Атырауда облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын кең аудиторияға жеткізуге арналған жаңа жобаның тұсауы кесілді.
«Атырау толқындары» деп аталатын жобаның басты мақсаты – жас ұрпақты кітап оқуға ынталандыру, әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ, алыс-жақын шетелдердегі қандастарға қазақ әдебиетінің бай мұрасын қолжетімді ету болды. Жоба аясында жергілікті авторлардың шығармалары «Букмейт» технологиялық платформасына орналастырылып, оқырмандарға аудио нұсқасы жасалған.
Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының төрағасы Әлия Дәулетбаева атап өткендей, «Яндекс кітап» қосымшасын жүктеу арқылы 2024 жылға жоспарланған 30 кітаптың алғашқы 15-ін таңдап, оқуға болады.
Бұл жоба – қазақ әдебиетінің шекарасын кеңейтіп, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында маңызды қадамдардың бірі болмақ.
- Жас ұрпақ пен шетелдегі қазақ тілді қауымның рухани азық алып, әдебиет арқылы мәдениетімізге жақындай түсуі үшін бұл жоба тиімді әрі заманауи шешім ретінде ұсынылуда, - дейді Ә.Дәулетбаева.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, қазақтың бай әдеби мұрасын цифрлық кеңістікте қолжетімді ету, жаңа оқырмандарын табуға серпін бермек.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Облыстық мәдениет басқармасының баспасөз қызметі ұсынған суреттер