Атырау, 25 сәуір 02:25
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Әкелер мен балалар

3 049 просмотра

– Мен әйеліммен бір жыл бұрын Махамбет сотында әйелімнің мекен-жайы бойынша ажырастым. Кәмелетке толмаған екі баламды маған тәрбиелеуге қалдырғанын қалаған едім, өйткені әйелім бірге өмір сүрген 6 жыл ішінде балаларға қараған жан емес. Бірақ Махамбет соты менің дәлелдеріме және әрі бірінші некедегі бұрынғы әйелімнен туған қызымды оның ата-анасы тәрбиелеп жатқандығына қарамастан балаларды әйеліме қалдырды. Әйелімнің анасы түсініксіз дінді ұстанады, сол үшін жұмыстан қуылған. Өгей әкесі вахтадан келгенде ішімдікке салынады, мас күйде көлік айдағаны үшін екі рет жүргізуші куәлігінен айырылған, тұрақты жұмыс орны жоқ. Олардың бәрі жайлы жағдайы жоқ шағын ескі үйде тұрады. Оның үстіне анасы отбасының басқа мүшелерін кәпірлер деп, үйдің бір жартысында жеке өзі тұрады.

Аудандық комиссия өкілі осыған қарамастан әйелімнің пайдасына керемет анықтама жазып беріп, айына бір реттен жиі әкесімен кездестірмеуге кеңес берген.

Балаларды демалыс күндері алып кеткен кезде, олар кері анасына оралғылары келмейді. Неше түрлі сұмдықтарды айтады. Мен заңгерлермен кеңескен едім, олардың бәрі соттасудан түк шықпайтынын айтады. Заң әйелдің жағында, балалардың да жасы 10-ға толмаған, ата-анаңның қайсысымен бірге қалғың келеді деп сұрауға болмайды дейді. Мен не істеуім керек?

Мақсот ОРАЗБАЕВ

Ахуалға адвокат Гүлсім САБЫРОВА түсінік берді:

– ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің (әрі қарай - Кодекс) 68-бабына сәйкес, ата-аналардың өз балаларына қатысты тең құқықтары және тең мiндеттерi (ата-ана құқықтары) болады. Кодекстің 70-бабының 2-тармағына сәйкес, бала тәрбиелеушi ата-аналар оның дене бітімі, психикалық, адамгершілік жағынан және рухани дамуына қажеттi өмiр сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін жауаптылықта болады.

Кодекстің 73-бабында ата-аналары бөлек тұратын кезде баланың тұрғылықты жерi мен заңды мекен-жайы ата-аналарының келiсiмiмен белгiленедi деп көрсетілген. Келiсiм болмаған кезде ата-аналардың арасындағы дауды баланың мүдделерiн негiзге алып және оның пiкiрiн ескере отырып, ата-аналардың талап етуі бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қатысуымен сот шешедi.

Бұл ретте сот баланың ата-аналардың әрқайсысына, аға-iнiлерi (қарындастары) мен апа-сiңлiлерiне үйiрлiгiн, баланың жасын, ата-аналардың адамгершiлiк және өзге де жеке қасиеттерiн, ата-аналардың әрқайсысы мен баланың арасындағы қарым-қатынастарды, баланың дамуы және тәрбиесі үшiн жағдайлар жасау мүмкiндiгiн (ата-аналар қызметiнiң түрiн, жұмыс режимін, ата-аналардың материалдық және отбасылық жағдайын және басқа да осындай жағдайларды) ескередi.

Сіздің балаларыңыздың пікірін сот тек олар он жасқа толған кезде ғана назарға ала алады. Мұндай норма заңды негізделген және орынды деп танылған. Өйткені кішкентай (он жасқа дейінгі) бала өмірдің ақиқатын түсінбейді және тез иланғыш келеді.

Кодекстің 62-бабына сәйкес, бала отбасында өз мүдделерiн қозғайтын кез келген мәселенi шешу кезiнде өзiнiң пiкiрiн бiлдiруге, сондай-ақ кез келген сот немесе әкiмшiлiк iсін қарау барысында тыңдалуға құқылы.

Бұл өз мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, он жасқа толған баланың пiкiрi міндетті түрде ескерiлуге тиіс. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын  органдар немесе сот он жасқа толған баланың және заңды өкілдердің қатысуымен өзі берген келiсiмiмен ғана шешiм қабылдай алады. Баланың пікірі ата-аналарының немесе баланың тұратын жері бойынша басқа да заңды өкілдердің қатысуымен қабылданған, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның шешімімен ресімделеді.

Балалардың тар жерде тұратындығы, отбасының ересек мүшелерінің спирттік ішімдік ішетіндігі, дәстүрлі емес діни ағымды ұстанатындығы және т.б. жағдайларды деректі фактілермен дәлелдеп, сот қарауына ұсыну керек. Егер талап-арыз бен ұсынылған құжаттар негізінде сот балалардың әкесімен бірге болғаны дұрыс деп шешсе, кәмелетке толмаған балаларды әкесінің тәрбиесіне береді.

25 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.