Атырау, 8 қазан 21:00
 бұлттыВ Атырау +14
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Сарсаңға салған субсидия

2 556 просмотра

Біз облыстағы ауылшаруашылық тауар өндірушілерге арналған 2011 жылғы 46 млн теңге субсидия қаржысының ізім-қайым жоғалғандығы туралы бұған дейін бірнеше рет жазғанбыз. Бұл қаржының  қандай себептермен төленбей қалғандығын анықтау әлі күнге дейін оңай болмай отыр.  Дала диқандары субсидия қаржысы төленбесе бейбіт түрде ереуілге шығуға бекініп отыр.

ҮКІМЕТТІҢ ҚАУЛЫСЫ АЯҚ АСТЫНДА ҚАЛДЫ

2011 жылғы 9 ақпандағы Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге суармалы суды беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау қағидасының 14-тарауында: «...тараптардың уағдаласуы бойынша су пайдаланушы қалған бөлігін субсидия алғаннан кейін төлеу жөнінде қосарлама міндеттеме ала отырып, су беруші көрсеткен қызметтер құнының кемінде

50%-н төлей алады» делінген. Алайда 2011 жылы белгіленген субсидия тауар өндірушілердің есепшотына түспей қалады да, олар сумен қамтушы «Қазсушар» РМК-ның Атырау филиалымен есептесе алмайды. Ал бұл мекеме 46 млн теңге қарыз болып қалған Махамбет ауданының 36, Индер ауданының 5 ауылшаруашылық тауар өндірушілерін сотқа берді. Наурыз айында Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты кәсіпорынның  талабын қанағаттандырып, Махамбет ауданындағы шаруа қожалықтарынан белгіленген соманың өндіріліп алынатыны жөнінде шешім шығарды.

- Сотта біздің  қарыздар болуымызға  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының субсидия қаржысын уақтылы төлемегендігі себеп болды деген уәжіміз негізге алынбады. 2011 жылғы субсидия мамыр мен маусым айына төленеді де, кенеттен шілде, тамыз, қыркүйек айына тиесілісі жоғалып кетеді,- дейді Махамбет ауданының тауар өндірушілері.

- Біздің кәсіпорынмен арадағы  сотымыз шілденің аяғында басталмақ. Махамбеттік әріптестеріміздің кебін киіп, жеңілетінімізді ішіміз сезеді. Қазір егінде жұмыстың қызған шағы, бізге соттасып жүру біраз уақытымыз бен жүйкемізді құртатын болды. Егіншілердің кінәсіз екенін біле тұра мұншама сабылту кімге қажет екенін түсінбейміз. Және неге екі жыл өткен соң ғана сотқа беріп отыр? Келісім шарт талабын орындамаған болсақ, онда неге су береді? - дейді Индер ауданының егіншілері Райса НЫҒЫМЕТДИНОВА, Қалығыз ЕСҚАЙЫРОВА, Сағат САДЫҚОВ, Санахмет ТӨЛЕГЕНОВ (суретте).

 

ПРОКУРАТУРА НЕГЕ ҮНСІЗ?

Осы жылғы көктем айында әбден ашынған махамбеттік егіншілер ҚР Президентінің сайтына арыздарын жазған болатын.

- Бұдан түк шықпады. Шағымымыз сайтта екі, үш күн тұрады, сосын алып тас-тайды. Біз қайта жазамыз. Ал облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы, құқық қорғау органдарына жазған арыздарымыздың жауабы жоқ, тым-тырыс. Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ сол кезде болмағанын алға тартып, бюджетте қаржы жоғын айтуда. Енді кімге шағымданарымызды білмей дал болудамыз, - дейді диқандар.

Владимир РОЗМЕТОВВладимир РОЗМЕТОВЕкі ауданның ауылшаруа-шылық тауар өндірушілері сушарлықтармен соттасып, жеңі-ліс тапқан соң,  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын сотқа берді. 

- Бір айдан бері облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен соттасып жатырмын. Сушарлықтармен болған сот бірер күнде бітті. Бұл сот процесі тіптен созылып кетті. Күннен-күнге күрделеніп барады. Үкіметтің қаулысында, облыс және аудан әкімдерінің шешімдерінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидия-лау атап көрсетіліп тұр ғой. Бізді сарсаңға салу кімге қажет? Неге бұған облыстық прокуратура үнсіздік танытуда? 46 миллион теңге аз ақша емес, оны жоғалтып алуға болмайды. Егер оларды бұрынғыоблыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ ұрласа, неге ол туралы ашық айтпайды? - дейді «Атырау өнімдері» ШҚ жетекшісі Владимир РОЗМЕТОВ.

 

ЕГІНШІЛЕР ЕРЕУІЛГЕ ШЫҚПАҚШЫ

Қазір дала диқандары егістіктегі негізгі жұмыстарымен айналысудың орнына адвокаттармен кеңесіп, арыз-шағымдар жазумен әбігерге салынып жүр. Ал баж салығы, соған байланысты басқа да шығындарды егіншілер өз қалталарынан төлеуде. 

- Қалайда әділдікке қол жеткізуіміз керек. Біз әлі соттасамыз. Егер соттар «сушарлықтардың» пайдасына шешсе, онда бейбіт түрде ереуілге шығамыз. Бұл біздің ақырғы шешіміз,- дейді дала еңбеккерлері.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

25 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.