– Мен көптен бері Қазақстаннан тысқары жерде тұрамын және отаныма жылына бір-ақ рет қана келемін. Әкем ертерек қайтыс болған, ал бірнеше ай бұрын анамды жер қойнына тапсырдым. Анамды жерлегеннен кейін пәтер кімге тиесілі болады деген сұрақ туындады, мен отбасындағы жалғыз бала едім. Сөйтсек, анам жиенімнің пайдасына өсиет қалдырған екен. Оны даулауға бола ма? Өйткені анамның мұндай өсиетхат қалдыруы мүмкін емес деп есептеймін.
Телефон арқылы
Сұраққа «Слово Защиты» адвокаттық кеңсесінің адвокаты Татьяна МОХНАЧЕВА жауап берді:
– Сіз кез-келген азамат секілді сотқа өсиетхатты жарамсыз деп тану туралы талап-арыз бере аласыз. Бірақ өсиетхаттың сізге емес, жиеніңізге қалдырылуы себепті сот істі сіздің пайдаңызға шешуден бас тартуы мүмкін.
Бұл жағдайда сіздің анаңыз өсиетхат қалдыру арқылы өзінің ықтиярын білдірген, яғни, тірі кезінде өзі о дүниелік болғаннан кейін мүлкін кімге қалдыруды реттеп кеткен.
ҚР Азаматтық кодексінің өсиетхат бойынша мұра қалдыру мәселелерін реттейтін тарауларына сәйкес, өсиет қалдырушы азамат өзінің барлық мүлкiн немесе оның бiр бөлігін мұрагерлер тобына кiретiн де, кiрмейтiн де бiр не бiрнеше адамға өсиет етiп қалдыра алады. Өсиет қалдырушы мұрагерлердiң мұрадағы үлесiн кез келген түрде белгiлеуi мүмкiн, егер өсиетте үлестер көрсетілмесе, олар тең боп есептеледі. Өсиет қалдырушы себебiн түсiндiрместен заң бойынша мұрагерлердiң бiреуiн, бiрнешеуiн немесе барлығын мұрадан айыруға құқылы.
Демек, өсиетті жасарда сіздің анаңыз өз пәтерін жиеніне қалдыруға құқылы болатын, тиісінше, жиеніңіз өсиет бойынша мұрагер боп табылады.
Алайда егер өсиетті даулау үшін басқа негіздеріңіз бар болса, сіз ұсынған дәлелдерді ескере отырып, өсиетхатты сот жарамсыз деп тануы мүмкін. Мәселен, сіздің анаңыз өсиетхатты жасау кезінде өз әрекетінің мәнін түсінбеген болса, оған өзі қол қоймаған болса, өсиетхат азаматтық заңнамада қарастырылған басқа негіздер мен талаптар бойынша және лайықты түрде жасалмаған болса. Бұдан басқа, егер сіз еңбекке жарамсыз немесе кәмелетке толмаған азамат болсаңыз, ҚР Азаматтық кодексінің 1069-бабына сәйкес, өсиетхаттың мазмұнына қарамастан, мұрадағы міндетті үлеске құқылы бола алатыныңызды атап өткім келеді.