Қараша айынан бері Жылыой ауданының шаруаларын Жем өзені бойында жүргізіліп жатқан түп тереңдету жұмыстарының салдары алаңдатып келеді. Қазір жағдай қалай екенін "AЖ" тілшісі анықтап көрді.
Естеріңізге сала кетсек, осыдан тура бір ай бұрын Жылыой ауданы «Қызылжар» жеріне 50-шақты жеке шаруалар мен фермерлер жиналып, Жем өзенін тереңдету жұмысына қатысты шағымын жеткізген еді. Себебі осы жұмыстар жүргелі бері өңірдегі мал су іздеп, дала кезіп кетті. Бұдан бұрын аудан әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ жобалаушылармен және облыс әкімдігімен ақылдасып, бір шешімге келетінін айтқан болатын. Алайда нәтиже жоқ.
Ауданда 2025 жылы су тасқыны болуы мүмкін деген болжамға байланысты алдын алу үшін осы жылдың тамызынан бастап мердігер «СапИнВест» ЖШС Жем өзені мен Құрсай өзегінің арнасын кеңейту және түп тереңдету жұмысын жүргізуге кірісті. Бұл жұмыс келесі жылға дейін жалғаспақшы. Алайда шаруалар түп тереңдету жұмысы мал өсіргендер үшін тиімсіз деп есептейді. Жем өзенінің екі жағын үйілген топырақпен көмкеріп тастаған, биіктігі шамамен 6-10 метр. Бұрын төрт түлік өзеннен, сағасынан, болмаса суаттардан су ішіп жүрген. Ал қыста шаруалар бірігіп, өзеннің мұзын ойып, суаттар жасайтын. Енді ол мүмкіндіктен айрылып қалған. Шаруалардың айтуынша, Жем жағасында басқа малды есептемегенде 1,5 мың жылқы бар.
- Менің жасым 63-те. Жұмыс жоқ, зейнет жасына жеткен жоқпыз, ал қазіргі күн көрісіміз мал болып тұр. Жолдасым базарда, балалар жұмыстан қысқарып қалған. Отыз шақты қойым мен он шақты жылқым бар нәпақамызды құрап тұрған. Ал Жем өзенің екі жағы топырақпен биіктегелі мал су іше алмай босып жүр. Қар қашан түседі, ол түскенше мал қайдан су ішеді, басымыз қатты. Жалпы бұл шикі жоба, халықтың мүддесі ойластырылмаған, ашындырмасын бізді! - дейді Төрехан МОЛДАҒАЛИЕВ.
- Жем өзенінің бірнеше сағасы бар, осы жұмыс жүргелі үш бірдей өзекті жауып тастады. Бұл табиғатқа жасалып жатқан қастандық. Жем өзені қырық-елу жылдан бері жөндеу көрген жоқ, бұл жұмысқа қарсылығымыз жоқ, бірақ жобаны жасағанда малдың шөлден қатып қалмауын да ойластырған жөн еді, - дейді Дінқуат ҚИТАРБАЕВ.
Осылай мұң шаққандарға қала әкімі Қадыржан АДИНОВ түсінік беріп, мәмілеге шақыра бастады.
- Биыл Құлсарының біраз бөлігін су басып, қаншама адам зардап шекті. Сол себептен келесі жылы да Ақтөбенің Мұғалжар тауынан келетін қарғын су мол келуі мүмкін, бұл болжам ғана. Өйткені бұрынғы болған су тасқындарын зерделегенде екі жыл қатарынан келген екен. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, келесі жылғы су тасқынына төтеп беру үшін тамыздан бері 95 шақырымдай Жем өзені мен Құрсай өзегінің арнасына кеңейту жұмыстары жүруде. Су мол келсе өзеннің бойымен Каспий теңізіне шығуға мүмкіндік бар, - деді әкім.
- Жемнің екі жағын бос топырақпен үйгеннен не шығады, Құлсарыда су тасқыны болғанда бос топырақты су шайып кеткен. Мұны да жаруы мүмкін ғой, өзенді тереңдетіп қазып, болмаса сол үйілген топырақты нығыздап неге бастырмайды, сонда малдың суға жетуіне жол ашылар еді, - дейді шаруалар ренішпен.
Қалай еткенде де жобаға өзгеріс енгізе алмаймыз, суат қалдыру мүмкін емес дейді әкімдіктегілер.
- Нөпір су келсе сол суаттан шыққан тасқын су қаланы басып қалуы ғажап емес. Сәуірге дейін насос, мотопомпа арқылы өзеннен су шығарып, астаумен малды суғаруға болады, оған ешқандай қарсылық жоқ. Сәуір айына жетіп, өзен арнасы қалыпқа келгесін, мамандармен және округ әкімдерімен кеңесе отырып, суат шығару қарастырылады, - дейді Қ.Адинов.
Келісім
Екі сағатқа жуық далада тұрғанда екі жақ бір келісімге келмеді. Күн ызғарлы, суық, жылқылар биіктеу төбеден төмен түсіп, Жем өзенін жағалай бастады. Полиция сырттай бақылап тұрды.
- Осы «Қызылжар» төбесі биік, сол себептен осы жерден суат ашып берсе, бар малды осы жаққа бағыттар едік, - деп шаруалар соңғы тілегін жеткізді.
- Ондай болса қолхат беріңіздер.
- Осы күнге дейін ешкімге Жем өзені жабылады деп хабарлама жасаған жоқ. Бұған дейін мотопомпа арқылы су шығарасыңдар деп те ешкім айтқан жоқ, қазір ғана естіп отырмыз. «Қызылжар» жерінен суат шығарып берсін. Егер осы Қызылжар жерінен су жарып шықса, біз жауапты боламыз, егер Жем өзенінің арнасының кез келген жерін бұзса олар жауапты болсын, - деп мәлімдеді Маран ШЫҒЫР.
Шарасыз қалған шаруалар қолхат мәтінін дайындап, әкімдікке тапсыру жайының қамына кірісті. Бұдан бұрын да облыстық құрылыс басқармасының бастығы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ мердігер жұмысты өз күшімен жасап жатқанын айтқан болатын. Бірақ қанша қаржы бөлінетінін жауапсыз қалдырды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет пен видеоны түсірген автор