Фотосурет © www.flickr.com/photos/karimmassimov/Қырғызстандағы Қазақстан елшілігі қырғыздар тарапынан 7 шілдеде Таласс облысының тұрғындары жауып тастаған трансшекаралық «Быстроток» каналын ашуға шақырады, деп хабарлайды ҚырТАГ агенттігі.
«2013 жылы 7 шілдеде Қырғызстанның Таласс облысы Қара-Бура ауданының Қайнар селосының тұрғындары трансшекаралық «Быстроток» каналын жауып тастады. Трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану жөнінде бұрындары қол жеткізілген келісімдерге және жалпыға ортақ халықаралық нормаларға қайшы келетін осы әрекеттер салдарынан Жамбыл облысының Жуалы ауданының және өзеннің төменгі жағында орналасқан қырғыз ауылдарының да тұрғындары сусыз қалып отыр», - делінген елшілік баспасөз қызметі сейсенбі күні таратқан хабарда. Хабарда айтылғандай, аталған оқиғаның алғашқы күнінен бастап елшілік ҚР сыртқы істер министрлігіне хабар беріп, Қырғызстан үкімет басшылары және басқа да меморган өкілдерімен келіссөздер жүргізуде.
«Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшілігі мемлекетаралық «Быстоток» су каналының төңірегінде қалыптасқан жағдай Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы 1997 жылғы 8 сәуірдегі мәңгі достық туралы, сондай-ақ екі ел арасындағы одақтастық қарым-қатынас туралы 2003 жылғы 25 желтоқсандағы келісім рухына сай келмейді», - деп көрсетілген мәлімдемеде.
Қазақстан дипломатиялық өкілдігі қырғыздар тарапын «Быстроток» каналын шұғыл ашу шараларын қарастыруға және келешекте қазақ-қырғыз мемлекеттік шекара маңындағы мемлекетаралық каналды пайдалану тәртібін біржақты түрде өзгертуге жол бермеуге шақырады.
Еске салсақ, Қара-Бура ауданының тұрғындары 7 шілдеде Қазақстанға қарай ағатын «Быстроток» каналын жауып тастады. Тұрғындар Қазақстанмен арадағы 2001 жылы жасалып, 2008 жылы Қырғызстан парламентімен бекітіліп кеткен келісімнің күшін жойып, шекараны бұрынғысынша қалдыруды талап етуде. Ол құжат бойынша «Үлкен сына» деп аталатын қырғыздардың фермерлері мал жаятын жер телімі Қазақстанға өткен.
8 шілдеде тұрғындармен ҚР вице-премьері Токон Мамытов кездесіп, даулы учаскелер туралы мәселе келіссөздер арқылы шешілетінін, ал келісім бойынша Қазақстанға өткен жер сол қазақстандық тарапқа тиесілі болады деп атап өткен.
«Быстроток» каналының суы Жамбыл облысындағы 4 мың га жерді суғаруға пайдаланылатын.
Дереккөз: ҚазТАГ