Жаздың нағыз шыжыған кезі болғанымен, кешкісін жағалау бойымен серуендеп жүру қала тұрғындары үшін арман ғана. Үйден аялдамаға дейін тездетіп жүгіре жетіп, масаның шаққан жерін қолдан келгенше өңдеп әлек болады. «Енді бұдан жақсы болмайтын шығар» дейді «Атырау облыстық дезинфекциясы» ЖШС бас директорының орынбасары Александр ДУМЛЕР көңіл жабырқатар жорамал жасап.
РЕЗЕРВАТТАН ЖАСАЛҒАН ШАБУЫЛ
Бұл тұрғыда жаз басталғалы бері оңбады. Теңіз желі қалаға «Ақжайық» резерватынан өрт «қуып шыққан» табиғи Aedes Caspius масаларын әкелді. Одан басқа, бізге Culex pipiens пен үйреншікті Culex modestus жертөле масалары шабуылдайды. Қансорғыштардың бұлайша көбеюінің себебін Қазақстан мен көрші Ресей мамандары атай алмай отыр. Алайда бұған климаттың өзгеруі себеп шығар деп тұжырымдауға бейім. Мәселен, Атырауда көптен бері мұндай қоңырсалқын жаз болып, жаңбыр жиі жауған емес. Табиғи маса өз алдына ұнамсыз болуымен қоса, кішкентай балалар үшін қауіпті. Шағып алған жерлер ісінеді. Ісінген соң балалар аяқ киімдерін кие алмайды, көздері жасаурайды және т.б.
–Кез келген маса қан сормас бұрын өз құрбандығының терісіне қан қоюланып қалмас үшін құрамында антикоагулянттар болатын сілекейін енгізеді. Табиғи масада жертөле масасына қарағанда ерекшеленетін өз антикоагулянт құрамы бар. Масаның сілекейі шаққан жерді қышытып, ісінтіп, қызартып жібереді де, осындай күшті аллергиялық реакция тудырады, - дейді Александр Думлер.
Аллергологтар маса шаққан жерлерді емдеу үшін препараттарды сақтықпен таңдауға және асқынған жағдайда өздігімен емделмеуге кеңес береді.
– Маса мамыр айында пайда болды. Маусым басында көбейіп кетті. Бүкіл ай бойына тәулік бойы жұмыс жасадық. Бірақ, өкінішке орай, жағдай көп өзгерген жоқ. Біздің мамандар бір ай бұрынғыдағыдай, Атырауда саны бойынша ұсақ, қара табиғи масаның бірінші орында екенін, оның анағұрлым ірі түрі екінші орында және жертөле масасы үшінші орында екенін атап отыр. Алайда біздің компания көп жылдан бері масамен күресуге маманданған және тәжірибесі мол болса да, біз бұл маусымда тек салдарымен ғана күресеміз, - дейді Александр Думлер.
СОЧИДЕ ДЕ СОЛАЙ
Дезинсекторлар тендер бойынша ұтып алған қалалық ТКШ бөлімінің техникалық тапсырмасын адал орындап жатқанын растауда. Жұмыстар үш позиция бойынша жүргізілуде: екі рет – сәуір мен мамырда олар су қоймаларын өңдеген, ай сайын сәуір мен қыркүйек аралығында жертөле ғимараттарына өңдеу жүргізіледі (барлығы 724 жертөле), сонымен қатар ай сайын бақтар, саябақтар, жағалау бойы өңделеді. Күн сайын кешке қалаға төрт машина шығады, әр апта сайын олар сағат 21.00-ден түнгі бірге дейін Атыраудың түрлі аудандарын аралап, өз бағыттарын өзгертеді. Дезинсекторларда препараттар тапшы емес. Алдыңғы жылдары Атырауда табиғи масалар болмаған кезде бұл шаралар анағұрлым тиімді болған. Жеті жыл бұрын облыс орталығының төңірегін өңдегеннен кейін табиғи масадан құтылуға қол жеткізген. Ал енді жағдай күрт өзгерді. Ақпан айында жағдайдың бұлай өрбитінін ешкім де болжай алмайтын еді. Масалардың жаппай құжынап кетуі тек жергілікті мамандардың ғана емес, ресейлік, соның ішінде, Астрахан, Волгоград, Самара облыстарындағы әріптестер үшін күтпеген жайт болды. Сочиде демалып келген әріптесіміз осы жазда Қара теңіз жағалауында аяқ астынан масаның пайда болғанын әңгімеледі. Біздің өңірге келер болсақ, масалардың көп шоғырланған жерлері - Жайық сағасының «Ақжайық» резерватындағы қамыстар боп табылады. Ол жерде оларды улау мүмкін емес. Қала маңындағы Дамбы, Еркінқала және басқа поселкелерде масалар өте көп. Қала маңына дезинсекция жүргізуге ақша бөлінбейді. Бір мәрте өңдеу жұмыстарына, мәселен, Еркінқаланы өңдеуге 60-70 млн теңге қажет (салыстыру үшін – қаладағы жертөлелердісегіз ай бойына өңдеу үшін 23 млн теңге бөлінеді). Қаладағы жеке сектор техникалық тапсырманы жасақтау кезінде де еш ескерілмеген. Ал жеке сектор мен қала маңындағы ахуал Атыраудағы жағдайға тікелей әсер етеді.
«БІЗ ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІКТІҢ БӨЛІМІ ЕМЕСПІЗ»
– Ал сіздер дезинсекцияға қаржылар осы факторлар ескеріліп бөліну үшін жағдайды өзгертуге неге әрекеттенбейсіздер?
– Біз қалалық әкімдіктің бөлімі емеспіз, қалаға белгілі бір қызмет түрін ұсынатын жеке компаниямыз. Бізбен маман ретінде кеңесуге болады, бірақ біздің ЖШС нұсқап, қаржы бөлуге жол көрсете алмайды. Келесі маусымда тендерді басқа компания ұтып алуы әбден мүмкін, онда жұмысты сол жасайды.
Александр Думлердің пікірінше, әңгіме бөлінетін қаржы көлеміне де байланысты емес екен. Белгілі бір қаладағы масаны жою орындалмайтын тапсырма көрінеді. Өйткені табиғи факторлардың тұтастай тізбегі бар. Дезинсекторлардың мақсаты – тұрғындар кешкісін жайбарақат серуендей алуы үшін ақылға қонымды шамада қансорғыштардың популяциясын ұстап тұру. Ал проблеманы түбегейлі шешу үшін 2003-2008 жылдары Санэпидқадағалау комитеті жүзеге асырған кешенді бағдарлама секілді бағдарламалар керек. Ол «Қансорғыш жәндіктермен күрес» деп аталды. Коммуналдық қызметтерді жұмылдыру қажет: қамыстар мен қопаларды шауып тастау керек, жертөлелерді құрғатып, гидротехникалық құрылғыларды ретке келтіру қажет. Жаңбырдан кейін біздің арықтардағы сулар айлап құрғамайды. Масалардың ұясын жою керек, олай етпесе, еңбек зая кетеді.
Қалалық ТКШ бөлімінің бастығы Серікбай ҚАЗИЕВТЫҢ айтуынша, масалардың алдын алу жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады екен: ПИК өтінімі бойынша коммуналдық қызметкерлер жертөлелерден суды тартып шығарады, шөптерді шауып тастайды. Арықтардағы жауыннан қалған суларды да сорып алады екен. Сол жақ жағалауда мұнымен «АСА», оң жақ жағалауда «Арнайы автобаза» айналысады.
– «Зеленстрой» ағаштарды суарған кезде арықтарға су төгуі мүмкін, бірақ біз оларға препараттар сатып алып, осындай жағдайларда арықтарды өңдеуге тапсырма бердік. Қала бойынша коммуналдық жүйелерден үнемі су құйылатын жерлер жоқ, әйтпесе бізге бұл туралы хабарлар еді, - дейді сеніммен Қазиев.
Сонда «Дезинфекция» да, ТКШ да сауатты жұмыс жасап жатыр екен. Дегенмен де, масалар кеш болса қаланың қожайындарына айналады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА