Атырау, 26 қараша 02:20
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Олар жоғарыдан бәрін көріп тұр ма? (+ФОТО)

5 036 просмотра

20 шілде күні Атырау облысына ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВ жұмыс сапарымен келді.

 

«БҰЛ ЖЕРДЕ ТӘУЕКЕЛДІ ЕШТЕҢЕ ЖОҚ»

Министр облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВПЕН бірге тікұшақпен «Феникс», «АтырауАгроөнімдері» (Махамбет ауданы), «Қарағаев» (Бесікті с.) секілді облыстағы бірнеше табысты шаруа қожалықтарын аралап, «Первомайский» (Бейбарыс с.) ЖШС-нің тауарлы сүт фермасының құрылыс алаңына аяқ басып, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның жылыжай және қойма кешендерін қарап шықты.

Сол күні «Қарағаев» шаруа қожалығында бекіре тұқымдастардың екі мың шабағын және сазанның екі миллион шабақтарын тоғандарға жіберу жоспарланған еді. Министр мен облыс әкімі бір уыс шабақты бөлінген су қоймасына сүйсіне жіберіп, осы жерде асыл тұқымды сиырлардың, қаздардың және әйгілі Еділбай тұқымды қойлардың шағын көрмесін ұйымдастырған шаруа қожалықтарының қожайындарымен тілдесті.

Министрдің кездесу барысында қойылған сұрақтарға берген жауабы көрсетіп отырғандай, ол мұнайлы облыстағы ауыл және балық шаруашылығының болашағына қатысты атыраулықтарға тән пессимизмді бөліспеді.

Бұл жерде климаттық аймақ өсімдік шаруашылығы үшін әбден қолайлы. Өнімдердің барлық түріне емес, әрине, бірақ мүмкіндік бар, оны дамыту керек, - деп мәлімдеді Мамытбеков. – Халықтың төлем қабілеттілігінің жоғарылығын және ұйымдастырылған ауылшаруашылық нарығының әжептәуір шалғайлығын ескерсек, өңір өнімнің негізгі түрлерімен өзін қамтамасыз етуге қабілетті. Осы жерден мәселені шешуге және жұмыс орындарымен, азық-түлік қауіпсіздігімен қамтуға болатын болса, алыстан тасудың қажеті қанша?

– Облыстың министрлік тарапынан жасаған көмегі бізде тәуекелді егін шаруашылығы аймағы дегенді білдіре ме?

– Бұл жерде тәуекелді ештеңе жоқ, бәрі ұйымдасқан суармалы негізде дами алады. Топырақтың агрессивті күйі, күннің ыстығы – осының бәрін ескеріп, сәйкес келетін сұрыптарды, тұқымдарды жетілдіру керек.

– Біздің өзіміздің жемшөп базамыз аз.

– Мен қазір шаруашылықтарды көрдім, егер айналысса, бәрі де бар. Сіздерде Орталық Қазақстанда, Солтүстік Қазақстан облысында, Ақмолада... өспейтін дәнді дақылдар өседі. «Фениксті» алып қарайтын болсақ, ол да басқалармен бірдей жағдайда жұмыс жасайды, бірақ неліктен екені белгісіз, оның жерінде бәрі өсіп тұр. Шөлейттегі жазиралы алқап дерсің.

 

АЛАҢДАР ӘЛДЕНЕШЕ ЕСЕ КӨБЕЙДІ

Сөзге облыс әкімі Ізмұхамбетов араласты:

– Айқын мысал келтірейік: бұл жерде бидайық, жоңышқа, мақсыр (сафлор) бар, сүт орталығы үшін бірнеше гектар жүгері өсіп жатыр. Осының бәрі өлке үшін жаңалық емес, біз бұларды енді ғана қалпына келтірудеміз. Бүгін Асылжан Сарыбайұлы айтқандай, біз қуаттылықтардың үнемі көбейіп жатқандығына қарамастан, тек бірер жылдан кейін ғана 90-шы жылдардың басында болған деңгейімізге шығамыз. Картоптың егістік алаңдары 57-ден 940 га-ға дейін, бақша дақылдары – 300-ден 1600 га-ға дейін көбейді. Келесі жылы алаңдар әжептәуір көбейетін болады. Ол үшін үкімет бәрін жасап жатыр. Судың 80 пайызы субсидиялануда – 10 га жерге 5 миллион теңге субсидия береді. Бұрын осындай болып па еді? Лизинг субсидиялануда, тұқымдар, тыңайтқыштар, гербицидтер де солай. Оның үстіне, егер біз бұрын биогумус сатып алған болсақ, енді өткен жылдан бері өзіміздікін өндіре бастадық. Бұл өте жақсы тыңайтқыш. Шығын көп кетпейді, нәтижесі де жоғары. Өткізу бойынша: қазір өсіріліп жатқан картоп, сәбіз, қызылшаларды біз тұрақтандыру қорына аламыз. Фьючерстік келісімшарттар бойынша біз оларды алдын ала төледік, осы қаржылардың арқасында шаруа қожалықтары тұқымдар сатып алды. Қазір жұмыстар жасалуда. Яғни, шаруа қожалықтарында өнімдер кепілдікпен өтеді.

–Өткен жылы шаруалар жемшөптерді сатып алу субсидияларының уақытында берілмегеніне шағымданған еді...

– Ешқандай дау болған жоқ. Өткен жылы біз Батыс Қазақстан облысынан жемшөп сатып алдық. Ал биыл мәселе анағұрлым жеңілдеді: Жайық бойынша 13 каналдың 12-сін толтырды. Бұл ескі көлтабандарды суландыруға мүмкіндік берді, - деді Ізмұхамбетов. – Малды азықтандыратын жерлерді лайықты түрге келтіреміз, каналдардағы осы судың есебінен өз жемшөбімізді өсіріп, көкөніс шаруашылығын көтермелей аламыз. Өз қажеттіліктерімізді жабу үшін әлі көп жұмыстану керек, бірақ әрі қарай дамытатын боламыз.

Жағдайға облыс әкімінің орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ түсінік берді:

– «Қалта» бухгалтериясын жүргізген және барлық қажетті есепшоттарды ұсына алмаған шаруа қожалықтарының қожайындары ғана шағымданды. Демек, олар субсидия ала алмаған.

 

БАНКТЕР МЕН СУБСИДИЯЛАР ТУРАЛЫ

А. Мамытбековтің айтуынша, банктер қазір ауыл шаруашылығына құлықсыз қызмет көрсетеді екен:

– Өйткені саладағы тәуекелділік өте жоғары. Көбінесе кепілдік базасы жеткіліксіз және рентабельділігі төмен болады. Жеке ақшалар ауыл шаруашылығына тек осы мәселелер шешілгенде ғана түседі. Жақында қабылданған мемлекеттік бағдарлама осы үш негізгі проблемаларға бағытталған. Қаржыландыруға сұраныс өте жоғары, тек өсімдік шаруашылығының өзіне триллион теңгеден астам қаржы керек. Әрине, бюджеттің бұған әлі келмейді.

– Аталмыш проблемалар қалай шешілмек?

– Рентабельділіктің төмендігіне қатысты инвестициялық субсидияларды енгізу жоспарланды. Бастапқы капиталдық шығындар өте көп болғандықтан ол рентабельді болмайды. Мәселен, сүт бизнесі кем дегенде 9-10 жылда өзін ақтайды. Ресейде «500 ферма» деген бағдарлама бар. Ол бойынша бірден шығынның 50 пайызы кәсіпкерге өңірлік бюджет есебінен өтеледі. Осындай механизмдер бізде де енгізілетін болады. Іске қосылған бойда қаржы салған инвестор жұмсалған капиталдық қаржысының белгілі бір бөлігін бюджеттен алады. Кепілдік базасының жеткіліксіздігіне келер болсақ, шаруалар үшін сақтандыру сертификаттары ұсынылып, несие тәуекелділіктерін сақтандыру шығындары субсидияланатын болады. Яғни, банкке кепілзат емес, осы тәуекелді сақтандыру туралы сертификат ұсынылатын болады.

 

КІНӘЛІЛЕР ЖОҚ

Біз 2008 жылы күйреген Владимир РОЗМЕТОВТІҢ жылыжайының төңірегіндегі ахуалға түсінік беруді өтіндік. Министр оның кешеніне де барған еді. Қысқаша еске сала кетсек: кәсіпкер «Қазагроқаржы» АҚ-ын (агроөнеркәсіп жобаларын қолдауға ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы бөлінген мемлекет қаржыларының негізгі қаржы операторы) сапасыз жылыжай жеткізді деп айыптаған болатын. Жергілікті климатқа бейімделмеген жылыжайды түріктерден сатып алған жеткізуші компания, Розметовтің айтуынша, із-түзсіз ғайып болған. Жобаның жалпы сомасы миллион еуро құрады. Яғни, бұл ақша желге ұшты.

«Қазагроқаржының» тигізген зияны 152 млн теңге құрады, бизнесменнің шығыны 2012 жылдың ақпанында 140 млн теңгеге жақындады.

– Осы жерде «Қазагроқаржы» басқармасы төрағасының орынбасары отыр, біздің ұстанымыз ұқсас: бұл жерде негізінен кінә мердігерден, - деді министр.

–Бірақ оны «Қазагроқаржы» таңдады ғой.

– Міне, осы жерде мәселе дұрыс қойылмаған, - деп сырбаздап сөйледі  министр. -  «Қазагроқаржы» мердігерді қарыз алушы таңдады деп растайды, қарыз алушы олай емес дейді. Ешқандай жазбаша дәлел жоқ. Бірақ әлдебір дау-таластар бар болса, олар сотта шешілуі тиіс. Жалпы қазір «Қазагроқаржының» таза классикалық лизингтік сызбаға көшкенін атап өткен жөн. Мұнда жабдықтар мен мердігерлерді таңдауды қарыз алушының өзі жүзеге асырады. «Қазагроқаржы» тарапынан ешқандай тықпалау болмауы тиіс. Ол жерде қазір қалай, Асылхан? – деді Мамытбеков «Қазагроқаржы» басқарма төрағасының орынбасары А. ЖҰБАШЕВҚА бұрылып.

– Оның өзі таңдады, –деді Жұбашев министрдің айтқанын қайталап.

Яғни, Розметов кінәлі ме?

– Кінәлі мердігер. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Біз онымен осы мәселелерді ұзақ талқыға салып, ортақ түсіністікке, ымыраға, бейбіт келісімге келдік, - деп сендірді Жұбашев.

Владимир Розметов келісім жасалғандығы туралы ақпаратты растады:

- Талқыға салу арқылы ымыраға келдік, бірақ қалай еткенде де сот процесінің соңын күту керек, тек сонда ғана нық айтуға болады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

 

«Атырау ӘКК» ҰК АҚ басқармасының төрағасы Абат ТАСИМОВТЫҢайтуынша, тұрақтандыру қоры үшін өнімдер сатып алуға 16 шаруашылықпен фьючерстік келісімшарттар жасалған. Картоп пен көкөністерді жалпы сатып алу көлемі 220 тонна құрайды, осы мақсатта республикалық бюджеттен Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы 85 миллион теңге бөлінген. Оның 70%-ы шаруашылықтарға берілген, қалғандары жеткізілу фактісі бойынша беріледі.

22 шілде 2013, 12:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.