Атырау, 24 желтоқсан 06:23
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Каспий теңізі қалай соғыс алаңына айналды?

315 просмотра

Ресей Украинаны Каспий теңізінен де атқылап жатқанға ұқсайды. Рас болса, теңіздің бұлай қолданылуы қисапсыз кісі қазасымен бірге экологиялық апатқа да себеп болуы мүмкін, деп жазады Азаттық Радиосы. 

Ресей Украинаны Каспий теңізінен де, оның төңірегінен де атқылап жатқан болуы мүмкін. Бұл шабуылдар қаншама ғимаратты қиратып, қаншама кісінің өліміне әкелгені және теңіздегі қоршаған ортаға қандай зиян келтіргені әлі белгісіз.

Киев бұл жөнінде мәлімдеме жасап, Ресей 2022 жылы ақпанда Украинаға басып кіргенде алғашқы күндері-ақ осы теңіздің үстінен жойғыш ұшақтарымен зымыран атқан және мұндай шабуылды кейін де жасаған деді

Каспий теңізінің төңірегінде тұратын адамдар да әскери зымыран ұшып бара жатқанын көрдік деген. Бірі тіпті зымыранның видеосын да жариялаған. Ұшу үлгісіне қарағанда, видеоға түскені – "Калибр" қанатты зымыраны.

Кей жергілікті тұрғындар әскери қимыл салдарынан қоршаған орта ластанып жатыр дейді. Ал бірқатар журналист Каспийдегі итбалықтардың жаппай қырылуын осы зымыран ұшырумен байланыстырады.

Ресей Украинаға Каспий теңізінен шабуылдағанын мәлімдемеді. Бірақ 2015 жылы Ресейдің сол кездегі қорғаныс министрі Сергей Шойгу Каспийдегі теңіз флоты Сириядағы нысандарды "Калибр" зымыранымен атқылағанын айтқан. Содан кейінгі жылы да осыған ұқсас мәлімдеме жарияланған.

2022 жылдан бері хабарланған шабуылдар негізінен Х-55 қанатты зымырандары көмегімен Каспий үстінде ұшып жүретін, бомбалаушы ұшақтардан жасалған.

Каспий флоты "Калибр" зымыранын ұшырған болуы мүмкін, бірақ Украинаның қарулы күштері “бұған нақты дәлел жоқ” дейді.

Маусымда жергілікті балықшылар жариялаған видеода екі зымыран көрінеді. Зымыранның құйрық бөлігінің қозғалысы әуеден ұшырылатын қанатты зымыранға қарағанда, “Калибр” зымыранына көбірек ұқсайды.

Жергілікті халық арасында Ресейдің Каспий флоты қоршаған ортаға кері әсер етуі мүмкін деген қауіп Украинаға қарсы соғыс басталмай тұрып пайда болған. Мәскеу Дағыстандағы Каспийскіде флотқа жаңа база салып жатты. 2020 жылы маусымда онда кемелер шеруі өтті.

Жергілікті тұрғын “содан бері жыл сайын өтетін шеруден кейін теңізге мұнай жайылып, жағажай өлі балыққа толады” дейді.

– Шамамен 30 жыл бұрын теңізде тіршілік қыз-қыз қайнап жататын. Қазір олай емес. Жазда кемелерге жүзіп барып, не болып жатқанын көретінмін. Көп фактордың бірі – Каспий флоты, – дейді ол.

СҰМДЫҚ АТМОСФЕРА

Мәскеу Азаттықтың Орыс қызметін “жағымсыз ұйым” деп жариялаған, сондықтан пікір берген кісінің аты-жөнін жариялай алмаймыз. Бұл оны түрмеге жабуға себеп болуы мүмкін.

Аты-жөні жасыруды сұраған тағы бір тұрғын 9 жыл бұрын Дағыстан астанасы Махачкаладан Каспийскіге көшкенін, онда су тазарақ болар деп үміттенгенін айтады.

Оның пікірінше, осы жылдар ішінде жағдай "күрт өзгерген". Ол жыл сайынғы әскери шерудің теңізге ықпалын былай сипаттайды:

– [Кемелер] портқа тұрақтамайды, теңізде жүзеді. Күні-түні жанармай жағады, үнемі қозғалтқыш дауысы естіліп тұрады, қалдықтың бәрі теңізге кетеді. Кейін кемелер атқылай бастайды. Сұмдық атмосфера. Күйік иісі жабық тұрған терезеден өтіп кетеді… тыныс алу мүмкін емес, – дейді ол.

Флот жылда қыркүйекте оқу жаттығуын өткізеді. Биылғы жаттығуға 30-дан астам кеме қатысқан.

Жаттығу теңізде өткенімен, ақпарат көздерінің айтуынша, жағажайға жанармай қалдықтары мен өлі балық жиналады.

Журналистер қоршаған ортаның ластануы мен итбалықтардың қырылуын оқу жаттығуы мен әскери қимылдармен байланыстырады.

"Калибр" және Х-55 қанатты зымырандары теңізді ластайтын улы жанармай пайдаланады.

Бірақ Каспий теңізінде Ресейдің әскери қимылының қоршаған ортаға әсерін бағалайтын тәуелсіз ғылыми деректер жиналмаған.


19 қараша, 09:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.