылмыстық тергеу органы М. және Ж.-ны алдын ала сөз байласу арқылы, қызмет бабын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және жымқыру (ҚК 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы) бойынша айыптады. Тергеу барысында М. мен Ж. 2000 жылдардан бері таныс екені анықталды. Сотталушы М. 2017-2019 жылдары Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын басқарған, 2019-2021 жылдары облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған және “Жақсы-Есіл-Бұзулық” автожолындағы Есіл өзенінің үстіндегі көпірде орын алған мәселелерден хабардар болған», – делінген сот хабарламасында.

2019 жылы М. Ақмола облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Сол жылы «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның Ақмола филиалы мен Ж. басқарған «Асыл-ЖАС» ЖШС арасында аталған көпірді жөндеу бойынша құны 2,2 миллиард теңгені құрайтын келісімшарт жасалған. Сотта бұл қаражат мердігерге аударылмағаны анықталды.

2021 жылдың сәуірінде М. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалған. Ал маусым айында тапсырыс беруші бастамасымен келісімшарт бұзылып, мердігер «Асыл-ЖАС» ЖШС бұл шешімге сот тәртібімен шағымданбаған.

«2021 жылдың шілде-тамыз айларында М. Ж. мен басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен жиналыс өткізіп, “Асыл-ЖАС” ЖШС-мен бір көзден сатып алу тәсілі арқылы келісімшарт жасау мәселесін көтерген. Мұндай жиналыс өткізуге еш негіз болмаған. Ж. тарапынан жазбаша өтініш түспеген. 2021 жылғы 20 қазанда М. “Асыл-ЖАС” ЖШС-нің басшысы Ж.-ның “ҚазАвтоЖол” компаниясына 2019 жылы бұзылған келісімшарт бойынша қарызы бар деген сылтаумен сотқа шағым түсіруі мүмкін екенін алға тартып, бір көзден сатып алу тәсілі арқылы Dike консорциумымен және “Асыл-ЖАС” ЖШС-мен 2,2 миллиард теңгеден астам сомаға жаңа келісімшарт жасау туралы заңсыз бұйрық шығарған», – делінген сот хабарламасында.

Сотта анықталғандай, 2020 жылдың 21 қаңтары мен 2021 жылдың 7 қазанындағы сот шешімдері бойынша «Асыл-ЖАС» ЖШС және Dike ЖШС-ге оңалту рәсімдері қолданылған, олардың қарыздары тиісінше 264 миллион және 685 миллион теңгеден асқан. Консорциум мүшелерінің қаржылық тұрақсыздығы және келісімшартты орындау мүмкіндігінің болмағаны да анықталды.

«2021 жылғы 21 қазанда М.-нің бұйрығына сәйкес Ақмола филиалы консорциуммен келісімшарт жасасты. 2021 жылғы 28 желтоқсанда келісімшарт аясында “Асыл-ЖАС” ЖШС-нің есепшотына 200 миллион теңге аванс аударылып, ол М. мен Ж. тарапынан жымқырылған», – деп хабарлады сот.

Мемлекетке келтірілген шығын өтелмеген. Айыпталушылар кінәсін мойындамаған және оларды ақтауды сұраған.

«Қылмыстың ауырлығы, мемлекетке келтірілген аса ірі мөлшердегі шығынның өтелмеуі, жеңілдететін және ауырлататын жағдайлардың болмауы ескеріліп, сот мынадай үкім шығарды: М. (ҚазАвтоЖолдың экс-басшысы) – 8 жылға бас бостандығынан айыру, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде өмір бойы қызмет атқару құқығынан айыру. Ж. – 8 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және қаржы мен коммерциялық ұйымдарда 10 жыл бойы басшылық қызмет атқару құқығынан айыру. “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясының азаматтық шағымы қанағаттандырылды», – делінген сот үкімінде.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бүгін, 15:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.