Атырау, 26 қараша 02:25
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Шабақтарға бостандық!

4 863 просмотра

Жазғытұры Жайыққа өр суы келгенде, Махамбет және Индер аудандарының ойпат жерлерін суға толтырады. Бұл арналар кезінде өзен сағасы болса, қазір уылдырық шашатын балықтар үшін «перзентхана» рөлін атқарады.

Маусым айында өзендегі су деңгейі төмендеп, қайтқан сумен ірі балықтар шабақтарымен бірге өзенге оралады. Алайда желбезектілердің бір жартысы үлгере алмай, бөлінген суда қалып қояды.

Ыстықта суы азайған тоғандарда оттегі күрт азайып, уылдырықтан жарып шыққан шабақтарға ажал қаупі төнеді. Балықтар арасындағы «сәби өлімін» азайту үшін Жайық-Каспий бассейні балық шаруашылығы инспекциясы (балық қорғау инспекциясы) осы жерлерге балық аулау артельдерін жібереді. Олар тар көзді аулармен жас шабақтарды сүзіп алып, өзенге жібереді.

Кеңес үкіметі кезінде шабақтарды құтқаруға үлкен көңіл бөлінетін-ді. Кәсіпорындарда демалыс күндерін осы күмәнсіз маңызды іске жұмсайтын қызметкерлер бригадалары құрылатын.

80-ші жылдардың басында мұнай өндіру кәсіпорнында жұмыс жасайтын әкеммен бірге жас шабақтарды құтқаруға барғаным әлі есімде. Мұнайшылардың 5-7 метр сүзгілеріне жүздеген шабақтар түсіп жататын.

Үлкен балықтар да көп ауланатын. Тоған жағасындағы қазанда кемінде он шақты көксеркеден жасалған балғын балық сорпасы қайнап жататын. Біреулер гитара тартып, ән салатын. Адамдар өзен мен тоған арасында шабақ салынған су толы шелектермен ерсілі-қарсылы жүруден бір тынбайтын.

Мұнайшылар арасында керемет аспаздар да болды. Біреуі сүзгі ішінен үлкен бір көксеркені алып, қабығын ашып, тазалап, қазанға салды. Екі минуттан кейін ол балықтың іш майын шанышқымен іліп шығарып, маған ұсынды. Тіл үйірер сол бір дәм әлі аузымнан кеткен емес.

16 шілдеде фотограф екеумізді Махамбет ауданы Алға селосы (№17 ауыл) маңындағы Қоржын өзенінен шабақтарды қалай құтқарып жатқанын қарауға шақырды. 

Балық қорғау инспекциясы басшысының орынбасары Мәншүк ТЕМЕШОВАНЫҢ айтуынша, Махамбет және Индер ауданында бөлініп қалған 40 су айдыны бар екен. Бұлардың барлығында да кәсіпшілік балық түрлерінің шабақтары қалып қойған. Бұл жерлерде шабақтарды құтқарумен балық аулау кооперативтері айналысуда.

- Неге бұрынғыдай оқушылардан құтқару бригадалары құрылмайды?

- Бала еңбегін пайдалануға заң тыйым салады.

М. Темешованың айтуынша, шабақтарды құтқаруға мұнай компаниялары арасында ТШО ұжымы белсенді ат салысып жүр. Өткен жазда олар 5 мыңнан астам шабақты құтқарған.

Махамбет ауданы балық қорғау инспекциясының басшысы Арман МОЛДАШЕВТЫҢ  айтуынша, бір-екі күн турасында  бөлінген 15 тоғанның оттегі құрамын анықтауға сынамалар алынды. Әр көлде бұл көрсеткіш 1 литр суға 1,3-тен 6 миллиграмға дейінді құрады. Жалпы 1 литрге 4,5 мг болу керек. Қоржын көлінде бұл 1 литрге 6 мг болды.

Біз Қоржын өзеніне келгенде, ол жерде «Інжу-Маржан», «Құрманғазы» және «Жамбыл» балық аулау кооперативтерінің қаражатына жалданған, жергілікті тұрғындардан құрылған 18 бригада жұмыс жасап жатты. «Жамбыл» ӨК-нің төрағасы Руслан ИСМАҒҰЛОВ хабарлағандай, үш кооператив те бір адамның иелігінде және ол жыл сайын мелиорациялық жұмыстарға, соның ішінде шабақтарды құтқаруға 600 мың теңге бөледі екен. Жақында олар Алға селосы маңындағы Төлепқара су көлінен бір миллионға жуық шабақты құтқарған.

Кеңес жылдары мелиорация-лық жұмыстардың тиімділігін арттыру үшін бөлінген тоғандардың суын (шабақтармен бірге) арнайы қазылған арналар арқылы Жайыққа ағызып жіберетін. «Қазір неге мұндай әдістер қолданылмайды?» - деп сұрадым Р. Исмағұловтан. Оның айтуынша, бұл әдіске балық қорғау инспекциясы рұқсат бермейді, өйткені Жайық тасығанда, арнасын өзгертіп, елді мекендерді басып кетуі мүмкін.

Исмағұлов балық қорғау инспекциясының шабақтарды құтқаруға мәжбүрлегенімен, тоғандардан ірі балықтарды аулауға рұқсат бермейтіндігіне таң қалады: 

- Күзгі балық аулау маусымы 16 тамызда басталады. Біздің балықшыларымыз осы уақытқа дейін босқа отырады. Қыста бұл бөлінген тоғандар түбіне дейін қатып қалып, балық босқа қырылады.

Алға селосының 62 жасар тұрғыны Аманғали БАЛМАНОВ өмір бойы осындай шабақтарды құтқарып келеді. Оның бала кезінде ауылдың әр баласы жазғы каникулда құтқару бригадаларының құрамында жұмыс жасап, үйлеріне 50-ден 100 сомға дейін ақша әкелетін. Ата-аналар осы ақшаны мектеп құралдарына, сабақ киім-кешектеріне жұмсайтын. Шабақтары бар су құйылған бөшкелер өгіз жегілген арбаларға салынып, өзенге тасылатын. Күніне бірнеше мың шабақ құтқарылатын еді.

Жұмысшылар Қоржын көлінен ұсталған шабақтарды бөшкемен прицепті көне УАЗ-469 автокөлігіне тиеп, Жайыққа апарды. Өзеннің тізеден келер жеріне жеткен құтқарушылар бөшкені аудара салды. Шабақтар жапа-тармағай бостандыққа ұмтылды. Сәт сапар!

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

25 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.