Атырау, 12 желтоқсан 01:05
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 516.93
€ 542.52
₽ 4.98

Апортты жаңғырту бағдарламасы қаралды

317 просмотра
Ашық дереккөзден алынған сурет

Қазақстанда ауыл шаруашылығы министрлігі мен ұлттық ауыл шаруашылығы ғылыми-білім беру орталығы апорт сортының алмаларын қайта жандандыру бағдарламасын жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2024-2028 жылдарға арналған апортты жандандыру бағдарламасын ауыл шаруашылығы министрлігі мен ұлттық ауыл шаруашылығы ғылыми-білім беру орталығы басқарады. Ғылыми және әдістемелік қолдау көрсетуді Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институты қамтамасыз етеді. Бағдарламаға жеке инвесторлар мен арнайы тәлімбақ шаруашылықтары да атсалысады.

Министрліктің мәліметінше, бағдарлама шеңберінде алма бақтарын толыққанды коммерциялық өндіріске шығару үшін қажет көшеттер өсіріледі. Алғашқы кезеңде, 2024 жылы, Сиверс алмасының тұқымдары жиналып, апортты өсірудің ұлттық стандарттарын жасау жобасы басталды. 2025 жылы Талғардағы институттың өңірлік филиалында 10 гектар алқапта көшеттер егіледі. Бұл жер тәлімбақ шаруашылықтары үшін аналық баққа айналады.
Келесі екі жылда 100 гектар алқапқа апорт алмасын егу үшін жеткілікті көшет өсіру жоспарланып отыр. Кейіннен апорт өндіру жеке бақ иелерінің арасында кеңейтіледі.

Институттың Талғардағы өкілі Сағи Солтанбековтың айтуынша, Қазақстанда апорт алмасын қайта жандандыру үшін қажет тарихи және селекциялық база бар.

"Ғалымдар апортты қайта жандандыру жұмыстарын 2011 жылы бастаған еді. Қазір Сиверс алмасының мыңнан астам түрі бар, оның ішінде ДНҚ талдауы нәтижесінде апорттың "қан-қызыл" сұрпын жасау үшін 11 түр іріктелді. Осы сұрыптар 2015 жылы сауықтырылып, 5 гектар жерге егілді. Апортты көбейту технологиясына патенттер алынды. 2015 жылы егілген эксперименттік бақ 2023 жылы алғашқы жемісін берді, жеке жемістің салмағы 300-500 граммға жетті. Биыл біз алты тонна қан-қызыл апорт жинадық", – деді ол.

Вице-премьер Серік Жұманғарин апортты жандандыру бағдарламасын, сонымен бірге қазақстандық алма сортын танымал етуді мақұлдады. Сондай-ақ аграрлық жоғары оқу орындарының студенттерін осы бағдарламаға қатыстыруды тапсырды. 

Айта кетейік, апорт – ерекше күтімді талап ететін алма сорты. Сапалы жемістер тек теңіз деңгейінен 850-1250 метр биіктіктегі бақтарда ғана өседі. Мұндай жерлер Алматы мен оның маңындағы облыстарда шектеулі. Басқа алма бақтары 4-6 жылда жеміс бере бастаса, апортқа 8-9 жыл қажет. Соған қарамастан, бұл қазақ алмасының сұрыптары жоғары сапасымен жергілікті тұрғындар арасында танымал, ал шетелдіктерді таңғалдырады.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысындағы алма бақтарына иелік ететін "Халықаралық клубтар қауымдастығы" ЖШС өкілдері президенттен қорғауды сұрап жүгінгенін жаздық. Олар прокуратура өздеріне тиесілі жерлердің меншік құқығын жарамсыз деп тануға әрекеттеніп жатқанын мәлімдеді. Шаруалар алматылық апортты өсіріп жатқанын және бұл жерді мақсатты пайдаланып отырғанын айтады. Прокуратура бұл жерлерде су қорларының барын алға тартып, оларды мемлекет меншігіне қайтару қажет деп санайды. Іс экономикалық сотқа жіберілген.

7 қараша, 11:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.