Атырау, 11 желтоқсан 23:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Мектептегі наразылық: Атырауда мұғалімдер мен ата-аналар бірігіп, №8 мектеп директорына қарсы шықты

Сурет Бейнежазба
2 504 просмотра

Атыраудағы Ө.Атамбаев атындағы №8 мектептің қырықтан астам мұғалімі жақында ғана тағайындалған директордың басшылығымен жұмыс істеуден бас тартып отыр. Білім басқармасына ұстаздардан Әлия ИБРАЕВАНЫ қызметінен кері алу туралы өтініш түсті. Директордың қызметінен кетуін талап еткен екінші хатқа бірнеше ондаған ата-ана да қол қойған. «АЖ» тілшісі педагогикалық ұжым мен оқушылардың ата-аналарының директорға теріс көзқарасының себебін білуге жұмыстанған еді.

Директор ликбезі

Мұғалімдердің айтуынша, 1 ақпанда мектеп директоры қызметіне кіріскен Әлия Құрманғалиқызы педагогикалық әдеп нормаларын, еңбек заңнамасын және «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының талаптарын үнемі бұзады. Мұғалімдер директордың жеке басқа көшіп, адамдық қадір-қасиетті қорлайтынын, еңбектерін сыйламайтынын, мұның бәрін оқушылардың көзінше жасайтынын айтты.

- Жеке басқа көшу дегенді түсіну үшін айтайын, «вы бестолочи неграмотные», «арамтамақ», «пошли вон», «я вам всем устрою», «вы меня на коленях будете умолять» … деген сөздерді жиі айтады. Бұл ең жұмсақ айтылған сөздері.  Өйткені ұстаз деген атымыз бар, оның айтқан сөздерін қайталауға аузымыз бармайды», - дейді №8 мектеп мұғалімдерінің бірі.

-...Оқу процесіне еш қызығушылық танытпайды, - деп жалғастырды тағы бір мұғалім. – Сабақтан тыс уақытта талқыланатын мәселелер бойынша да бізді үнемі сабақ үстінен шақырып алады.

- Әлия Құрманғалиқызы мектеп рейтингін бұзбау үшін оқу үлгерімі нашар балаларды «жоюды» талап етті, - дейді тағы бір мұғалім. - Олардан қалай құтылуға болатынын түсіндірейін: басқа мектепке ауысуды ұсыну немесе жоғары баға қою арқылы. Директордың өзі мектепте информатика пәнінен сабақ береді, оның барлық оқушысы ең жоғары баллға ие. Мұны оңай тексеруге болады.

kundelik.kz қосымшасындағы ақпарат

...Жазғы каникулда да, еңбек демалысы кезінде де мектептегі ауыр жұмыстарға мұғалімдерді тартатын. Мұғалімдер бас тарта бастаса, аттестациядан өте алмайсыңдар немесе жұмыстан шығарамын деп қорқытады.

– Жалпы, наразылық білдіретін болсақ, оның айтқанымен жұмыс жасамасақ, жұмыстан кету туралы арыз жаза беріңдер дегенді жиі айтады. Еңбегіңді бағаламаса,  өзіңді құрметтемесе, жұмыс істеу өте қиын. Біздің көбіміз бір кездері осы мектеп қабырғасынан білім алып, мұғалім болып оралдық. Осы жылдар бойы үйлесімді, тату ұжым боп жұмыс істеп келдік. Бұрын басшымен ұрысып көрмеппіз. Бірақ бұл жағдай мүлдем басқаша – бұған шыдайтын жайымыз жоқ.

Қызықты сан

Сондай-ақ мұғалімдер директордың басқа мектептерде жұмыс істеуіне тыйым салатынына және мұғалім өз атына өтініш жазбайынша, есепшіге жалақы туралы түбіртектерді беруге рұқсат етпейтініне шағымданды. Әлия Құрманғалиқызы қызметке келгелі ұстаздар себеп болсын-болмасын түсініктеме жазуға мәжбүр екен. Ұстаздар өздерінің адами қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін оғаш жаңалыққа шағымданды.

- Фойеде ілінген кестеде белгілі бір пәннің тұсында әдетте мұғалімнің аты-жөні жазылады. Бірақ қазір бәрі өзгерді, бізге аты-жөніміздің орнына сандар белгіленген. Алғашында оқушылар мұны кабинеттің нөмірі шығар деп шатасты. Бұл біздің реттік нөміріміз екенін мойындауға ұялдық, – дейді мұғалім. - Айтпақшы, ең «құрметті» бірінші нөмір - директорда.

Ұжым директордың, әсіресе, жас мұғалімдерге көп тиісетінін атап өтті. Фамилиясын айтудан қорықпаған жандардың бірі – тарих пәнінің мұғалімі Нәркез САНСЫЗБАЙ. Директордың үстінен барлық мұғалімдер қол қойған шағым хаттар оның электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы жіберілген. Қалалық білім беру бөлімінде ол «шағымданушы» ретінде белгіленген, ал директор үшін, мұғалімнің айтуынша, ол ұжымдағы ең «ұнамайтын» мұғалімдердің бірі.

- Ол мені әдепсіз түрде қорлады деп айтар едім. Дене шынықтыру мұғалімдеріне (олар ер адамдар) мені кешке кафеге апарыңдар деді. Оның ойынша, ер адамдардың назары басшыға мейірімділік танытуыма, көнбіс болуыма сеп болады екен. Өзіме және әріптестеріме қатысты әділетсіздік пен дөрекілікті байқаған сәттен бастап, директордың қатысуымен өткен барлық жиналысты аудио-видеожазбаға түсіре бастадым. Менде оның әдепсіз әрекетіне қатысты көп фактілер сақталған, мұғалімдерден қол жинадым, сондықтан мен персона нон гратамын, - дейді 23 жастағы Нәркез Маралқызы.

Сол күні редакция іші біраз шу болды. Мұғалімдер мектеп басшысымен қақтығысып қалған жағдайларды таласа әңгімелеп берді.


«Мама, мен баранмын ба?»

Айтып өткеніміздей, №8 мектеп оқушыларының ата-аналары атынан қалаға екі хат жолданған: бірі сәуірде, екіншісі қазан айының соңғы күндерінде жазылған. Олар да жаңа директордың әрекетіне наразы болып шықты.

Әрбір ата-ана директордың дөрекілігіне шағымданумен қатар, тілшімен жеке әңгімесінде 27 қыркүйекте болған оқиғаны тілге тиек етті. Сол кезде мектепте Денсаулық күніне арналған іс-шара өтіп, оған барлық педагогикалық ұжым, оқушылар мен олардың ата-аналары қатысыпты.

– Мен директордың бастауыш сынып мұғалімдерінің бірімен не жайында сөйлескенін білмеймін, бірақ оның «Пошла вон!» деген айқайы селк еткізді. Балалар да, мұғалімдер де, ата-аналар да, бәрі бұрылып қарады. Ал айқай естіген мұғалімді қоршап тұрған балалардың шошығаны анық. Көпшілікке естіртіп, адамды осылайша қорлау өте масқара, оғаш қылық қой.

Сол күні біз директордың балаларымызға қалай қарайтынын да көрдік. Мектеп жанында ата-аналардың көзінше директор Ә.Қ.Ибраева «что вы стоите как бараны с выпученными глазами, вечно голодные, необразованные, невоспитанные, что вы тут встали, идите все на своё место!» деп айқайлады.

Кешке балам: «Мама, мені "баран" дегені дұрыс па?» деп сұрады.

Еш қорытынды жасалмады

Ал мынау Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА мен Атырау облысы білім басқармасының басшысы Марат ӘБУОВТЫҢ атына ата-аналардың соңғы жазған хатынан үзінді.

«...осы жылдың 10 сәуірінде мектеп ата-аналарының атынан Ә.Қ.Ибраеваға шара қолдану туралы және оның директор қызметін жалғастыру мәселесін қарастыру өтінішімен ұжымдық арыз жолданды, - деп жазады ата-аналар. – Сайып келгенде, қалалық білім бөлімінің басшылығы сол кезде Ә.Қ. Ибраеваға ауызша ескерту беріп, ал ата-аналар бұл мәселе осымен шешілді және директор тарапынан болашақта мұндай жағдай қайталанбайды деп есептеген еді.

Алайда, Ә.Қ.Ибраева бұл жағдайдан еш қорытынды шығармай, педагогикалық әдеп нормаларын бұзып, ұстаз деген мәртебелі атаққа нұқсан келтіруді жалғастыруда. Жаңа оқу жылы басталғанда Ә.Қ.Ибраева ата-аналарға қатысты әдепсіз, дөрекі әрекеттерін жалғастырды.

...Қазан айының басында мектептің қырықтан астам мұғалімі ұжымдық арызбен (сонымен қатар прокуратура мен облыстық білім басқармасына) жүгініп, Ә.Қ.Ибраева өздерін үнемі қорлап, дөрекілік көрсететініне (оның ішінде оқушылар мен ата-аналардың көзінше), психологиялық қысым жасайтынына, сондай-ақ «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының және ҚР Еңбек кодексінің нормаларын бұзатындығына байланысты лауазымынан босатуды сұрағаны белгілі. Сондай-ақ ұстаздар қауымының өтініші қанағаттандырылмағаны белгілі, осыған байланысты тәжірибелі ұстаздар жұмыстан кетуге мәжбүр болуы мүмкін деп алаңдаймыз.

Оқушылар мен олардың ата-аналары ұстаздары туралы жақсы пікірде, ал Ә.Қ. Ибраеваның әрекеті ұнамсыз. Мұғалімдер мен мұндай директор арасындағы күнделікті қарым-қатынас бүкіл оқу-тәрбие процесіне теріс әсер ететінін де атап өткен жөн.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты, ауызша ескерту, қызметіне толық сәйкес еместігін жариялау немесе сөгіс түрінде жарты шара алумен шектелмеуіңізді, сол арқылы жанжалдың өршуіне сеп болып, Ә.Қ.Ибраеваның жоғары басшылық тарапынан қамқорлықты және жазасыз қалуды сезінуіне жол бермеуіңізді сұраймыз.

Мұғалімдерге толық қолдау білдіреміз және Ә.Қ.Ибраеваны директорлық қызметтен ғана емес, жалпы №8 мектептен жұмыстан босатуды талап етеміз», – деп жазады ата-аналар.

Директор Ә.Ибраева: «Мен буллинг құрбаны болдым»

Осы жағдайға байланысты «АЖ» мектеп директорымен де кездесіп, оның пікірін тыңдады.

Анықтама үшін, Әлия Ибраева Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау ауылының тумасы. Орал қаласындағы мектепте оқу ісінің меңгерушісі ретінде 17 жылдық өтілі бар. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» республикалық бағдарламасы бойынша директор болды. Ә.Ибраева бірінші басшылардың кадрлық резервіне еніп, содан кейін ол сол кездегі пилоттық жобаның басқа 208 педагогы сияқты конкурссыз директор болу мүмкіндігіне ие болған. Одан әрі Атыраудағы Ө.Атамбаев атындағы мектепке тағайындалған. Оның айтуынша, информатика пәнінің мұғалімі ретінде сегіз бағдарламалау тілін біледі, қала мен облыстағы барлық информатика мұғалімдері қолданатын 27 авторлық жұмыс бағдарламасын әзірлеген және 65 сертификаты бар.


Ә.Ибраева қызметке кіріскен сәтте мектеп күрделі жөндеуге жабылды. Мектеп оқушылары көршілес мектептерге уақытша бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстарының мерзімі қазан айының ортасында өткеніне қарамастан олар әлі сол жерде оқуды жалғастыруда. Директордың айтуынша, оған тек оқуды ұйымдастыру ғана емес, мердігерлердің жұмысын қадағалау жауапкершілігі де жүктелген.

– Менің жеке бастамаммен мектепте жобалық-сметалық құжаттамаға енгізілмеген кейбір кабинеттер жабдықталады. Мысалы, оқушыларға арналған душ кабиналары, мектеп мұражайы, химия сабақтарына арналған зертхана, кең кітапхана, әр кабинетте раковиналар және оқушылар мен мұғалімдерге ыңғайлы болу үшін басқа да маңызды ұсақ-түйектер.

...Мен келген кезде мектеп қарызға белшесінен батқан, оны өтеу үшін көп мәселені шешуге тура келді. Мұғалімдердің сағаттары жетіспеуіне байланысты мәселелер болды. Мен қызметке кіріскен кезде 34 мұғалім басқа мектептерде сабақ беріп жүрді. Дегенмен, әр мұғалім жетіспейтін сағаттарын басқа мектептерден іздемейтіндей етіп жүктемені бөлдім.

Ә.Ибраеваның айтуынша, ата-аналармен, ішінара мұғалімдермен алғашқы жанжал ол алғаш келген аптада 2024 жылдың ақпан айында болған.

- Форс-мажорлық жағдайларға байланысты мектепті алты күндік оқытуға көшіру жөнінде әңгіме қозғалды. Бірақ алты күндікті енгізудің орындылығын кеңесу кезінде педагогикалық әдеп ережелері бұзылып, мұғалім бұл ақпаратты ата-аналарға жеткізген. Қалалық білім бөлімімен шешім қабылдап үлгергенше, 40 ата-анадан құралған белсенді топ жиналып, кабинетіме баса-көктеп кіріп, өздерінің келіспейтіндерін айтып, маған айқайлай бастады. Сол кезден бастап тыныштық бермейтін болды, хат жазып, түрлі жайттарды айтып шағымданады. Маған қарсы біріккен мұғалімдер мен ата-аналардың тарапынан буллинг құрбаны болдым.

– Ата-аналар да, ұстаздар да сіздің үнемі іскерлік қарым-қатынас шеңберінен шығып кететініңізге шағымданатынын өзіңіз де білесіз. Мұндай жағдайлар болды ма?

– Керісінше, барынша ашық, достық қарым-қатынаста болуға тырысамын. Жұмысымның алғашқы күні мұғалімдермен, қазақтілді және орыстілді балалардың ата-аналарымен үш чат аштым. Әр адам сұрақ қойып, жауап ала алады. Оқу процесінен алаңдамас үшін мұғалімдерді кезекшіліктен босаттым. Коучингтер өткіземін, бірге оқимыз. Ал менің біліктілікті арттыру туралы талабымды ұнатпады. Бұл жаман ба?

...Өткен жолы мұғалімдердің арызы бойынша комиссия құрылып, тараптардың толық татуласуы арқылы бұл жанжал реттелді. Мен кешірім сұрадым. Тіпті құшақтастық. Мұны қайта бастаудың не мәнісі бар?

– Ата-аналар мен ұстаздар сіздің соңғы кикілжіңнен кейін көшбасшылық стиліңізді өзгертпегеніңізге сенімді. Бұл жолы тағылған айыптар негізсіз деп есептейсіз бе?

- Мүлдем негізсіз. Сол оқиғадан кейін бірде-бір тіл тигізбедім. Егер олардың дәлелі болса, онда сотта кездесе аламыз, өйткені мен өзімнің ар-намысыма, абыройыма нұқсан келтіруге жол бермеймін. Оның үстіне, олар жеке басқа көшіп отыр. Бәлкім, менің басшы ретіндегі талаптарым оларға ұнамайтын шығар. Біраз уақыт оларға талап қоймадым.

– Сіз қызметке келгелі қанша қызметкер жұмыстан кетті?

– Есепші, кітапханашы, IT маманы, бастауыш сынып мұғалімі және кәсіподақ комитетінің қызметкері жұмыстан кетті. Олардың бәрі өз еркімен кетті, ал кітапханашы зейнет жасына жетті.

Қалалық білім бөліміндегі әңгіме

Бізге хабарласқан мұғалімдердің айтуынша, осы жанжал бойынша ақпарат жинап жүргенде оларға қысым көрсетіле бастаған. Дүйсенбі күні ұстаздармен кездесу өтіп, оған қалалық білім бөлімінен медиатор қатысқан.

– Бізді күштеп татуластырды. Директор тағы да кешірім сұрады, ал бәріміз бас тартсақ та, медиатор директорға екінші рет мүмкіндік беруді сұрады. Содан соң қысым басталды: директор болмаса, мектептегі жөндеу жұмыстары аяқталмайды, аттестациядан өте алмайсыңдар деді. Ал директор бізбен сөйлескенде бейтараптық ұстанатынын, біз бәріміз де пендеміз, қателеспейтін пенде жоқ, деп қайталап айта берді. Осы әңгіменің нәтижесінде жиынға шақырылған зейнет жасындағы көп ұстаз, осы саланың ардагерлері директорды қолдап, бізді көндірді. Бізді видеоға түсірді, бірақ сөйлеуге мүмкіндік бермеді. Сол күні көп мұғалім тест тапсырып, жиналысқа қатыса алмады: біз аз – 60-қа жуық адам болдық, – дейді ұстаз Нәркез Маралқызы.

Нәтижесінде Нәркез Сансызбайды білім бөліміне бұл жолы жалғыз шақырған. «AЖ» жас мұғалімге қолдау көрсетіп, әңгімеге қатысуды жөн көрді. Айтпақшы, осындай мақсатпен тағы екі ата-ана келді.

Қалалық білім бөлімінде бізді білім бөлімі бастығының міндетін атқарушы Аниса ОҢҒАРАЛИЕВА, кадр бөлімінің басшысы Мағия ЖҰМАХМЕТОВА және мектеп директоры Ә.Ибраева қарсы алды.


Кездесу сәл қобалжумен басталды:

- Аниса Амашқызы, біздің алғашқы арызымыздан кейін сіз мектепке комиссиямен келдіңіз. Бүкіл педагогикалық ұжымды таң қалдырып ең алдымен: «Қай мұғалім сабаққа кешігіп келіп, жұмыстарын орындамай жүр?» деп сұрақ қойдыңыз. Бұл сұрақты мұғалімдерге сіздің кімнің жағында екеніңізді көрсету үшін қойдыңыз ба? – деп сұрады тарих пәнінің мұғалімі.

- Мен бұл жанжалда ешкімнің жағында емеспін. Бұл сұрақ сіздің арызыңызбен қатар осы фактілер көрсетілген басшыңыздың қарсы хаты да қаралғандықтан қойылды. Әрі қарай біз он мұғалімнің арызы тыңдалып, комиссия құрылып, нәтижесінде №8 мектеп директорына қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Ұжым татуласты.

– Тағы да татуластырылды, мәжбүрлі түрде деп есептеймін. Бір нәрсені ғана – Ә.Ибраеваның отставкаға кетуін қалаймыз, бізге жалған татулық қажет емес.

- Ұмытпасам, бұл тұрғыда пікірлер түрлі. Мұғалімдердің жартысы директордың түзеліп, жұмысын жалғастыруына мүмкіндік беруді қолдады.

– Зейнеткерлік жасқа жеткен мұғалімдер ғана жұмыстан босап қалудан қорқып келісті!

Осы кезде ата-аналар әңгімеге араласты:

– Әлия Құрманғалиқызы, Денсаулық күніне арналған шарада іш салқын болды. Сіз сырт киіммен тұрдыңыз, ал балаларымыз футболкамен тоңып тұрды. Сіздің бастауыш сынып мұғалімдеріне айқайлап, біздің балаларымызды «қой» дегеніңізді естідік. Мектеп басшысына мұндай әрекет лайықты деп ойлайсыз ба? – деп сұрады оқушылардың бірінің анасы Эмилия ШАПОВАЛОВА.


- Мен спорттық киімде болдым, - деді директор. - Сол күні мұғалімдер менің рұқсатымсыз 300 баланы мектеп аумағынан футбол алаңына алып кеткен. Иә, сосын футбол жоспарланғанын, жеңімпаздарға кубоктар мен медальдар сатып алынғанын, алаңды жалға алғандарын түсіндірді. Бірақ басшының рұқсатынсыз балаларды мектеп аумағынан қалай алып кетуге болады? Оларды жақын маңдағы үйлердің ауласынан іздеп жүрдім, ал мектепке оралғанымда, олар мектеп аумағында болды! Бірақ мен айқайлаған жоқпын, ондай болмады.

Бұған ата-аналар директордың ақ футболкамен сап түзеген балалардың алдына пенжекпен тұрғаны түсірілген фотосуретті, ал Нәркез Маралқызы директордың мұғалімдер мен балаларға айғайлаған аудиожазбаны ұсынды.

Әрі қарай А.Оңғаралиева мұғалімдердің хатын дауыстап оқып, әр тармаққа тоқталып, тараптардың заң бойынша құқықтары мен міндеттерін түсіндірді. Басқа да бірнеше өзара шағым айтылды. Кездесу соңында Ә.Ибраеваға өз ұжымында татулық пен өзара түсіністік орнату ұсынылды.

– Мектеп директоры тарапынан этикалық нормаларды бұзу фактілері болғанын мойындаймыз. Яғни, ол бірінші басшы ретінде өзін лайықты ұстамады. Қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Байғанинқызы іссапардан келген соң сейсенбі күні комиссия құрылып, директорға қатысты тәртіптік шара қолданыла ма, жоқ па, шешілетін болады.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Автор мен ата-аналар түсірген суреттер 

1 қараша, 19:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.