«Қазмұнайгаз» компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында Теңіз кенішіндегі жөндеу жұмыстарынан Қазақстан қанша мұнайдан қағылып жатқанын айтты, деп жазады Kazinform.
«Дәл қазір кестеден тәулігіне 10 мың тонна кешігіп жатырмыз. Біздің түсінігімізде бұл жылу алмастырғыштармен байланысты. Өндіріспен байланысы бар тағы бір жыл алмастырғыш тексеріліп жатыр. Жуық арада бұлар толық қуатына шығады», - деді Асхат Хасенов.
Айтуынша, бұл ауытқулар бюджетке кері әсер етіп жатқан жоқ.
«Теңізден жылына жалпы 27 млн тонна мұнай алу жоспарланған десек, қазір ол көрсеткіштен жоғары келе жатырмыз. Сондықтан бюджетке қандай да бір шығын келіп жатыр деуге келмейді. Екіншіден, жұмыс сапасының төмендігі туралы айтқаныңызға өндірісте ондай болып тұратынын айта алам. Бірақ бұл соншалықты шиеленіске ахуал деуге келмейді. Өндірістің азаюы тұтастай белең алған жоқ», - деді ҚМГ басшысы.