Атырау, 22 қараша 08:05
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

«Атырау - Астрахань» екінші категориялы жолға айналады

1 622 просмотра

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК жергілікті журналистер үшін «Сапа керуені» баспасөз турын ұйымдастырды. 

«Атырау-Астрахань» халықаралық тас жолы құрылысының сапасы бес деңгейлі бақылаудан өткен. Жол уақытылы күтіп ұсталса, 15 жылға дейін шыдайды, - деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Болатбек АЙТБАЕВ.

Пресс турға қатысқан өңір журналистері алдымен орталық филиалының заманауи ғимараты және жол зертханасының жұмысымен танысты. Мекеме құрылған бес жыл ішінде Атырау облысындағы 484 нысанға инспекциялық бақылау жүргізген. Зертханада жол құрылысына пайдаланылып жатқан материалдардан 10 мыңға жуық сынама алынып, сараптамадан өткізген.

Ал, жоба басталғалы бері «Атырау-Астрахань» республикалық жолына филиал инженерлері 453 рет тексеріске шығып, құрылыс материалдарынан 1826 сынама алған. Жол зертханасында сараптамадан өткен сынаманың 161 (9%)-і нормативтік талаптарға сәйкес келмеген, сонымен қатар 116 ақау анықталып, оның 74%-ы жойылған. Тексеріс қорытындысымен 158,7 млн теңгенің жұмысы мердігер мекемелер есебінен қайта жасалыпты. 

Баспасөз туры ұзындығы 277 шақырым «Атырау-Астрахань» тас жолында жалғасты. Өңір журналистері халықаралық дәліздің қазіргі ахуалымен танысты. 

Жыр болған жолдың құрылыс жұмыстары да аяқтала келді. Жақында ғана 80 шақырымы ашылған еді. Енді  жыл соңына дейін толық пайдалануға беріледі.

Айта кетейік, ЖАСҚО бас директоры Болатбек Айтбаев 2022-2024 жылдың ақпаны аралығында аталған жолға тапсырыс беруші «ҚазАвтожол» ҰК АҚ Атырау филиалын басқарды. Сондықтан, бұл жолдағы күрделі мәселелер оған  бес саусағындай таныс. Әлемдік пандемия, құрылыс материалдары бағасының шектен тыс қымбаттауы мен сырттан тасымалдауы кезіндегі қаражат тапшылығы және темір жол вагондарының жетіспеушілігі құрылыс жұмыстарын біраз тұралатты. 

- Бұл жол алты учаскеге  бөлініп салынды. Жыл сайын кезең кезеңімен көлік қозғалысына беріліп жатыр. Жақында 80 шақырымы ашылды. Енді желтоқсанға дейін қалған 132 шақырымын толықтай пайдалануға беру көзделіп отыр. Ал, Атырау қаласынан шыға берістегі облыстық маңызға ие 5 шақырым жолдың құрылысы келесі жылдың еншісінде. Бұл ені 9 метрлік жол 14 метрге дейін кеңейіп, бірінші категориялы жолға айналады ,-деді Б. Айтбаев.    

БАҚ өкілдері мердігерлер «Ақжол» жол-құрылыс компаниясы мен «СинеМидасСтрой» бірлескен кәсіпорнының өндірістік базасында және Құрманғазы маңындағы «ҚазАвтожол» ҰҚ АОФ қарасты жол пайдалану бекетінің жұмысымен танысты. 

Жолшылар алғашқы аяз түскенге дейін қалған 132 шақырым жолдың беткі қабатын төсейміз деп отыр.  Бұрын ІІІ категориялы болған жол қазір ІІ-категорияға ауысып, ені 9 метрге жеткен. 

Тақтайдай тегіс жолда 6 автомобиль көпірі, 60 су өткізу құбыры салынып, 1500 жарық бағаны орнатылған. Жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Енді 2 мыңнан астам жол белгісі орнатылады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК ұсынған суреттер

21 қазан, 13:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.