Атырау, 12 желтоқсан 00:07
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 516.93
€ 542.52
₽ 4.98

Итбалық неден қырылды

389 просмотра

Елімізде ғана кездесетін эндемик – Каспий итбалығы бүгінде жойы­лып бара жатқан жануарлардың санатында. Итбалықтар Каспий маңы мемлекеттерінің Қызыл кіта­бына енген. Дегенмен осы бір бей­­күнә жануарлардың саны жыл сайын мыңдап қырылып жат­қаны алаңдатады. Егер осылай жалғаса берсе, теңіздегі итба­лық атаулының мүлде жойылып кету қаупі бар, деп жазады egemen.kz.

Ресми ақпаратқа сәйкес, қырылған итбалық саны мыңнан асады. 11 қараша күні таңертең Маңғыстау облысының Қарақия және Түпқараған аудандарында Каспий теңізі жағалауынан 300 итбалық өлексесі табылған.

Маңғыстау облыстық балық қорғау инспекциясы басшысы міндетін атқарушы Андрей Руцкийдің айтуынша, Ақтаудан Қарақия ауданындағы Құрық портына дейінгі аумақта 115 итбалық, Түпқараған ауданындағы Қызылөзен ауылынан Форт-Шевченко қаласына дейінгі аралықта 185 итбалық өлексесі табылған. Оларды жер­гілікті атқарушы органдар жинап жатыр.

– Көптеген итбалық тастың арасында, қол жетпейтін қиын жерлерде жат­қандықтан, оларды жинау жергілікті атқару органдарына қиынға соғып отыр. Техника ол жерлерге бара алмайды, сон­дықтан әр өлексені жаяу барып, қолмен жинау керек. Бүгінге дейін 1034 өлексе табылып, акт толтырылды. Жартысынан көбі жиналды, – деді А.Руцкий.

Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласы мен Баутин ауылының тұрғындары теңіз жағасында тек итбалық қана емес, өлген құстар мен бекіре балықтары да табылғанын айтады.

Итбалықтардың қырылуы 2017 жылдан басталды. 2022 жылы қараша мен желтоқсан аралығында Каспий жаға­лауын тексеру кезінде 172 итбалық өлек­сесі табылған еді. Оның себебін былтыр ақпанда Экология және табиғи ресурс­тар министрлігінің балық шаруашылығы комитеті қоршаған ортаның ластануы салдарынан иммунитеті әлсіреген ит­балықтың пневмонияға қарсы тұра алмауынан деп түсіндірді.

«Ғылыми ұйымдар мен құзырлы мемлекеттік органдар өкілдерінен құрал­ған жұмыс тобы Каспий итбалығының қырылуына вирустың әсерінен ас­қын­ған пневмония себеп болды деген қорытындыға келді. Тұмау, морбилли вирус инфекциясының аралас түрі ушық­­қан» деп мәлімдеді Экология және табиғи ресурстар министрлігінің балық шаруашылығы комитеті. Айтты-айтпады, бір бітпейтін пневмония бар. 2020 жылы коронавирусқа шалдықтан адамдарды да «пневмония» деп алдарқатқан едік...

2023 жылы 15 қазанда Түпқараған ауданы, Баутин ауылының маңынан 25 өлі итбалық ұшасы мен 33 дана бе­кіре тұқымдас балықтар табылды. Биыл  29 наурыздан 9 сәуірге дейін Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы қызмет­керлері Түпқараған ауданында тапқан итбалық өлекселерінің саны 182-ге жеткен.

Бұл аз десеңіз, мерзімді басылымда жазылғандай, өз бетінше санау, анықтау жұмысын жүргізген тұрғындар, яғни Түпқараған аудандық қоғамдық кеңес мүшелері тек итбалықтар емес, құс пен балық түрлерінің қырылғаны, сондай-ақ жинап алынған итбалық өлек­селері құзырлы орындар хабарлаған көр­сет­кіштен екі есеге жуық көптігін айтқан.

Қызыл кітапқа енген итбалықтың қырылуына не себеп болғаны әзірге жұм­бақ. Бұған дейін Гидробиология және экология институтының маманы Әсел Баймұқанова Каспий жағалауындағы итбалықтың жаппай қырылуына байланысты жүргізілген зерттеудің алдын ала нәтижесін жариялаған. Ә.Бай­мұқанованың пікірінше, итба­лықтар түрлі себептен өлген болуы мүмкін: жер сілкінісі, табиғи газдың шығуы, теңіздің ластануы, індет.

Алайда жақында, газеттің 31 қазан күнгі санында Маңғыстаудағы тілшіміз Гүлайым Дәуітбай «Мұнайлы жердің мұңы да қалың» атты мақаласында: «Ит­балықтар өлімін табиғи әсер немесе жекелеген адамдардың қуып жүріп сабап өлтіруі, әлде ау құрғанның салдары деп болмайтын сылтауға сүйенбей, теңіздегі кәсіпорындар зардабы деп ашық мойындап, нақты шешім қабылдайтын уақыт жетті. Қызыл кітапқа енген байлықты қорғай алмасақ, енбегеніне не жорық, енгенінен не пайда?» деп ашына жазды.

Биылғы 26 сәуірде «Маңғыстау медиа» порталы көктемде өлген итбалықтардың қырылу себебі зерттеліп жатқанын жазған. Бірақ содан бері, ай өтті, маусым өтті, жануарлардың неден қырылғаны туралы қорытынды мәлімет әлі де шыққан жоқ.

Осыған орай ветеринария ғылым­дарының кандидаты, доцент Әділқасым Жақыпбаевтан жағдайдың жай-жапсарын сұрап көрген едік. 55 жылдық тәжірибесі бар зерттеуші маман теңіз жануарының жаппай қырылу себебі ескі мұнай ұң­ғымаларының орнын кезінде дұрыс жаппағаннан болатынын айтады.

«Былтыр итбалықтар мен бекіре тектес балықтар қырылған кезде тексеруге бардым. Арнайы екі балықты алып келіп орталықта зерттеп көрдік. Нәтижесінде, балықтардың бойында мұнай қалдықтары бары анықталды. Оның себебі – ол жерде жүз жылдан бері мұнай қазылған. Сол мұнай ұңғымаларын бетонмен бітеу керек. Кейбір жерлерде ол дұрыс жабылмаған. Мәселен, итбалықтар көктемде теңіз жаға­сына келеді. Сол кезде көлдің жағасы майланып жатады. Балықтар содан уланған», дейді Ә.Жақыпбаев.

Зерттеуші бұдан енді балықтарды қорғау қиын екенін айтады. Оның айтуын­ша, жойылып бара жатқан балықтарды еліміздегі басқа көлдерге жерсіндіру арқылы сақтап қалуға болады.

«Каспий теңізіндегі итбалықтарды басқа көлдерге, айталық, Арал теңізіне, Балқаш көліне немесе Сасықкөлге көшіру қажет. Өйткені еліміздегі көлдер мен те­ңіздер – бір теңіздің түбі. Уақытша аман сақтау үшін майланып жататын жаға­лауларға мұнай секілді улы заттарды сорып ала­тын құрылғы орнатуға болады», дейді ол.

Зерттеушінің бұл пікірін Ресей ғалым­дары да бекемдей түсті. Ресейлік «Ком­пас» қоры мен Дағыстан мемлекеттік уни­верситетінің ғалымдары Каспий ит­балы­ғының қырылуына алаңдаушылық білдіріп отыр.

Биыл 1 сәуір күні ресейлік «Проз­рачный мир на Каспии» телеграм-арнасы жануарлар өлімінің негізгі себебі ауыр металдармен (кобальт, қорғасын, сынап, кадмий) созылмалы уланудан екенін жазды. «Каспий итбалығын сақтауға теңізбен шектескен бес ел мүдделі. Та­биғат бәрімізге ортақ. Оны сақтау жұ­мысы үш бағытта жүруге тиіс. Бірінші – Каспий итбалығының қырылу себебін зерттеу, екінші – популяцияны үнемі бақылауда ұстау, үшінші – жергілікті жұртшылық арасында экологиялық ағар­тушылық жұмысын жүргізу», дейді көрші елдің табиғат жанашырлары.

Ал Экология және табиғи ресурс­тар министрлігі Қоғамдық кеңесінің, ECOJER қауымдастығы Маңғыстаудағы экологиялық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов итбалықтардың өлу себебін анықтауда тәуелсіз экологтердің көмегіне жүгіну қажет екенін айтады.

Ресей ғалымдарының зерттеуінше, Каспий итбалықтарының саны 300 мың екені анықталған. Ал Каспий теңізінің елімізге қарасты бөлігінде 60 мың итбалық бар делінеді.

Еліміздегі эндемик жануардың аулауға 2006 жылы тыйым салынғанымен, оларды заңсыз аулап жүрген адамдардың бейнежазбасы әлеуметтік желіде көрініс бергені бар. Осыған орай, тіпті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араша түсіп, бақылауды күшейтуге пәрмен берген еді. Алайда кейінгі кездері Каспий теңізінде итба­лықтардың қырылуы оқиғасы жиілеп кетті. Қызыл кітапқа енген, сирек кездесетін жануардың қырылу себептеріне қатысты құзырлы орындар әлі күнге тұшымды жауап бере алмай отыр.

14 қараша, 17:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.