Атырау, 21 желтоқсан 04:52
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Балаларға электрошокер қолданып, пышақпен қорқытқан»: Атыраудағы «Сармат» әскери мектебінде тексеру жүріп жатыр

115 просмотра
"АЖ" мұрағатынан

Атыраудағы «Сармат» мамандандырылған әскери мектебінде оқушылар мекеме қызметкерлерінің зорлық-зомбылық көрсеткенін мәлімдеді.

Оқушылардың айтуынша, оларды әлденеше рет ұрып-соғып, электрошокер қолданып, пышақпен қорқытқан. Бұл жағдай туралы жәбірленушілердің бірінің анасы Нұргүл ЕСПОСЫНОВА әлеуметтік желіде баяндап берді. Ол соңғы оқиғалардың бірі 4 желтоқсанда болғанын нақтылады. Сол күннен бері ұлының денесінде әлі күнге дейін соққы іздері қалып қойған.

- Жарақаттанған жерлерді байқаған соң, мұның қалай болғанын білу үшін оқу орнына келдім, бірақ директор да, мұғалім де болмады. Біраз уақыттан кейін баламның мектептен шығарылғанын білдім, – дейді ол.

Оның айтуынша, қазан айынан бастап баласының мектепке барғысы келмей жүргенін байқаған.

- Ата-аналарға «балаларыңызға мектепте қонуға болады» деген хабарлама келген еді. Бірақ балам қалғысы келмейтінін айтты. Ал оның мектептен шығарылуына келсек, ол «насыбай қолданған» деп хабарлады. Кейінірек үшінші тұлғалардан білгенімдей, насыбай баланың қалтасынан табылды деп отыр. Бірақ бұған куәгерлер жоқ. Мен бұл істің жиналыста қаралғанын білмедім, оның үстіне ата-аналардың қатысуынсыз жиналыста оны мектептен шығару туралы шешім қабылданған.

Өзінің кінәсіз екенін дәлелдеу үшін балам анализдер тапсырды. Ешқандай зат табылмағаны туралы қорытынды қолымызда. Бұл туралы сынып жетекшісіне де айттым. Бірақ баламды бәрібір оқудан шығарып жіберді. «Неге баланы оқудан шығарасыздар?» деп сұрағанда, жауап бермеді. Директордың іссапарда екенін айтты.

Қазір балам үйде оқусыз отыр, екі рет мектептен құжаттарды алып кетіңіз деп жазыпты. Бірақ мен құжаттарды алудан бас тарттым, себебі балам кінәлі емес.

Полицейлер мен білім беру басқармасына арыз жаздым, бірақ еш көмек болмады. Сосын амалсыздан «Analarga Komek Qoldaw» ҚБ жетекшісі Сандуғаш КУКЕНОВАҒА жүгіндім. Балаларым жақсы оқиды, тәртіптері жақсы. Егер балам шынымен тәртіпсіз болса, мектепке барып жүрмес едім.

Сондай-ақ, анасы мектепке оқитын балаларға электрошокер қолданылатын дәлелдерді ұсынды.

- Балама электрошокер қолданған, кеуде тұсынан ұрған, пышақ тигізген, ине шаншыған. Баламның денесінде пышақтың ізі әлі көрініп тұр, - дейді Нұргүл.

 Ал, наразы болған өзге ата-аналар мектепті жан-жақты тексеріп, кінәлілерді жазалауды талап етті.

«АЖ» түсініктеме алу үшін облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне жүгінді.

Олардың мәліметінше, Атырау облысындағы «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында мекеме мен ата-аналар арасында келісім жасалған.

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ

Атыраудағы “Сармат” мамандандырылған мектеп-лицей интернатында 236 оқушы білім алады. 39 мұғалім, 19 тәрбиеші қызмет етеді. Ата-аналармен арада өзара қол қойылған келісімі бар.

- Аталған оқушы мектепте бірнеше рет тәртіпсіздік жасаған. Ата-анасына ескертілген. Бала мектепішілік есепке алынған. 2024 жылдың қыркүйегінде бала тәртіпсіздік жасап, “ескертумен” мектепте қалдырылған. Желтоқсан айында тәртіпсіздік қайталанған соң ата-анасы шақырылады. Олар келмейді. Бала 9 желтоқсан күні педагогикалық кеңестің шешімімен мектептен шығарылады, - деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта ата-ананың арызы бойынша тергеу амалдары жүруде. Білім беру басқармасымен оқу-тәрбие процесінің ұйымдастырылуы бойынша зерделеу жұмыстары өтуде. Оқушыға психологиялық көмек көрсетіледі.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 00:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.