Атырауда жетім балалардың тағдырына қол ұшын тигізгісі келетіндер жеткілікті. Сондықтан да Асырап алушы ата-аналар мектебі туралы жарияланым («АЖ», 11.07.13 күнгі «Тұлпардағы» жүздесу» мақаласын қараңыз) көптеген оқырмандарымыздың қызығушылығын тудырды.
АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ
- Қалалық білім беру бөлімі ММ-нің қамқорлық және қорғаншылық бөлімі мен облыстық білім беру басқармасының патронатты тәрбиелеу мәселелерімен айналысатын бөліміне, сондай-ақ, №1 интернаттағы Асырап алушы ата-аналар мектебіне де еш қымсынбастан хабарласа аласыздар,- дейді «Новая жизнь» жобасының үйлестірушісі Нелли КУЛИКОВСКИХ.
Асырап алушы ата-аналар мектебінетек бала асырап аламын деп түбегейлі шешкен және білім бөліміне құжаттар тапсырып үлгерген ата-аналар ғана емес, осы мәселе туралы ойланып жүрген адамдар да келе алады екен. Сонымен қатар топтағы сабақтарға қатысу да міндетті емес – барлық толғандырып жүрген мәселелер туралы мамандармен жеке сөйлесуге болады. Шілденің аяғында жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларды отбасыларға алу нысандары: қамқорлық, патронат және асырап алу тәртіптері көрсетілетін арнайы анықтамалықтар шығару жоспарланып отыр. Мұнда үміткерлерге қойылатын талаптар, қандай анықтамалар ұсыну керек және тағы басқа ақпараттар берілетін болады. Сондай-ақ, Нелли Куликовских халық арасында тарап жүрген асырап алу туралы жаңсақ пікірлерге түсінік берді. Біріншіден, туған балалары бар отбасылардың да баласыз жұптар мен жалғызбасты адамдар сияқты бала асырап алуға тең құқықтары бар. Егер сіздің отбасыңыз болмаса да, бала тәрбиелеуге барлық жағдайыңыз бар болса, өтініш жазуыңызға болады – бұл міндетті түрде қаралады. Алайда отбасылық жұптарға басымдық беріледі.
Екіншіден, адамдар бала асырап алуға жас ерекшелік шектеулері бар деп есептейді, мәселен 45 жасқа дейін. Ал шын мәнінде заңда асырап алушы ата-аналардың жас ерекшеліктері туралы айтылмаған. Алайда асырап алушы мен баланың жастары арасындағы айырмашылық 16 жылдан басталып, 45 жастан артық болмауы керектігін белгілейтін ереже бар. Яғни, 50 жасқа келгенде бала асырап алуыңызға болады, бірақ сіз 5 жастан асқан бала алуыңыз керек. 2015 жылдан бастап бала асырап алған отбасылар жәрдемақы алады деп күтілуде. Төлемдердің сомасы мен кезеңділігі әлі анықталған жоқ. Ал егер асырап алушы кейін баладан бас тартатын болса, бұл сомаларды кері қайтарып, айыппұл төлейтін болады. Айтпақшы, қазіргі уақытта да егер асырап алушы баланы интернатқа қайтаруды шешетін болса, оған алимент төлеуге міндетті. Ал кезектілік туралы айтсақ, өкінішке орай бала асырап алу үдерісі жылдарға созылып жатады, өйткені асырап алушылар дәл «өзінің» баласын күтеді: дені сау, белгілі бір ұлт өкілі, өздеріне аз да болса ұқсастау, сондай-ақ, әрине нәресте кезінен алғылары келеді.
РӘСІМДІК МӘСЕЛЕЛЕР
Бала асырап алу бойынша барлық рәсімдер ювеналдық сот арқылы өтеді. Сотқа асырап алушылар, қамқорлыққа беру органдарының өкілдері және прокурор қатысуы керек. Егер баланың жасы 10-нан асқан болса, асырап алуға оның келісімі алынады. Жасқа толмаған нәрестені рәсімдер аяқталғанша ата-аналар қамқорлыққа немесе патронатқа ала алады. Асырап алушыларға балаға жаңа есім, әкесінің атын, өз тектерін беруге құқылы – бұлардың барлығы соттың асырап алу туралы шешімінде көрсетіледі. Осы деректермен қатар, баланың туған күні мен туған жерін де өзгертуге болады. Мұны соттың асырап алу туралы шешімі шыққаннан 15 күннен кейін алады.
Алайда іс сотқа жеткенге дейін қамқорлық және қорғаншылық бөліміне тіркелуіңіз керек. Үміт-керлер бала асырап алу туралы өтініш жазып, келесі құжаттарды қосып тапсырулары керек:
1) тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын зерттеу актісі (қамқорлық және қорғаншылық бөлімінің маманы береді);
2) төлқұжат көшірмесі;
3) бала асырап алуға жақын туыстарының (асырап алушы некеде тұрған болса, жұбайының) жазбаша келісімі;
4) кемінде үш көршісінің (немесе жұмыс орнынан) қолдау хаттары;
5) жиынтық кіріс туралы анықтама (екі асырап алушының жұмыс орындарынан жалақысы туралы анықтама);
6) отбасы жағдайы туралы анықтама (асырап алушылар некеде тұрған болса, неке туралы куәлік);
7) денсаулығы туралы, соның ішінде жүйке аурулары, есірткі құмарлығы жоқтығы жөнінде анықтамалар;
8) сотталмағандығы туралы анықтама;
9) тұрғын үйге иелік ететіндігін растайтын құжат.
Қамқорлық және қорғаншылық органы өтініш берілгеннен кейін тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларына зерттеу жүргізіп, соның нәтижесінде асырап алу мүмкіндігі туралы акт жасайды.
- Кейбір асырап алушылар балаға неге жеке бөлме, өз кереуеті, шкафы және тағы басқалар керек деп, мұндай талаптарға наразылық білдіреді. Алайда, біріншіден, қойылатын талаптар осындай, екіншіден, интернатта балалар жеке заттарын сақтайтын өз бұрыштары барлығына үйреніп қалған. Оларға, әсіресе, үйренісіп кеткенше жеке кеңістік керек, - дейді Нелли Куликовских.
Келесі тұлғалар асырап алушы бола алмайды: сот іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекетке шектеулі қабілетті деп таныған, сот арқылы ата-ана болу құқығынан айырылған немесе ата-ана болу құқығы шектелген, өз міндеттемелерін тиісінше орындамағаны үшін қамқоршы немесе қорғаншы міндеттемелерінен шеттетілген тұлғалар, өз кінәлары үшін сот асырап алу құқықтарынан айырған асырап алушылар, денсаулық жағдайларына байланысты ата-ана болу құқықтарын жүзеге асыра алмайтын, тұрақты тұрғын үйі, тұрақты табысы жоқ, дәстүрлі емес жыныстық бағдар ұстанатын адамдар, асырап алу кезінде жойылмаған немесе мойнынан алынбаған сотталуы бар, азаматтығы жоқ тұлғалар, некеге тіркелмеген ер адамдар (анасының өліміне немесе ата-ана болу құқығынан айырылуына байланысты баланы үш жылдан артық уақыт нақты тәрбиелеген жағдайлардан басқа), наркологиялық немесе жүйке аурулары диспансерінде есепте тұрған тұлғалар.
Осындай талаптар баланы қамқорлыққа немесе патронатты тәрбиелеуге алғысы келген адамдарға да қойылады.
Асырап алушы барлық талаптарға жауап берген жағдайда есеп жорналына тіркеліп, құжат беріледі. Осының негізінде бала таңдау үдерісі жүреді. Сонымен қатар ол облыстың бала тәрбиелеу мекемесіне жолдама алады. Бұл жерде болашақ ата-ана асырап алу есебінде тұрған балалармен танысып, әңгімелесіп, таңдайтын баласы туралы нақты ақпараттар алып, құжаттарымен танысады.
Айта кетсек, тек өз облысыңдағы емес, өзге өңірлерден де бала асырап алуға болады. Бұл жағдайда асырап алушының деректері басқа қаладағы білім беру басқармасының органына жіберіледі.
ҚАМҚОРЛЫҚҚА АЛУ
Егер сіз баланы асырап алуға дайын болмасаңыз, алдымен өзіңізді қамқоршы ретінде сынап қарап немесе оны патронатты тәрбилеуге алуыңызға болады. Баланы қамқорлыққа және қорғаншылыққа алуды негізінен жақын туыстары - әжелері, аталары, кәмелет жасқа толған ағалары мен әпкелері ресімдейді және олар ресімдеуде басқа тұлғалар алдында басымдыққа ие. 14 жасқа дейінгі балалар қамқорлыққа алынып, одан үлкендері қорғаншылыққа ресімделеді. Қамқоршылар мен қорғаншылар баланың заңды өкілдері болып саналады және олар тәрбиелеу, оқыту және асырау мәселелерінде ата-ананың барлық құқықтарына ие болады. Бала қамқоршының немесе қорғаншының отбасыларымен бірге тұра алады, алайда ол өз тегін, атын, әкесінің атын, өзіне тиесілі алименттерді, жәрдемақыларды және басқа да әлеуметтік төлемдерді алу, сондай-ақ, жеке тұрғын үйге ие болу (егер бар болса) құқықтарын сақтап қалады. Кез келген отбасындағы сияқты қамқоршы баланы тәрбиелеп, оның денсаулығын қарап, физикалық және рухани дамуына үлес қосып, қамқорлауы керек. Қамқоршы қамқорлығындағы баланың жағдайы туралы, оны тәрбиелеу бағытындағы жұмыстары, жәрдемақыларды жұмсау туралы жарты жыл сайын есеп береді.
ПАТРОНАТ
Гүлжан (аты өзгертілді) қазірдің өзінде бір баланы пат-ронатты тәрбиелеуге алып, екіншісін алуға құжат ресімдеп жүр. Бұл салада тәжірибесі жеткілікті. Алға қарай асырап алуды да жоспарлап жүр. Әзірге әйел облыстық білім беру басқармасы мен патронатты тәрбиеші арасында жасалатын шарт негізінде әрекет етуде. Мемлекет патронатты отбасында тұрып жатқан баланы қамтамасыз етуді жалғастыра береді, оның ішіп-жеуіне ай сайын мектепке дейінгілер үшін 9 АЕК және мектеп оқушылары үшін 10 АЕК мөлшерінде жәрдемақы бөлсе, тоқсан сайын маусымдық киім алуға ақша бөлінеді, сонымен қатар патронатты тәрбиеші жалақы алады. Патронатты тәрбиелеудегі бала қамқоршылық немесе қорғаншылықтағы балалар сияқты ата-аналарынан алимент, ал олар өлген болса, асыраушысынан айырылуға байланысты жәрдемақы және басқа да төлемдерді алуға, қоғамдық көлікте тегін жүру, мектепте тегін тамақтану, жазғы демалыс сияқты жеңілдіктерге ие болу құқықтарын сақтайды. Егер бар болса, тұрғын үйге ие болу құқығы да сақталады. Олар сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға да құқылы.
- Шын мәнінде, біз көптеген шет елдерде кең таралған кәсіби патронатты отбасылар бағытына біртіндеп қозғалып келеміз. Патронатты отбасы баланы толыққанды күтіммен, қамқорлықпен және көңіл бөлушілікпен қамтамасыз етеді; отбасы ортасына түскен бала қарапайым жанұяда өмір сүру тәжірибесіне, өздігінен өмір сүру дағдыларына ие болады. Тәрбиешілер жалақы, балаларға арналған қаражаттарды алады және осыларды қалай жұмсағаны туралы мемлекет алдында есеп береді, - дейді Нелли Куликовских.
Міне, Гүлжан да бала үшін бір айда жойылған 17 310 теңгеге (10 АЕК) чек ұсынуы керек. Бұл оңай шаруа емес, өйткені қыз үшін алған барлық азық-түлікке бөлек чек соқтыруы керек, бұл кейде мүмкін болмай қалады. Мәселен, ол барлық отбасы мүшелері үшін 1 келі ет алса, балаға тиесілі 300 грамды қалай бөлесің? Алайда мұның бәрі текке жасалып жатпағанын Гүлжан түсінеді, мұндай тәжірибе тәрбиеші өз қамқорлығындағы баланың қаражаттарына жауапкершілікпен қарау керектігін түсінуге мүмкіндік береді. Айта кетсек, Гүлжан киім алуға берілетін ақшадан бас тартыпты, өзі сатып алып береді, сонымен қатар тегін лагерьге де баланы жібермепті.
- Қыста бізді түрлі интернат балалары жиналған жаңажылдық шыршаға шақырды. Олардың барлығы мекемелерге қатыстылығына қарамастан топтарға бөлініп тұрды. Ал менің қызым өзінің қалаған жерінен тамашалап тұрған. Алайда оның бұрынғы балалар үйіндегі үлкендері сес көрсетіп, ол сол сәтте «өз» тобына қосылды. Мұны көргенде жүрегім шым ете қалып, құшақтап тұрып: «сен енді олардікі емес, менікісің» дедім. Ол күйеуім екеумізді мама-папа дейді, туысқандарымызға қонаққа қуана-қуана барады, олардың балаларын аға-апа дейді. Енді оны асырап алғым келеді, - дейді Гүлжан. Әзірге ол тағы бір тәрбиеленуші ресімдеумен айналысып жүр.
Сөз арасында айта кетсек, Гүлжан үлкен қызын да, кішісін де таңдап алған жоқ, «бергенін» алды. Өйткені тағдырмен ойнауға болмайды деп есептейді. Мейірім мен махаббат, бәрібір, өз дегенін істейді. Міне үлкен қызы мейірім мен қамқорлықтың арқасында гүлдей құлпырып шыға келді. Оқу жылын беске аяқтап, музыка үйірмесіне барады, шахмат ойнайды.
Егер сіз балаларға көмектескіңіз келсе, өзіңіз қалаған бала тәрбиелеу нысанын таңдай аласыз. Асырап алушы ата-аналар мектебіне келіңіздер, тыңдаңыздар, көп біліп, өте маңызды қадам жасауға бел буыңыз.
Зульфия ИСКАЛИЕВА