Атырау, 22 желтоқсан 18:26
 бұлттыВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Атыраудағы жаңа тұрғын үй кешенінің тұрғындары наразылық білдірді

Сурет Бейнежазба
1 432 просмотра

Нұрсая ықшамауданындағы “New city” тұрғын-үй кешенінің тұрғындары бір жылдай уақыттан бері қара судың зардабын тартып келеді. 

Үш мыңнан аса тұрғыны бар ТҮК тұрғындары екі күннің бірінде тіршілік нәрінен мүлдем ажырап қалады. Осылай жалғасып келе жатқанына  бір жылдай уақыт болған. Ал соңғы күндері үйлерінде су мүлдем тоқтап қалған. Ашынған жұрт жиналып, биліктен су мәселесін тез арада шешіп беруді талап етті.

- Өзім көпбалалы анамын. Балалардың жуынатыны бар, қарапайым әжетханаға барудың өзі қиындап кетті. Таңертең жұмысқа бара жатқанда да су болмайды, түсқайта жұмыстан келсек те су жоқ, кешке тағы сол мәселе. Дүкеннен 5 литр су сатып алуға мәжбүрміз, - дейді тұрғын Фариза Кариева.

Тұрғындардың айтуынша, 2021 жылы берілген үйдің су-сорғы станциясы істен шыққан. Бұл жердегі үш құрылғының екеуі жарамсыз қалған. Жасап тұрған жалғыз насос қатты қысымға төтеп бере алмай, жарылып кете береді.

- Салқын су да, ыстық су  да бір уақытты тоқтап қалады. Әсіресе кешкілік уақытта, жұмыстан келгенде сусыз қаламыз. Су тек үйде емес, үйдің жанындағы балабақшада да үнемі су тоқтап қалады. Түсқайта баланы кері алып кетуге тура келеді. 10 айдан бері бұл мәселенің шешілетін түрі жоқ. Әкімдікке тұрғындар атынан арызды да жаздық, бірақ шешімін таппай келеді,- дейді New city тұрғыны Зарина Сариманова.

“New city” тұрғын үй кешенінің су желісі қалалық әкімдіктің теңгерімінде. Су желісін жүргізген мердігер мекемемен қазіргі таңда келісім шарт бұзылған.

Халық су желісін “Атырау облысы су арнасы” мекемесіне тапсыруды сұрайды. Ал жауатылардың айтуынша аталған тұрғын үй кешенінің кейбір блоктарының құрылысы аяқталмағандықтан, ауыстыру мүмкін емес. Ал басқа мекемені таңдайын десе, апатты жағдайдағы су сорғыны ешкім қабылдағысы келмейді.

Әкімдіктің мәліметінше, аталмыш тұрғын үй кешенінің су қысымын көтеретін үш насосының екеуі жаз мезгілінде жер асты суы көтерілуі салдарынан істен шыққан. Жақын арада істен шыққан 2 насос қалпына келтіріліп, монтаждалған уақытта гидро соққы орын алып, қайта бұзылған.

- Қазір жалғыз насос жұмыс істеп тұрғандықтан гидросоққының салдарынан қайта қайта істен шығып, апаттық жағдай орын алып отыр. Гидросоққыны болдырмайтын арнайы блоктар болады, қазір оны қаладан екі жерден тауып, аталған тұрғын үй кешеніне орнатуға жұмыстанып жатырмыз, - деп жауап берді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Нұрболат БУЛЕКОВ.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

19 қазан, 22:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.