Атырау, 24 қараша 22:57
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​«Шөп екі есеге қымбаттады»: Құрманғазы ауданының шаруалары алаңдаулы

1 299 просмотра

Құрманғазы ауданы Азғыр өңірінде (Асан, Сүйіндік, Азғыр округтері) мал азығын дайындау күрделі күйінде қалған. Өңір жұртшылығы қуаңшылыққа байланысты жем-шөпті бірнеше есе бағаға сатып алуға мәжбүр.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, кадастрлық картада өңірде жайылымдық жер болғанымен шабындық жер жоқ көрінеді. Сол себептен 90-100 шақырымдағы Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданынан дайындап алуға мәжбүр екен. Биыл Бөкей ордасы жерінде жауын-шашынның болмауынан төтенше жағдай жарияланған болатын.

- Сол себептен көрші ауданнан жеткілікті мал азығын дайындау мүмкін емес. Бұрын бір орам шөп 7-8 мың теңге тұрса, бүгінде 12 мың теңгеге шарықтаған. Бұл бағаға амал жоқтықтан шөп сатып алуға мәжбүрміз. Қыстан қалай шығамыз, білмейміз. Қымбат шөпті екінің бірі сатып ала алмайды, сонда қайтпекпіз, - дейді "АЖ" редакциясына хабарласқан азғырлықтар.

Шаруалардың жан айқайы облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВКЕ жетіп, осыған орай облыс әкімінің орынбасары Марат МУРЗИЕВ бастаған сала ардагерлері Азғыр өңіріне келіп жағдайды анықтауға жұмыстанған болатын. Осы топ 8 қазанда Сүйіндік ауылында шаруагерлердің басын қосып, осы мәселені талқыға салған еді.

- Осы жиында облыс әкімінің орынбасары М. Мурзиев жағдайдың күрделі екенін айта келіп, осы өңірде төтенше жағдай жариялануы мүмкін деген болатын. Округ әкімдеріне әр үйге кіріп, қанша мал азығы қажет екенін, арзандатылған шөпке сұраныс керектігі жөнінде нақты тапсырма берілді. Егер де ТЖ жарияланса, онда мал азығын тасымалдау құны бюджеттен өтеліп, онда шөп орамдары арзанға түсетіні анық, - дейді аудандық Мәслихаттың депутаты Мансур ҚУАНЫШАЛИЕВ.

Құрманғазы ауданының кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі басшысының м.а. Асқар МУФТАХТЫҢ айтуынша, биыл ірі сабақты шөп дайындаған шаруа қожалықтарына үкіметтен субсидия бөлінетін болып шешіліпті. Өткен жылы аудан бойынша 51 шаруа қожылығына 209 млн теңге субсидия берілген. 

"АЖ" "ауданда төтенше жағдай жариялана ма?" деген сұрақпен М. Мурзиевке шыққан еді. Кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Амангелді САЛАМАТТАН мына тұрғыда жауап келді.

- Азғыр өңірі бойынша мал азығын дайындау науқаны жалғасуда. Қазіргі таңда Құрманғазы ауданы әкімдігі тарапынан өңірдегі ауылдық округ әкімдерімен жеке тұрғындарға қажет ететін мал азығына күнделікті мониторинг жүргізіліп отыр. Аудан әкімдігінің ақпаратына сәйкес, мониторинг нәтижесінде қажеттілік апта сайын өзгеріп, төмендеп келеді. Осы бағытта аудан әкімдігі тарапынан арнайы зерделеу комиссиясы құрылып, өз жұмысын жасауда. Кезекті комиссия отырысы 17 қазанға жоспарланып отыр. Содан кейін төтенше жағдай жариялана ма, сонда белгілі болады.

Азғыр өңірінде 153 (Сүйіндік округінде-59, Азғырда-56, Асанда-38) шаруа қожалығы бар. Оларда 13914 ірі қара, 45 мың қой, 14 мың жылқы, 285 түйе бар. Жалпы осы өңір шаруаларына 69285 тонна мал азығы керек. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, күні бүгінде 55428 тонна жем-шөп дайындалған.

- Бұл өңірде шабындық жоқ деп айта алмаймыз, рас, картада көрсетілмегенмен жайылымдық жерден шөп дайындауға болады. Күні бүгінде дайындалған мал азығының 20-25 пайызы Бөкей ордасынан алынса, қалғаны осы жерден қамтылып отыр. 17 пішен бригадасы жұмыс жасап жатыр, күн суытқанша бұл науқан толастамайды, - дейді А. Муфтах. - Қажетті 1020 орам шөп керек екен, Сүйіндікке 40, Азғырға 60, Асанға 400 орам. Оған мүмкіндік бар, Қиғаш өңірінде 2000 орам бар. Әрине, жол қашық...

Шөп пен жем бағасының күрт өсуі тұрғындарды әуре-сарсаңға салып отырғанын шаруалар жасырмайды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

17 қазан, 13:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.