«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов CNPC компаниясының Орталық Азия және Ресей бойынша бас директоры Чэнь Хуайлунмен кездесті, деп хабарлайды ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
ҚМГ басшысы қытай компаниясының бұрынғы басшылығына екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға қосқан көпжылғы үлесі үшін алғыс айтып, CNPC-дің өңірдегі жаңа бас директорына ілтипат білдірді.
Кездесу барысында мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтың басты бағыттары, атап айтқанда геологиялық барлау, мұнай-газ химиясы, мұнай өңдеу және тасымалдау мәселелері талқыланды. CNPC Қазақстанның стратегиялық серіктестерінің бірі болып табылады. Тараптар ортақ жобаларды табысты жүзеге асыруды жалғастыруға сенім білдірді.
Осыған дейін ҚМГ мен CNPC ШЫҰ саммиті барысында мұнай-газ саласында стратегиялық ынтымақтастықты тереңдету бойынша негіздемелік келісімге қол қойған болатын.
Одан бөлек мұнай-газ кен орындарын барлау және игеру технологиялары бойынша тәжірибе алмасу үшін Қазақстан-Қытай техникалық семинарларын өткізу жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді. Биыл аталған семинар Қызылорда қаласында өтеді деп жоспарланған.