Атырауда жылу беру маусымының басталғанына бірнеше күн болса да кейбір көпқабатты үй тұрғындары әлі жылусыз отырғанын айтып шағымдануда.
- Жерұйық ықшамауданындағы 17/1, 17/2, 17/3, 17/4, 17/5 үйлерге әлі жылу берілмеді, күн райы болса жауын-шашын, үй суып кетті. Үйде зейнеткер, балалар бар. Апаттық жағдайдың алдын алу үшін неге ертерек қамданбаған, - деп шағымдануда Жерұйық тұрғындары.
Бүгін таңертеңнен бері әкімдік телеграм каналына да Береке, Балықшы, Нұрсая ықшамаудандары тұрғындарынан жылуға байланысты бірнеше сауал түскен.
Атырау қалалық ТКШ және тұрғын үй инспекциясының бас маманы Элдар
ҚАРИПОЛЛАЕВТЫҢ мәліметінше қаладағы 1033 көпқабатты үйдің барлығына жылу берілген.
- Кейбір үйлерде апаттық жағдайға байланысты жылу уақытша тоқтатылып, бригадалар жөндеу жұмыстары жүргізіп жатыр. Мысалы Балықшы ықшамауданындағы 20 үйдің 5 қабатында жылу қосылған кезде пәтер ішінен тұрба жарылып, апаттық жағдайға байланысты жылу тоқтатылды. Дәл қазіргі уақытта қаладағы 15 көпқабатты үйде осындай апаттық жағдайлар орын алып, қалпына келтіру жұмыстары жүруде, - деді әкімдіктен.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ