Жиырма жыл бойы егін салумен айналысып келген Санахмет ТӨЛЕГЕНОВКЕ (суретте) биыл өзінің сүйікті кәсібінен бас тартуға тура келіп тұр.
- Егін егу оңай шаруа емес, оған көп тер төгу қажет. Кемпірім екеуміз тынбай жұмыс жасайтынбыз, балаларым, келіндерім көмектеседі кейде. Кең далада егін егіп, өнімін жинау зор ғанибет еді ғой. Қанша жақсы көрсем де бірақ бұл кәсібімнен қол үзбекпін. Өйткені, мені шаршатқан жұмыс емес, шенеуніктердің құр уәдесі мен қамқорлықтардың жалғандығы. Әділдікке жету мүмкін емес екен, соған көзім жетті, - дейді 67 жастағы Индер ауданы Бөдене селосының байырғы тұрғыны Санахмет аға.
2012 жылдың 17 сәуірінде «Жайықагро» КМК-нан қарызға картоп тұқымын алу үшін егіншімен екі арада келісім шарт жасалады. Келісім шартта көрсетілгендей қарызды олар картоппен немесе ақшалай қайтаруы тиіс болатын.
- Мен 6 тоннаға жуық картоп тұқымының бір келісі70 теңгеден келді. Ол кездерде картоп тұқымы базарларда 45-50 теңге шамасындай еді. Бізге қымбаттырақ тигенімен күзде өнімдей тапсырасыңдар дегесін қуана алдық. Шарттағы келісім бойынша 1 қарашада менен басқа тағы үш қожалық иелері болып картоп өнімін алып, Атырауға бардық. Сөйтсек кәсіпорынның картоп өнімін сақтайтын қоймасы жоқ болып шықты. Біз екі күн бойы сандалдық, өйткені «Жайықагро» КМК өнімді алудан ашықтан-ашық бас тартты. Ал біз шығынға баттық, себебі көлікті жалдап алғанбыз, - дейді Санахмет аға.
Индерлік егіншілер кәсіпорыннан күдер үзгесін көмек күтіп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына барады. Ондағы басшылық араша түсудің орнына «акт жасап, кете беріңдер, түк те болмайды» деп шығарып салған. Акт жасалса да, КМК егіншілерді сотқа берді.
Атырау облыстық ауданаралық экономикалық соты егіншілерге қарыздарын «Жайықагро» КМК банкрот болып таратылғандықтан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына 2013 жылдың күзінде өнімдей тапсыру жөнінде шешімін шығарды. Бұл жерде егіншілер екі рет шығынға ұшырады: олар тиісті субcидиядан қағылып, қарыз болып шыға келді. Бірақ оны дәлелдей де алмай отыр.
- Қарызға батып, соттың табалдырығын тоздырып, егін еккеннен қандай пайда?- дейді С. Төлегенов.
Оны да түсінуге болады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА