Атырау, 26 қараша 02:50
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Топырақ туралы толғаныс

5 738 просмотра

Жақында облыстық сот облыстық экология департаментінің ауданаралық экономикалық сотының шешіміне қатысты берген аппеляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды (биылғы жылдың сәуірінде экономикалық сот экология департаментінің «Атырауинждорстрой» ЖШС-не берген 1 млрд 332 млн теңгедегі экологиялық зиянды өтеу туралы талап арызын қабылдамай тастаған еді).

ТОПЫРАҚ ЖЕР ҚОЙНАУЫ ЕМЕС

Бұл өте маңызды шешім болғандықтан оған толығырақ тоқталған жөн. Экология департаментінің талап арызы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Заңының, ҚР Жер және Экологиялық кодекстерінің қолданылуы бойынша табиғат қорғау прокуратурасы тағайындаған 2012 жылдың 27 қыркүйегіндегі тексеру жұмыстарының нәтижелеріне негізделген. Табиғат қорғау прокуратурасының тұжырымы бойынша, «Атырауинждорстрой» кен орындарындакең таралған пайдалы қазбаларды (КПҚ) заңсыз, тиісті рұқсатсыз өндіріп, соның нәтижесінде қоршаған ортаға зиян тигізілген. Сот отырыстарында бұл тұжырымдамалардың ақиқатқа сай келмейтіндігі анықталды.

Біріншіден, жауапкер жаңа жолдарды салу үшін және бұрынғы жолдардың жер (топырақты) құрылымдарын қалпына келтіру үшін КПҚ-ны емес, топырақты пайдаланды. Топырақтар қазаншұңқырлардың бөгде қожайындарынан жобалау-сметалық құжаттамада қарастырылған көлемде сату-сатып алу келісімшарттарына сәйкес сатып алынды. Тиісті есепшоттар тексеруші органдарға ұсынылды.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Заңының 1-бабының 80-тармағына сәйкес, пайдалы қазба – жер қойнауындағы табиғи минералдық түзiлiм, көмiрсутектер және жерасты сулары боп табылады. Ал «Топырақтық құрылыс материалдарын зерттеу. Жұмыс өндірісіне қойылатын техникалық талаптары» 1.02-19-2007 ҚР ҚН мемлекеттік нормативінің 4.3 және 4.5 тармақтарына сәйкес, ірі кесекті, құмды, сазды және тасты топырақтар кең таралған пайдалы қазбалар боп табылмайды және өнеркәсіптік күйдегі құрамында пайдалы қазбалар болмайды.

ҚР Құрылыс және ТКШ істері жөніндегі агенттіктің 9 тамыз 2011 жылғы №1-3-07/101-471 хатына берілген жауапта ғалымдардың – аталмыш нормативтің авторлары тобының жетекшісі, техникалық ғылымдардың докторы С. Нұрақов 1.02-19-2007 ҚР ҚН 4.3-тармағында топырақтық құрылыс материалдарына не жататындығы туралы қандай да болмасын басқа түсіндірмесіз толық ұғым берілгендігін белгілеген.

Топырақ жобалау-сметалық құжаттамаларда материалдық ресурстар тізбесіне кірмейді. Құрылыс сметаларында топырақтың құны нөлмен тең. Сметаларда топырақты тиеу және жұмыс орнына тасымалдау жұмыстарымен қатар өңдеу жұмыстары ғана ескеріледі.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Заңының қазақ тілді редакциясының 1-бабының 12-тармағына сәйкес, жер қойнауы топырақ қабатынан төмен орналасқан. Пайдалы қазбалар жер қойнауында, яғни, топырақ қабатынан төмен орналасқан жер қыртысының бөлiгiнде орналасады. Жер кодексінің 12-бабының 39-тармағында, топырақ қабаты – жердің құрғақ үстіңгі қабаты, тек өзіне тән құрылымы, құрамы мен қасиеттері бар ерекше табиғи түзілім делінген.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Заңының 3-бабының 2-тармағына сәйкес, жердi (топырақты) пайдалану және қорғау жөнiндегi қатынастар ҚР Жер кодексімен реттеледi. 2012 жылдың 1 тамызынан бастап ҚР аумағына қолданысқа енгізілген Мемлекетаралық «ГОСТ 25100-2011. Топырақтар. Жіктеу» мемлекеттік стандартының 3.8-тармағына сәйкес, «топырақ – кез келген тау жыныстары, жер қыртысы, шөгінділер және техногендік түзілімдер». Жіктеуде топырақтардың алуан түрлілігі тасты, ұнтақты және қатқан топырақтар боп бөлінген. Б 16-кестеге сәйкес табиғи ұнтақты топырақтарға (дисперсный грунт):құмдақ топырақ (супесь), саздақ топырақ (суглинок),саз(глина) жатады.Топырақты қабат (3.31-тармақ)– табиғи ұнтақты топырақтардың жоғарғы қабаты(почва -поверхностный слой дисперсного грунта).

29 наурыз 2013 жылғы облыстық статистика департаментінің анықтама-хатында топырақ пен оның бағасына статистикалық есеп жүргізілмейтіндігі белгіленген. ҚР Салық кодексінің 342-бабына сәйкес, топырақтарға «роялти» салығы салынбайды.

Атырау облыстық геотехника-лық орталықтың 8 сәуір 2013 жылғы және «Ақтөбе геологиялық зертханасы» ЖШС-нің 10 маусым 2011 жылғы жүргізген зертхана зерттеулерінің нәтижелеріне сәйкес, «Атырауинжстрой» ЖШС қолданатын шикізат табиғи ұнтақты топырақтар жіктеліміндегі құмдақ топырақ боп табылады.

Осы және басқа да дәлелдерді қаперге алып, сот «топырақ - кең таралған пайдалы қазбалар боп табылмайды» деген шешім қабылдады.

Екіншіден, сотта экология департаменті топырақты пайдалану кезінде жауапкердің қоршаған ортаны ластағандығы туралы бірде-бір рет ресми дәлел келтірген жоқ.

 

ЕРЕЖЕ ЗАҢНАН ЖОҒАРЫ МА?

«Топырақтық құрылыс материалдарын зерттеу. Жұмыс өндірісіне қойылатын техникалық талаптары» 1.02-19-2007 ҚР ҚН мемлекеттік нормативінің 4.5 тармағына сәйкес, топырақтық құрылыс материалдарын зерттеуде пайдалы қазбалар кеніндегі қорларды іздеу, барлау, есептеу және бекіту регламентін белгілейтін талаптарды қолданбау керек. Осыған қарамастан, ҚР жаңа технологиялар министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің «Запказнедра» өңіраралық аумақтық департаменті өз бақылауындағы аумақтарға (Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарына) ведомостволық ережені қолданысқа енгізген. Бұл ереже бойынша жер қойнауын пайдалану операцияларына сәйкес, яғни, геологиялық-барлау жұмыстары арқылы топырақты ойып алуды талап етеді. Ал «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР заңында мұндай талаптар қарастырылмаған және қарастырылуы да мүмкін емес. Өйткені, жоғарыда аталып өткендей, осы заңның қазақ тілді редакциясындағы 1-баптың 12-тармағына сәйкес «жер қойнауы топырақ қабатынан төмен орналасқан».

Сонымен қатар, бұл ереже ҚР пайдалы қорлары жөнiндегi мемлекеттiк комиссияның Батыс Қазақстан бөлімшесінде топырақ қорларын (сараптамасын) бекіткеннен кейін міндетті түрдетрассадан тыс топырақ резервтерінен топырақты өндіруге кен телімін алуды талап етеді. Ал Үкіметтің 2010 жылғы 30 желтоқсандағы №1459 қаулысында топырақты ойып алу үшін кен телімін алу қарастырылмаған.

Осы заңсыз ведомостволық ереже барлық қадағалау, барлық жергілікті атқарушы органдардың жетекші құжаты боп табылады.

Нәтижесінде төрт жыл бойына, 2009 жылдан бері республикалық маңыздағы «Ақтөбе - Атырау - Астрахань» көлік жолдарының учаскесін күрделі жөндеу жұмыстарының мердігері «Атырау жолдары» ЖШС-не «Қостанайжолжоба» жобалау институты қарастырған Мақат поселкесінің маңындағы 12.09 га жер уақытша пайдалануға берілмей келеді. Мақат ауданының әкімдігі облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жасақтаған жер қойнауын пайдалану құқығының келісімшартын ұсынуды талап етіп, топырақты пайдалану мақсатында жер телімін бөлуден бас тартып отыр. Алайда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Заңының топырақты ойып алуға еш қатысы жоқ.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасындағылар 2007 жылдан бері қолданысқа енген және әлі күнге дейін күшін жоймаған топырақты өндіру мораторийі туралы үнемі айтып келеді. «Атыраужолдары» ЖШС-нің ресми растайтын құжатты ұсыну өтінішіне басқарма бастығының орынбасары А. Қуанышкереев 2007 жылдың 20 наурызында Н.Ә.Назарбаевтың төрағалық етуімен өткен «Ірі жобаларды инвестициялау туралы» мәселе қарастырылған кеңестің хаттамасын жолдады. Бірақ ол құжатта топырақты өндіру үшін жер телімдерін ұсыну мораторийі туралы бірде-бір сөз жоқ.

Ал жер телімдерінің жеке меншік иелері мен өз мұқтаждықтары үшін КПҚ пайдалануға құқық алған жер пайдаланушылар табиғаттың жаратылысын – құм-қиыршық тас қоспасын (ҚҚҚ) алғысы келгендерге сатады. Құм-қиыршық тас қоспасын алушылар негізінен - мемлекет меншігі боп табылатын жолдарды салып, жөндеу жүргізетін, сонымен қатар тапсырыс берушілердің жобалау-сметалық құжаттарында ҚҚҚ алу үшін қарастырылған миллиардтаған теңге бюджет қаржысын жұмсайтын жол-құрылыс мекемелері боп табылады. Сонда ҚР Жер кодексінің 19-бабының 2-тармағына сәйкес аталмыш жер телімдерін мемлекет меншігіне алып, миллиардтаған бюджет қаржысын шығындамай-ақ, тікелей осы ҚҚҚ-ны мемлекет мұқтаждығы үшін пайдалануға болатын болса, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Заңының 1-бабының 53-тармағы мен 27-бабының 1-тармағын бұзу кімге керек деген сұрақ туындайды.

 

ӨЗГЕРІСТЕР ҚАЖЕТ

Мұның негізінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңда, ҚР Жер кодексінде және басқа да заң актілеріндегі кейбір қарама-қайшылықтар жатыр. Атап айтсақ, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңның орыс тілді редакциясының 1-бабының 12-тармағында Жердің «қабаттық» құрылымынан «грунт» деген түсінік түсіп қалған, соған байланысты «жер қойнауы» «почвенный слой» астында орналасып, ол кез келген өңдеуге «жер қойнауын пайдалану құқығын» талап ететін пайдалы қазбалар мәртебесін алған.

ҚР Жер кодексінің 19-бабының 1-тармағында жердің топырақтан тұратындығы ескерілмеген. Соған қарағанда атқарушы органдар жер учаскелерін топырақсыз беретін болғаны ғой. Сонда олардың шын мәнінде нені бөлетіндігі түсініксіз.

Басқа да жайттар бар. Менің пікірімше, заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізу керек:

а) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Заңының орыс тілді редакциясының 1-бабының 12-тармағындағы «почвенного» деген сөзді «грунтового» деген сөзбен ауыстыру керек. Сонда бұл тармақ редакцияда: «Недра – часть земной коры, расположенная ниже грунтового слоя...» деп жазылған болар еді;

ә)ҚР Жер кодексінің орыс тілді редакциясындағы 12-баптың 39-тармағындағы «почвенный» деген сөз«грунтовый» деген сөзбен ауыстырылып, бұл тармақ «грунтовый слой – поверхностный слой суши земли, особое природное образование, обладающее только ему присущим строением, составом и свойствами» деген мәтінде баяндалса;

б)  «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР заңының 1-бабының 48-тармағындағы «құм, саз» деген сөздерді «кварцты, баяу балқитын, тез балқитын», «топырақтан өзге» деген сөздермен толықтырып, «қиыршық тас» деген сөзді алып тастап, «саз балшықты тақтатас» деген сөзбен толықтыру керек. Сонда бұл тармақ: «Кең таралған пайдалы қазбалар - табиғи күйінде немесе сәл өңделіп және тазартылып пайдаланылатын кварцты құм, баяу балқитын, тез балқитын саз және топырақтан өзге басқа да пайдалы қазбалар» деп жазылар еді.

в)ҚР Жер кодексінің 19-бабының 1-тармағын «топырақ пайдалану» деген сөзбен толықтыру. Сонда бұл тармақ былай баяндалады: «осы Кодекстiң 13 және 16-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерiн жеке меншiкке және жер пайдалануға (топырақ пайдалануға) беру»;

г)ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 7 сәуірдегі № 397 қаулысымен бекітілген «Кең таралған пайдалы қазбалардың тізбесінен» «саздақ топырақ», «жұмыр тас» пен«қиыршық тас», «қиыршық тас-құм қоспасы» сөздерін ГОСТ 25100-2011-ге сәйкес алып тастау;

е) үкімет деңгейінде «Топырақ пайдалану құқығын ұсыну ережесін» жасақтау.

Осы өзгерістерді тезірек енгізу керек деп есептеймін. Әйтпесе, ел аумағындағы жер бетінен топырақтар «ғайып болғандай», есесіне кез келген жерден жеке меншікке «кеніш» ашуға және кәсіпкерлер мәжбүрлі түрде, тіпті мемлекет мұқтажы үшін де сатып алатын кең таралған пайдалы қазбалар түрінде топырақты да сатуға мүмкіндік бар болып шығады ғой. Кезінде туған жердің бір уыс топырағын алып майданға аттанған Ұлы Отан соғысына қатысушылар осынау шектен шығушылықты тоқтатуға әрекет еткендерімен, бұдан нәтиже шықпаған еді: 2010 жылы олардың бастамасымен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңға енгізуге ұсынылған өзгерістер назарға алынбады. Соған қарағанда, шенеуніктердің мүддесін қорғаған лоббишілер күштірек болғанға ұқсайды.

Қали ӘУБЕКЕРОВ,

«Атыраужолдары» ЖШС-нің және соттағы «Атырауинждорстрой» ЖШС-нің өкілі

25 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.