Атырау, 26 қараша 02:59
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

«Қашаған мұнай өндіруді бастауға 98 пайыз дайын»

4 867 просмотра

17 шілдеде Атырауға мұнай және газ министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН жұмыс сапарымен келді Мұнай және газ министрінің сапары» жарияланымын қараңыз). Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВПЕН бірге Қашағанға барып келген министр жобаның мұнайды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіруге әзірлік деңгейі 98 пайыз деп атады.

ЫРЫМЫ ІСКЕ АСПАДЫ

– Құрлықтағы кешен дайын, қазір біз шикізат келетін аралдардың дайындығын көріп келдік. Бұл дүниежүзілік деңгейдегі күрделі технологиялық процесс, бәленбай шақырымдаған жабдықтар, мұның жауапкершілігі өте жоғары, қызбалыққа салынудың қажеті жоқ, - деді министр. – Ал біз мердігерлердің өте белсенді жұмыс жасап жатқанына көз жеткіздік. Жабдықтарды сынау нәтижелері (министр, шамасы, жасанды D аралындағы мұнай және газ дайындау теңіз кешеніне күкірттен тазартылған газды беру процедурасын меңзеп отырған болуы керек – З.Б.)келешекке сенім ұялатады. Осы жыл табысты болады деп үміттенеміз.

Министр «бәлкім», «үміттенеміз» деген сөзді әлденеше рет қолданды. Аралға барған сапарынан алған оптимистік әсеріне көз тимесін деп, тіпті, әзілдеп, ағашты соққысы да келген еді. Алайда журналистермен сұхбат КРІ біріктірілген газ-химия кешенінің құрылыс алаңында ашық жерде өткендіктен, олай ете алмады.

Жобадағы Conoco Phillips үлесін сатып алушы (8,4%, келісім сомасы $5 млрд, мұнай-газ жобаларындағы үлестерді қожайындары сатқан жағдайда, Қазақстан оларды сатып алуға басымды құқыққа ие – З.Б.) туралы сұраққа ол жалтарма жауап берді:

Әзірге түсінік бере алмаймын, сату-сатып алу жөнінде шаруашылық субъектілері арасында келіссөздер жүріп жатыр.

Қытай – түрлі әдіс арқылы жобадан салмақты орын алуға тырысып жүрген ықтимал үміткерлердің бірі. Бірақ Қарабалин сабыр сақтауға шақырды:

Бұл да таныс компания, мұның қауіпті ештеңесі жоқ деп ойлаймын. Бизнес заңдары бар, солар бойынша жұмыс жасайтын болады. Егер қытайлық компания үлкен болса, ол жерде мүдделері теңгерілетін одан да үлкен компаниялар бар. Біз үшін өнімнің болғаны және өнім бөлінісінің бекітілген келісімге сай болғаны маңызды.

 

«ТЕК МҰНАЙ МЕН ГАЗДЫ САТУ ЖЕТКІЛІКСІЗ»

Сапар бағдарламасы бойынша екінші нысан – жалпы жобалау қуаттылығы жылына 1,25 млн тонна полиэтилен мен пропилен болатын КРІ біріктірілген газ-химия кешенінің құрылыс алаңы. Алаң қаладан 30 километр қашықтықта, Қарабатанға жақын маңда орналасқан. Бүгінде ол жаққа теміржол тармағы салынып, көлік жолы төселген.

Жобаның бастапқы құны 6-6,5 млрд доллар құрады, бірақ бүгінде бұл цифр 9 млрд-қа дейін өсті. Ал қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі «оңтайлануда».

Жоба бойынша барлық шешімдер дерлік қабылданды. Оңтайландыру жүріп жатқандықтан, ТЭН-ді жаңа нұсқада жасақтауға байланысты белгілі бір кідірістер орын алды: үш кешенді және оның жанындағы кейбір технологиялық нысандарды біріктіріп, біз шығындарды азайта аламыз, - деді Қарабалин «Біріккен химия компаниясы» ЖШС («Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның еншілес компаниясы) басшылығымен жобаны талқылағаннан кейін.

«БХК» ЖШС - «Атырау облысындағы алғашқы біріктірілген газ-химия кешенінің құрылысы» жобасының операторы боп табылады. Оған пакеттің 51 пайызы тиесілі. Екінші құрылтайшы - АО SAT&Company.– ТЭН қазан айында дайын болады, сол кезде қаржыландыру мен басқа да істер бойынша алға жылжу басталады. Бұл Қазақстан үшін өте өзекті  жоба, өйткені бір облыстың аумағында осындай алып кеніштерге ие бола отырып, тек мұнай мен газды сату жеткіліксіз. Химиялық өнімдерді шығару есебінен қосылған құнды да алуға мүмкіндік бар. Бүгінгі күні мұндай өнімдерге Қазақстан мен үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша дамып жатқан нысандар мұқтаж боп отыр.

Газ-химия кешенінің құрылысы екі кезеңге бөлінген. Құны шамамен 2 млрд доллар болатын бірінші кезеңде қуаттылығы жылына 500 мың тоннадай болатын полипропилен өндірісінің желілері іске қосылады. Құрылыс кезеңінде жобада 4800 адам жұмыс істейтін болады. Шамамен оның 500-і кейіннен өндірістік қондырғыларға қызмет етуге қалады. Екінші кезең – полиэтилен өндіру. Бұл жоба жылына 800 мың тонна өнім шығаруға есептелген. Бұл жерде 2900 жұмысшылар мен мамандар жұмылдырылып, ал 480 адам жұмыс жасауға қалады. Нысандарды тапсыру мерзімі – 2016-2017 жж.

БХК басқармасы төрағасының орынбасары Жеңіс ӨСЕРБАЙ:

Полиэтилен мен полипропиленді өндіру басталмас бұрын келесі жылдың аяғына дейін полимер өнімдерінің өндірісін ашу жоспарланып отыр, - деді.

Өндірістік полиэтиленнен әзірге жылына 19 млн шаршы метр үлдір мен 48 млн қапшық шығару жоспарланған. Шикізат Еуропадан сатып алынатын болады, ал КРІ іске қосылғаннан кейін жергілікті ишкізатқа көшеді.

Осы жобалар жүзеге асқаннан кейін 2018 жылға қарай бутадиенді шығару өндірісін іске қосу жоспарланған.  Бұл жобаның құны – 105,2 млрд теңге. Өндіріс көлемі – жылына 229 мың тонна бутадиен.

 

БӨТЕЛКЕДЕН ДӨҢГЕЛЕККЕ ДЕЙІН

Жалпы жобаны жүзеге асыру бірқатар сұранысқа ие пластик бөтелкеден бастап, шина өнімдеріне дейінгі тауарларды шығаруға мүмкіндік береді. Мұнымен БХК жағдай жасауы тиіс өндірістер айналысады. «Ұлттық мұнай-химия индустриялық технобағы» жобасы өндіріс тізбегін білдіреді: газ-химия кешені шығарған полимерлерді шағын зауыттар шикізат ретінде қолданатын болады. Мұның бәрі Еркін экономикалық аймақтың (ЕЭА) бірыңғай аумағында болып отыр. БХК бұған ЕЭА-ны басқаруға маманданған сингапурлық Jurong компаниясын тартты.

Алайда болашақ кешеннің қуаттылығы ел шеңберіндегі сұраныстан едәуір жоғары, сондықтан қазірдің өзінде өнімді экспортқа шығару мәселесі қаралуда.

Сол күні министр Атырау мұнай өңдеу зауытына аяқ басып, ол жерде «Хош иісті көмірсутектерді өндіру кешенінің құрылысы» және «Мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы» жобаларын жүзеге асыру барысымен танысты.

Сапардың екінші күнінде министр «Теңізшевройл» ЖШС басшылығымен кездесіп, бірінші жартыжылдықтың қорытындылары бойынша «Ембімұнайгаз» АҚ-ның өндірістік қызметі туралы есебіне қатысты. Журналистерді бұл кездесулерге қатыстырмады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

19 шілде 2013, 11:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.