Бүгін «КҚК-К» АҚ кеңсесінде компания тарихындағы маңызды оқиға болды: компания мен оның қызметкерлері арасында алғашқы ұжымдық шартқа қол қойылды.
Іс-шараға Каспий құбыр консорциумының бас директоры Николай Горбань, «КҚК-К» АҚ бас директорының үкіметпен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин, еңбек ұжымының өкілдері және бейнебайланыс арқылы мұнай өңдеу стансасының жұмысшылары қатысты.
«Қазақстан Республикасының мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-химия салаларындағы әлеуметтік әріптестік туралы 2023 - 2025 жылдарға арналған салалық келісім» негізінде әзірленген Ұжымдық шарт КҚК тарихында алғаш рет қабылданды. Ол кәсіпорынның өндірістік қызметі үшін қолайлы жағдай жасауға, жұмыстың тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге, жұмысшылардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Бас директор Николай Горбань бұл құжаттың маңызына тоқталды:
«Біз акционерлермен көптен күткен жаңа әлеуметтік ережелерді келістік. Қорытынды келісім қараша айының соңында өтті, бүгін біз осы маңызды жұмысқа нүкте қойдық. Атап айтқанда, жыл сайынғы еңбек демалысына біржолғы жәрдемақының мөлшері мен кәсіби мереке – Қазақстан Республикасы Мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне төленетін үстемеақы мөлшері ұлғайтылды. Сондай-ақ қызметкерлердің спорттық іс-шараларға жұмсаған шығындарын өтеу сомасы мен компания қызметкерлерінің балаларына арналған жаңа жылдық сыйлықтардың құны өсті, балаларды мектепке дейінгі мекемелерге беруге жұмсалған шығындарды өтеу мөлшері анықталды. Бұл ретте қызметкерлердің балаларын жоғары және орта кәсіптік оқу орындарында оқытуға ішінара демеушілік көмек көрсетіледі. КҚК-де жеті жыл жұмыс істеген және жұмыстан босатылған кезде жасына байланысты зейнетақы алу құқығына жеткен қызметкерлерге Қазақстан Республикасының мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне байланысты сыйақы төленеді. Ұжымдық шарт үш жылға жарамды болады. Осы уақыт ішінде біз оның қалай жұмыс істейтінін көреміз, қажет болса, өзгертулер мен толықтырулар енгіземіз. Компания дамып келеді, заман ағымына ілесу де маңызды», – деді Горбань.
Сонымен қатар, ол ұжымдық шарттың компанияның мәртебесін көтеруге де жасалған елеулі қадам екенін атап өтті. КҚК-К келесі жылы ұлттық «Парыз» сыйлығы байқауына қатысуды жоспарлап отыр.
– Біз жай ғана қазақ мұнайының 70 пайызын экспорттайтын компания емес, қайырымдылықпен белсенді айналысатын әлеуметтік бағыттағы ұйымбыз», – деді Горбань.
КҚК әлеуметтік бастамалары
Жиырма жылдан астам уақыт бойы Каспий құбыр консорциумы Атырау облысында білім, денсаулық сақтау және мәдениет салаларындағы көптеген қайырымдылық жобасына атсалысып келеді.
Компанияның әлеуметтік жауапкершілігінің мысалы ретінде қала маңындағы Талқайран ауылында 2022 жылдың қыркүйегінде басталған 900 орындық мектептің құрылысын айтуға болады.Ол 2025 жылдың наурыз айында ашылады деп жоспарланып отыр. Мектепте екі кітапхана, медициналық пункт, екі спорт залы, 210 орындық акт залы және 312 орындық асхана бар. Мектеп алаңында жақсы жабдықталған стадион, жүгіру жолы, теннис, волейбол және спорттық жаттығу алаңы болады.
Сондай-ақ мектеп жанынан балалар балет және компьютерлік сыныптар секілді түрлі үйірмелерге қатыса алатын жастар орталығын салу да көзделіп отыр.
Келісімнің мәні туралы
Келісімшартты жасау кезінде қызметкерлердің мүддесін қорғаған бас келісімшарт маманы Тимур Мұқанов:
– Ұжымдық шарттың арқасында жұмысшылардың материалдық және әлеуметтік жағдайын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік туды. Құжатта алғаш рет зейнеткерлер мен еңбек ардагерлерінің де мүдделері ескерілді. Қазір қызметкерлердің компания басшылығымен және акционерлерімен кері байланыс арнасы бар.
Оның айтуынша, келісімшарт бойынша кейінгі жарты жыл жұмыстар атқарылды. Қызметкерлер арасында сауалнама жүргізіліп, есептер құрастырылды, олар басшылық пен акционерлерге жеткізілді.
– Қызметкерлердің ұсыныс-пікірлерін жинақтау үшін әр бөлімнен бес өкіл таңдап алынды. Олардың қатарында өзім де болдым. Нәтижелер ұжымдық шарттың негіз болды», – деп түсіндірді Мұқанов.
Әлеуметтік артықшылықтар мен перспективалар
«Біз кәсіподақтарды тартпай-ақ қызметкерлермен тікелей сөйлесуді шештік, бұл тамаша нәтиже берді», – деп атап өтті Николай Горбань.
Компания және оның рөлі туралы
Каспий құбыр консорциумы – ТМД елдерінің энергетика саласындағы ең ірі инвестициялық жоба. Теңіз-Новороссийск құбырының ұзындығы 1511 км. Ол арқылы Қазақстанның экспорттық мұнайының үштен екісінен астамы тасымалданады. Компанияның акционерлерінінің қатарында «Шеврон», «ЛУКОЙЛ», «ҚазМұнайГаз» және т.б. сияқты ірі халықаралық корпорациялар бар.