Атырауда Ө.Атамбаев атындағы №8 мектеп директоры Әлия ИБРАЕВАМЕН жұмыс істеуден бас тартқан оқу орнының ұстаздарымен кезекті жиналыс өтті.
Жиналыс жөндеу жұмыстары созылып кеткендіктен сегізінші мектеп оқушыларының бір бөлігі оқып жатқан Пушкин атындағы №20 мектеп-лицейінде өтті. Мұғалімдердің айтуынша, іс-шара ҚР Білім министрлігі өкілдерінің келуіне байланысты ұйымдастырылған. Алайда, мұғалімдермен кездесуді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» педагогикалық шеберлік орталығы (ПШО) Атырау облыстық филиалының әкімшілігі өткізуді ұйғарғаны сол жерде белгілі болды. Ал қалалық білім бөлімі бұл туралы кейін хабардар болған.
Астанадан келген республикалық орталық директорының орынбасары Толқын АЙДОСОВА ахуалды өз қолына алды. Мұғалімдерге өзінің министрліктен келмегенін айтып, «бұл бейресми кездесу, мен мұнда ештеңе шешпеймін, жай тыңдағым келеді» деп сендіріп, білім беру көшбасшыларын іріктеу және оқыту жобасы жөнінде айта бастады. Айтпақшы, отандық білім беру саласының болашақ топ-менеджерлері Педагогикалық шеберлік орталығында білім алады. Директордың орынбасары Ә.Ибраеваның осында немесе басқа филиалда оқығанын нақтыламады, бірақ директор орындығына кездейсоқ адамдар отырмайтынына сенімді болды.
«Орталық - директорлар курсын өткізуші оператор, сіздерде не жағдай болғанын өзімізше түсінуге тырысып жатырмыз.
...Алғашында Республикалық орталыққа еліміздегі барлық директор орынбасарларынан 8500 өтініш келіп түскен. Әрі қарай олар психометриялық тестілеуден өтіп, 500 адам іріктелді. Бұл сынақты әртүрлі ұйымдарға, соның ішінде ҰҚК-ге осындай тестілеу жүргізетін арнайы компания жүргізді. Мұның салмақты компания екенін өздеріңіз де түсініп отырсыздар. Ел филиалдары бойынша бұл тізімдер өңірлік оқу орталықтарына жіберіліп, одан кейін директор лауазымына үміткерлерді оқыту басталады. 500 адамның 114-і қалды, оның ішінде директорларыңыз бар. Ол осындай салмақты іріктеуден өткендіктен және бұл жобаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ өзі бастамашы болғандықтан, менің келу мақсатым – сіздермен арадағы даудың жай-жапсарын білу. Сөйлеңіздер».
Мұғалімдер іштеріндегі реніштерін айта бастағанда шағын акт залына сегізінші мектеп оқушыларының он шақты ата-анасы кірді. Осы уақыт бойына жылы жүз танытып отырған Т.Айдосова олардың залдан шығуын өтінді. Ата-аналар бас тартып, айқай-ұйқай боп жатқанда ата-аналардың бірі: «Неге осы жағымсыз хикаяға себеп болған директормен емес, директордың әрекетінен зардап шеккен мұғалімдермен жиналыс өткізіп жатырсыздар?», деп сұрақ қойды.
...Сол жерде залда БАҚ өкілінің де бар екені белгілі болды. Оған да «бұл педагогтардың ішкі жиналысы» деп, залдан шығуды өтінді. Біраз айтыс-тартыстан кейін ата-аналар мен тілші байсалдылығы мен жылы жүзін жоғалтпаған республикалық ПШО директоры орынбасарының өтінішін қанағаттандырды.
Бірнеше минуттан кейін акт залынан тағы да айғай естілді, тағы бес минуттан кейін сегізінші мектептің мұғалімдер ұжымы залдан шығып кетті. Мұғалімдердің бірі жылап тұрды. Оның айтуынша, ол басшысы Әлия Құрманғалиқызының өзіне жасаған қорлығын айта бастаған кезде Т.Айдосова күлген. Бірақ оның күлгеніне мұғалімдер ренжіп, жиналысқа қатыспауды ұйғарған.
«Мәселе неде екенін түсіндік, – деді мұғалімдер мектеп фойесінде. – Егер ата-аналар мен мұғалімдердің шағымы бойынша директор Ә.Ибраева жұмыстан кетсе, бұл оқиға президенттік директорларды іріктеу бағдарламасына және жалпы оларды оқытатын өңірлік ПШО жұмысына көлеңке түсіреді. Сондықтан бұл теңсіз күресте бізге шағымдар да, хат да, БАҚ-тағы мақалалар да көмектеспейді...».
Естеріңізге сала кетейік, білім басқармасына ұстаздардан Ә.Ибраеваны қызметінен кері алу туралы шағым түскен болатын. Директордың қызметінен кетуін талап еткен екінші хатқа бірнеше ондаған ата-ана да қол қойған. Мұғалімдердің айтуынша, 1 ақпанда мектеп директоры қызметіне кіріскен Әлия Құрманғалиқызы педагогикалық әдеп нормаларын, еңбек заңнамасын және «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының талаптарын үнемі бұзады. Мұғалімдер директордың жеке басқа көшіп, адамдық қадір-қасиетті қорлайтынын, еңбектерін сыйламайтынын айтты.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор