Бүкіл ел бойынша ауыл әкімдерін сайлауға дайындық жұмыстары басталды. Сайлау 6 тамызға белгіленген.
Атырау облысы бойынша 72 әкім (тиісінше 72 округ бойынша) сайланбақ, олардың ішінде: аудандық маңыздағы бір қала әкімі (Құлсары қ.), төрт поселкелік, 57 селолық және он ауылдық әкімдер сайлануы тиіс.
11 шілдеде үміткерлерді ұсыну аяқталды. Барлығы біздің облысымыз бойынша 216 үміткер ұсынылды, оның 204-і – «Нұр Отан» партиясынан. Бір үміткер «Ауыл» партиясынан дауысқа түседі, қалғандары өздерінің қай партияда екенін көрсетпеуді жөн көрді.
Әкімдер төрт жыл мерзімге сайланады. Жергілікті бюджеттен сайлауды өткізуге 46 млн теңге шамасында қаржы бөлінген. Естеріңізге салсақ, ауыл әкімдерінің сайлануы – бұл өткен жылы президент бекіткен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасында жазылған жаңалық. Тұжырымда-ма ауыл әкімдерінің өкілдіктерін әжептәуір кеңейтуі тиіс.
Бірақ іс жүзінде не болады?
«Әкімдер сайлауы» деген атышулы атауына қарамастан, шын мәнісінде, ешқандай сайлау болмайды. Халық ешкімді сайлай алмайды. Біріншіден, бекітілген ережелерге сәйкес, үміткерлерді аудан әкімдері ұсынатын болады. Екіншіден, сайлаулар тікелей емес, жанама түрде өтеді - әкімдерді мәслихат депутаттары сайламақ.
Осылайша, бюллетеньдер мен құпия дауыс берудің бүкіл белгілері бола тұра, сайлаушылар сайлауға еш қатыса алмайды.
Ауыл әкімдерінің өкілеттігін кеңейтуге келер болсақ, бұл да үлкен мәселе. Өйткені, билік – бұл ең алдымен бюджет қаржысын жұмсау мүмкіндігі. Алайда төменгі деңгейдегі әкімдердің өз бюджеттері жоқ және бұрынғыша алақандарын жайып, жоғары жаққа қарайтын болады. Нәтижесінде, бүкіл күштің, ақша мен уақыттың жұмсалғандығына қарамастан, пайдалы әсер коэффициенті нөлге тең болмақ.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА