«Қызыл қанатты» шегірткелердің шабуылынан Индер ауданының шаруалары едәуір зиян шегіп қалды.
-Бізге 8 шілдеде келіп, қаптап кетті. Тіпті жаяу адамдар да, көліктер де жүрісінен жаңылды. Округке «Мағзом» ШҚ-нан дабыл түсіп, егінін қорғап қалу мақсатында шегірткеге қарсы дәрі сұрастырды. Қолымыздан келгенше көмектестік. Бірер күннен кейінгі соққан қатты жел шегірткеден құтқарды, басқа бағытқа ұшып кетті. Бірақ ауылдарда әлі бар, - деп баяндады Жарсуат округінің бас маманы Талғат ТАСҚАРИН.
Облыстық ауыл шаруашы-лығы басқармасының бастығы Сырым РЫСҚАЛИЕВТІҢ хабарлауынша, алаңдауға ешқандай себеп жоқ көрінеді:
-Мен тікұшақпен маңызды мәселеге орай аралап келгенмін. Аса бір қиындық туғызып жатқан жайды көрмедік. Сондықтан бұл дабыл қағатындай жағдай емес деп ойлаймын. Шегіртке жаппай келгенімен ол бір орында тұрмайды, ертеңгі күні көшіп кетіп қалады. Бұдан кім кімде аса көп зиян шекпейді. Бұл жағдай біздің бақылауымызға алынды.
ШАРУАЛАР ШАРАСЫЗ ҚАЛДЫ
-Көз көрсетпес қалың шегірткенің алғашқы легі 3-ші шілде күні келді. Миллиардтаған «қызыл қанаттылар» егінге жаудай тиіп, біразын отап үлгерді. Қара қарбыз, сәбіз, кеш пісетін қиярларды дым қалдырмады. Аудандағы аймақтық басқарма бөлімшесіне дабыл түсірдім. Бірақ бұл зиянкестен құтылудың жолы әлі табылмай отыр,-деп шағымданды «Масқар» ШҚ басшысы Райса НЫҒЫМЕТДИНОВА (суретте).
«Масқар» ШҚ биыл 8 гектарға бау-бақша, көкөніс дақылдарын еккен болатын. Оның 4 гектары әлден-ақ шегірткенің жеміне айналды. Мамандардың кеңесі бойынша егіншілер машина дөңгелектерін жағып, түтінмен шегірткені тұншықтырмақ болған. Биыл ғана егістік егуді қолға алған Болат АМАНҒАЛИЕВ зиянкеске қарсы Ресейдің «Каратэ» дәрісін пайдаланып, түгел жеп кетуден аман сақтап қалыпты.
1992 жылдан бастап егін салумен айналысатын көктоғайлық Абат ҚАМАШЕВ болса, шегірткеге байланысты өзінің Атырауда жүргенін айтты.
"АЖ" АНЫҚТАМАСЫ: Биыл облыстағы зиянкестерді жоюға республикалық бюджеттен 72 млн теңге бөлінді. Ол облыстағы 100 гектарға жуық үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеуге жұмсалған болатын.
-8 гектарға егіс еккенмен, биыл жағдай қиындап кетті ғой. Алдын-ала қолымыздан келгенше зиянкестерге қарсы түрлі дәрі-дәрмектерді қолданғанбыз, ал шегірткелер жаудай тигенде онымыз дым болмай қалды. Қызаңнан басқасын шегірткелер отауда. Картоптың үсті қаптаған шегіртке. Ауданға хабарластым, «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» ММ Индер ауданы филиалының маманы ғана келіп кетті. Ауданнан қайран болмағаннан кейін облыс орталығында жүрмін. «Фитосанитария» РМК облыстық филалы 32 мың теңгеге ақылы түрде улап береміз деді. Енді соны күтуім керек. Шегірткелер белгілі уақытта ұшып көшіп кетеді деген бос сөз, оны кім айтып отыр, шегіртке ешқайда ұшып кеткен жоқ, керісінше барған сайын қаптап келеді, егер дер кезінде уламасақ, еңбегіміздің зая кеткені -дейді А. Қамашев.
Ол «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы» АҚ-нан 1 млн 300 мың теңге қарыз түрінде тұқымдық қаржы алып, күзде 30 тонна жуа, 20 тонна сәбіз тапсыруы керек.
-Біз жағдайды жақсы біліп отырмыз. Ең болмағанда шығын көлемін есептеу үшін акт жасап, арнайы комиссия құруды көздеп отырмыз, -дейді Индер ауданының әкімі Серік АРЫСТАН.
АШМ АӨК-нің мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекция бастығыЖангелді РАХМЕТҚАЛИЕВКЕ бірнеше рет телефон соққанымызбен, сөйлесе алмадық.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА